Төтенше жағдай • 21 Шілде, 2024

Қарағандыда ферроқорытпа зауытында апат болды: 8 жұмысшы ауыр хәлде ауруханаға түсті

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған төтенше жағдайға қатысты жаңа мәлімет белгілі болды. Зауытта пештен жалын атқылап, салдарынан жұмысшылар зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда ферроқорытпа зауытында апат болды: 8 жұмысшы ауыр хәлде ауруханаға түсті

Қарағандыда ферроқорытпа зауытының 8 жұмысшысын жалын шарпып, ауыр хәлде ауруханаға түсті. Басым көпшілігінің жағдайы тым ауыр. Қазір зауытта жұмыс уақытша тоқтатылды.

Апат кеше таңғы 04:00-дің шамасында орын алды. Пештен жалын атқылаған сәтте жұмысшылар қашып үлгермеген. 8 адам түрлі дене жарақатын алған. Барлығы жедел ауруханаға жеткізілді

Қазіргі таңда 8 жұмыскердің 6-уы аса ауыр хәлде жан сақтау бөлімінде жатыр. Ата-аналары жандарын шүберекке түйіп, аурухананы айналшықтап жүр. Ал, дәрігерлердің айтуынша, тиісті көмектің барлығы көрсетілген, тіпті Астанадан білікті мамандар келген.

- Бүкіл науқасқа керек көмек барлығы жасалды. Зерттеудің бәрі, керек мамандардың бәрі қарап шықты. Астанадан ғылыми зерттеу институтынан бас травматолог келіп, науқастарды қарап, емдеу шараларына қажетті өзгерістер енгізді, - деді Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Төлеубаев.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті.

Ал, жұмыс беруші YDD Corporation №1 пештен кенеттен жалын шыққанын айтып, әлеуметтік желіде жазбаша мәлімдеме жасады.

- 2024 жылдың 20 шілдесінде таңғы сағат 04:10 YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. № 1 пештен кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Қазіргі уақытта зардап шеккен жұмыскерлердің барлығы ауруханаға жеткізіліп, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Компания зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуде және аурухананың медициналық қызметкерлерімен үнемі байланыста, - делінген "YDD Corporation" баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еңбек инспекциясы да іске кірісті. Арнайы комиссия құрып, тексеруді бастап кетті.