Заң • 30 Наурыз, 2023

Заң саласына түбегейлі өзгеріс қажет

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру керектігін баса айтты.

Заң саласына түбегейлі өзгеріс қажет

Адам құқығын қорғау мәсе­ле­сі еліміз ел болғалы, тәуел­сіздік алғалы айтылып келе жатыр. Бірақ бұрынғы жүйеде, ескі Қазақстанда көп өзгеріс болмады. Қазіргі жағдайда елімізде заңның дағдарысы шарықтау шегінде тұр. Сондықтан дәл қазір бізге нақты қадам, түбегейлі өзге­ріс керек.

Біз қолданып жүрген кез кел­ген заң – жер қатынастарын, құ­рылыс саласын реттейтін, са­лықты реттейтін, қылмыстық, азаматтық заңдар – бұлардың қай-қайсысын алып қарасақ та кемшіліктер бар. Заңның бір бабы екінші бабына қарсы келіп жатады немесе бір заңның бір нормасы екінші нормаға қайшы. Оны кешегі сөзінде Президент те айтты. «Заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы. Конституциялық соттың шешім­дері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр», деді. Шын мәнінде солай.

Заң саласында жүргеніме 30 жылға таяды. Сол уақыт ішін­де байқағаным, біздің заң­дар­дың көбі дамыған батыс елдері – Франция, Германия, Ұлыбритания сияқты мемлекеттерден көшіріліп алынған. Әрине, ол заң жақсы шығар, оған дауым жоқ. Бірақ ол заң біздің дәстүрімізге, салт-санамызға, ой-өрісімізге, менталитетімізге, ең аяғы біздің әлеуметтік жағ­дайымыз бен тұрмыс-тірші­лі­гімізге сәйкес келмей жатады. Шынын айтқанда, біз ол заңмен жүретіндей деңгейге жете қойған жоқпыз. Батыс үшін жақсы заң бізге оғаш, орашолақ заңға айналып, өмірімізді жақсартудың орнына, қиындататын құралға айналған.

Тағы бір мәселе бар. Әдетте заңның орындалуын оған сәй­кес ережелер, нұсқаулықтар, Үкімет қаулылары, санитарлық, құрылыс секілді толып жатқан нормалар, құқықтық актілер реттеп отырады. Бірақ біздің құрылыс, санитарлық-эпидемиялық сала­лардағы норманың барлығы дер­лік кеңестік ескі жүйеден келе жатқан нормалар. Менің пайымдауымша, 90 пайыздайы солай. Тек тақырыбы өзгерген.

Алайда уақыт бір орында тұр­майды. Біз қазір мүлдем жаңа заманда, технология кезе­ңінде өмір сүріп жатырмыз. Заң­дарымыз өзімізден озып кет­кен, ал бұл заңдарды жүзеге асыратын құқықтық актілеріміз көне заманда қалып қойған. Сол себепті қоғамда, заң саласында қайшылық, түсінбестік жиі туындайды. Айналып келгенде заңдарымыз бен құқықтық акті­ле­ріміз халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсартып, экономиканы түзеп, жағдайымызды же­ңілдетудің орнына одан сайын қиындатып жіберген.

Еліміздегі заң шығару орын­дарының, Үкіметтің, билік орын­дарының ең алдымен айна­лысатын мәселесі – осы олқы­лықты жою.

Президентіміздің Парламент депутаттары алдында осы мәсе­лені көтеріп, ерекше назар ауда­руы көңілге үлкен үміт ұяла­тады. Мемлекет басшысы Кон­ституцияға қайшы нормаларды жарамсыз деп танып, осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдерін қайта қарауды тапсырды. Халықтың күтіп отырғаны да осы.

 

Мәди МЫРЗАҒАРАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі