Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Президент әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керектігін тағы да сөз етті. Бұл тапсырмаларды «Ақ жол» партиясы қабылдады. 2012 жылдан бастап біз Үкіметке сараланған салық мөлшерлемесін енгізуді табанды түрде ұсынып келеміз. Дәл осындай талап «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында да бар. Біз 12 жылдан бері әр саланың ерекшелігін ескеретін салық мөлшерлемелерін енгізуді талап етіп келдік. Қазір елде сүт өндірушілер, құрылысшылар, бөлшек сауда желілері және ірі тауар алпауыттары бірдей қосымша құн салығын және корпоративтік табыс салығы мөлшерлемелерін төлейді. Бірақ мемлекет мұнай, газ және металл экспорттаушыларына ҚҚС-ті қайтарады, ал барлық отбасы қарыз болып отырған банктер бұл салықты мүлдем төлемейді. Яғни байлар аз, ал әрең күнелтіп жүргендер – өздері үшін және байлар үшін төлейді.
Президент Қ.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеу және сараланған мөлшерлемелерді енгізу туралы тікелей тапсырма берді. Осылайша, Президенттің бұл тапсырмасы он жылға созылған дауға нүкте қойды, мұны парасаттылық пен Парламенттегі фракциямыздың күш-жігерінің жеңісі деп бағалауға болады. Біз бұл жұмысты нақты іске асқанынша жалғастырамыз.
Мемлекет басшысы Үкіметті жеңіске жеткен партия жасақтайды, жауапкершілік те сол партияға жүктеледі деп атап өтті. «Ақ жол» демпартиясы Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керектігінін бірнеше рет ұсынып келеміз. Бұл билік тармақтарын бөлу функциясы, тежемелік пен тепе-теңдік балансы, мұнда Парламент пен мәслихаттар түріндегі өкілді органдар маңызды рөл атқаруға тиіс. Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз Үкіметінің жетістіктері мен кемшіліктеріне де жауапты болады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн деді. Осы орайда «Ақ жол» Конституциялық реформаны одан әрі дамыту және тереңдету туралы Ұсыныс пакетін дайындады. Негізі Мемлекет басшысының: «Болашақта тек көпшілік дауысқа ие болған саяси күштердің ғана емес, басқа да парламенттік партиялардың өкілдері Үкіметке келе алады» деген бастамасының маңызы зор. «Ақ жол» фракциясы болса дәл осындай ұсынысты 2012 жылы «Парламенттік оппозиция туралы» заң аясында ұсынған болатын. Аталған заң Президенттің тікелей нұсқауымен сегіз жылдан кейін ғана қабылданып, тіпті сол кезде де Үкімет бұл норманы өткізбей қойған болатын. Бірақ демократиялық қоғамда кез келген билік партиясы ерте ме, кеш пе билікті береді. Бұл – аксиома, бұл – шындық.
Сондықтан оппозицияда Үкіметте практикалық жұмыс тәжірибесі бар дайын кадрлар болуы керек. Парламенттегі депутат саны аз азшылық партияларына өздерінің кадрлық резервін дайындауға және осы мақсатта Үкіметке өз өкілдерін жіберуге мүмкіндік беру керек.
«Ақ жолдың» негізгі бағыты қазіргі кезде Президент Тоқаевтың реформаларымен үйлесім тауып отыр. Яғни шағын және орта бизнесті қолдау. Соның ішінде назарымыз – орта бизнесте. Өйткені шағын бизнес көбінесе сауда мен қызмет саласын қамтиды. Ал өндіріс саласы, яғни отандық өндірушілер олар орта бизнестен бастайды. Шағын және орта бизнесті қолдау бұл бір тармақ болса, орта бизнесті, яғни отандық өндірушілерімізді қолдау оның ішкі тармағы болмақ.
Сонымен бірге монополиясыздандыру бағытына да қазіргі кезде аса ерекше назар аударамыз. Мәжілістегі өзіміздің жұмысымызды осы бағытқа арнаймыз.
Азат ПЕРУАШЕВ,
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы