Жаңаша серпін береді
Президенттің Жарлығын аса қуанышпен қабылдадық. Оның бірнеше себебі бар. 2003 жылдан бастап Ұлттық ғылым академиясының қаржылық-материалдық жағдайы күрт төмендеп кетті. Қаржы тұрақты түрде бөлінген жоқ. Қолдау аз болды. Соның салдарынан Ғылым академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттары бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарады. Қысқасы, Ұлттық ғылым академиясының атауы сол қалпында қалғанымен, қоғамдық бірлестікке айналды.
Былтыр ел Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде академияға мемлекеттік мәртебе беру туралы айтты. Бұған дейін академияның мәртебесі айқындалмай келген еді. Енді, міне, сол айтқан уәде орындалды. Президент Жарлығы отандық ғылымға жаңаша серпін береді. Біріншіден, осыған дейін қордаланып қалған проблемалар шешіледі. Екіншіден, академияның қаржылық жағдайы жақсарады. Әйтпесе, қазір академияда он беске жуық қызметкер ғана бар, олар бүгінге дейін ұтып алған ғылыми жобаларымен ғана тіршілік етіп келді. Президент академияны өзінің қарауына алғаннан кейін осының бәрі шешіледі деп ойлаймын.
Еліміздің дамуында Ұлттық ғылым академиясының орны өте зор. Академияда мықты, талантты ғалымдар шоғыры қалыптасқан. Президент бастаған реформаның орнықты іске асуына ғалымдардың тигізіп жатқан ықпалы мол. Кейінгі жылдары ғылым мен білім саласында көптеген оң өзгеріс бастау алды. Мысалы, бұрын ғылыми конкурстар үш жылда бір рет болса, қазір бір жылда екі-үш рет өтеді. Ғылымға келген жастарға да қолдау қомақты. 2025 жылға дейін мемлекетіміздің ғылымға бөлінген қаржысы ішкі жалпы өнімнің бір пайызын құрайды. Мәселен, 2017 жылы ол 0,12 пайызға ғана тең еді.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығы бәріміздің көңілімізден шықты. Енді академия негізгі қызметтерінің қатарында әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөнінде ұсынымдарды әзірлейді.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі