Саясат • 30 Наурыз, 2023

«Ақ жолдың» ұстанымы

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзін біз қолдаймыз. Әсіресе «Ақ жол» фракциясы туралы айтқан сөздері өте орынды. Шын мәнінде, «Ақ жол» партиясының шағын және орта бизнес пен отандық өндірушілерді қорғауға арналған ұсыныстары жеткілікті.

«Ақ жолдың» ұстанымы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Президент әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалып­тас­тыру керектігін тағы да сөз етті. Бұл тапсырмаларды «Ақ жол» партиясы қабылдады. 2012 жылдан бастап біз Үкі­мет­ке сараланған салық мөл­шер­лемесін енгізуді табанды түрде ұсынып келеміз. Дәл осындай талап «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында да бар. Біз 12 жылдан бері әр саланың ерекшелігін ескеретін салық мөлшерлемелерін ен­гізуді талап етіп келдік. Қазір елде сүт өндірушілер, құры­лыс­шылар, бөлшек сауда желі­лері және ірі тауар алпауыт­тары бірдей қосымша құн салы­ғын және корпоративтік табыс салығы мөлшерлемелерін тө­лейді. Бірақ мемлекет мұнай, газ және металл экспорттаушыларына ҚҚС-ті қайтарады, ал барлық отбасы қарыз болып отырған банктер бұл салықты мүлдем төлемейді. Яғни байлар аз, ал әрең күнелтіп жүргендер – өздері үшін және байлар үшін төлейді.

Президент Қ.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жол­дауында жаңа Салық кодек­сін әзірлеу және сара­ланған мөлшерлемелерді енгізу туралы тікелей тапсырма берді. Осылайша, Прези­дент­тің бұл тапсырмасы он жылға созылған дауға нүкте қойды, мұны парасаттылық пен Пар­ламенттегі фракциямыздың күш-жігерінің жеңісі деп баға­лауға болады. Біз бұл жұмыс­ты нақты іске асқанынша жалғас­ты­рамыз.

Мемлекет басшысы Үкі­метті жеңіске жеткен партия жасақ­тай­ды, жауапкершілік те сол партияға жүктеледі деп атап өтті. «Ақ жол» демпартия­сы Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы ке­ректігінін бірнеше рет ұсы­нып келеміз. Бұл билік тармақтарын бөлу функциясы, тежемелік пен тепе-теңдік балансы, мұнда Парламент пен мәслихаттар түріндегі өкілді органдар ма­ңызды рөл атқаруға тиіс. Үкі­метті сайлауда жеңіске жет­кен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз Үкі­метінің жетістіктері мен кем­ші­ліктеріне де жауапты болады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтегі және аймақ­тар­дағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн деді. Осы орайда «Ақ жол» Конституциялық реформаны одан әрі дамыту және тереңдету туралы Ұсыныс пакетін дайын­дады. Негізі Мемлекет басшы­сының: «Болашақта тек көп­шілік дауысқа ие болған саяси күштердің ғана емес, басқа да пар­ламенттік партиялардың өкіл­дері Үкіметке келе алады» деген бастамасының маңызы зор. «Ақ жол» фракциясы болса дәл осындай ұсынысты 2012 жылы «Парламенттік оппозиция туралы» заң аясында ұсынған болатын. Аталған заң Президенттің тікелей нұс­қауымен сегіз жылдан кейін ғана қабылданып, тіпті сол кезде де Үкімет бұл норманы өткізбей қойған болатын. Бірақ демократиялық қоғамда кез келген билік партиясы ерте ме, кеш пе билікті береді. Бұл – аксиома, бұл – шындық.

Сондықтан оппозицияда Үкіметте практикалық жұмыс тәжірибесі бар дайын кадрлар болуы керек. Парламенттегі депутат саны аз азшылық партияларына өздерінің кадрлық резервін дайындауға және осы мақсатта Үкіметке өз өкілдерін жіберуге мүмкіндік беру керек.

«Ақ жолдың» негізгі ба­ғыты қазіргі кезде Президент Тоқаевтың реформаларымен үйлесім тауып отыр. Яғни шағын және орта бизнесті қолдау. Соның ішінде назарымыз – орта бизнесте. Өйткені шағын бизнес көбінесе сауда мен қызмет саласын қамтиды. Ал өндіріс саласы, яғни отандық өндірушілер олар орта бизнестен бастайды. Шағын және орта бизнесті қолдау бұл бір тармақ болса, орта бизнесті, яғни отандық өндірушілерімізді қолдау оның ішкі тармағы болмақ.

Сонымен бірге монополиясыздандыру бағытына да қазіргі кезде аса ерекше назар аударамыз. Мәжілістегі өзіміздің жұмысымызды осы бағытқа арнаймыз.

 

Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы