Музей • 05 Сәуір, 2023

Балдырған суретшілердің қолтаңбасы

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда өнердің әр бағытынан өріс тапқан шығармашыл жастар аз емес. Олардың ізін басқан балдырған буын ішінде, әсіресе бейнелеу өнері­не ден қойған талантты балаларды айрық­ша атар едік. Мыңбояудан тылсым іздеген кішкентай шебер­лерге өзара тәжірибе алмасатын рухани орта қажет. Миллиондар тоғысқан мега­полистегі мәдениетіміздің бас­ты ошағы Мемлекеттік Орталық музей өнер сүйген өрендерге осындай мүмкіндік сыйлады.

Балдырған суретшілердің қолтаңбасы

Жазира даланы мыңсан бояуға шомыл­дырған әсем гүлдер, дүниеге жан бітірген шұғы­лалы көктем, сылдырап аққан тау өзені, буырқанған асау теңіз үлкен арманға қол созған кішкентай суретшілердің кенебінде тіптен құлпыра түскен. «Шығармашыл алаң» деп аталған көрмеге қатысқан әр жеткін­шектің өмірді өз ішкі әлеміндей таза қал­пында қабылдауы, арманы, өнерге құш­тар­лығы бойға шабыт береді. Көрмеге Алматы қаласының 100-ден астам балалар шығармашылығын дамыту және бейнелеу өнер орталығының оқушылары қатысып, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер жанрындағы әртүрлі жұмыстарын ұсынды.

явп

Мемлекеттік Орталық музей дирек­торы Рашида Харипова балалар шығар­машылығын қолдау музей жұмысының маңызды бағыт­тарының бірі екенін айтады. Өйткені келешек ұрпақты өнерге баулу, рухани қуаты мықты көшке айналдыру – жауапты міндет. Аталған іс-шара мәдениет ошағының бұл бағыттағы жаңашыл баста­маларының бірі. Балғын өнерпаздарды ынта­ландыруға арналған жобалар дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.

ег

«Балалардың көрмеге қатысуы оларға елі­міздің тарихы, өнері, мәдениетімен та­нысуға, туған жерінің ұлттық құнды­лық­тары, дәстүрлері мен сұлулығы туралы түсі­нік­терін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл Отанға, өз халқына деген сүйіспенші­ліктерін оятады. Сондықтан жас суретшілер өз жұмыстарында қоршаған әлемге, ел­дің өткені, бүгіні мен болашағы туралы өз көз­қарастарын білдіруге тырысты. Бала­лар Қазақ­станның тарихы, мәдениеті, табиға­ты­мен байланысты түрлі аспекті мен сюжет­ті бейнелейді. Бұл көркем пейзаж­дар, адамдардың портреттері және натюрморттар, қаланың көшелері мен көрікті жерлері, тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері балалардың армандарын қанаттандыра түскен», дейді музей директорының орынбасары Сержан Саров.

Балдырған суретшілерді бір алаңда тоғыс­тырған өнер жәрмеңкесінде «Да Винчи», «Ву ArT», «АртМикс», «Білім студиясы», «Класс», «ДАРиЯ» балалар шығармашылығы орталықтарының шәкірттері ерекше көзге түсті. Олардың арасында республикалық, халықаралық байқауларда жүлде алған талантты суретшілер бар. Сонымен бірге көрменің ашылуында өнер көрсеткен «Семь чудес света» балалар театры, «Ай-Кербез» би тобы мен «Фиеста» би ансамблі көпшіліктің ықыласына бөленді.

Жас суретшілердің идеялары мен шығар­машылық ниеттерін көрсететін көркемөнер мек­тептері мен бейнелеу студиялары оқушы­ларының авторлық жұмыстарына еліміздің баянды болашағын, жарқын табыстарын танытатын тақырыптар арқау болған. Өнертанушы Елена Исакова: «Балалардың жұмыстары өте көркем, ашық, ерекшелігі мен әр алуан­ болғандығы сондай, олардың қоршаған әлем­ге деген қуанышты көзқарасы мен қиял көк­жиегі таңғалдырды», деп ой бөлісті.

 

АЛМАТЫ