Жазира даланы мыңсан бояуға шомылдырған әсем гүлдер, дүниеге жан бітірген шұғылалы көктем, сылдырап аққан тау өзені, буырқанған асау теңіз үлкен арманға қол созған кішкентай суретшілердің кенебінде тіптен құлпыра түскен. «Шығармашыл алаң» деп аталған көрмеге қатысқан әр жеткіншектің өмірді өз ішкі әлеміндей таза қалпында қабылдауы, арманы, өнерге құштарлығы бойға шабыт береді. Көрмеге Алматы қаласының 100-ден астам балалар шығармашылығын дамыту және бейнелеу өнер орталығының оқушылары қатысып, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер жанрындағы әртүрлі жұмыстарын ұсынды.
Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова балалар шығармашылығын қолдау музей жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін айтады. Өйткені келешек ұрпақты өнерге баулу, рухани қуаты мықты көшке айналдыру – жауапты міндет. Аталған іс-шара мәдениет ошағының бұл бағыттағы жаңашыл бастамаларының бірі. Балғын өнерпаздарды ынталандыруға арналған жобалар дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
«Балалардың көрмеге қатысуы оларға еліміздің тарихы, өнері, мәдениетімен танысуға, туған жерінің ұлттық құндылықтары, дәстүрлері мен сұлулығы туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл Отанға, өз халқына деген сүйіспеншіліктерін оятады. Сондықтан жас суретшілер өз жұмыстарында қоршаған әлемге, елдің өткені, бүгіні мен болашағы туралы өз көзқарастарын білдіруге тырысты. Балалар Қазақстанның тарихы, мәдениеті, табиғатымен байланысты түрлі аспекті мен сюжетті бейнелейді. Бұл көркем пейзаждар, адамдардың портреттері және натюрморттар, қаланың көшелері мен көрікті жерлері, тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері балалардың армандарын қанаттандыра түскен», дейді музей директорының орынбасары Сержан Саров.
Балдырған суретшілерді бір алаңда тоғыстырған өнер жәрмеңкесінде «Да Винчи», «Ву ArT», «АртМикс», «Білім студиясы», «Класс», «ДАРиЯ» балалар шығармашылығы орталықтарының шәкірттері ерекше көзге түсті. Олардың арасында республикалық, халықаралық байқауларда жүлде алған талантты суретшілер бар. Сонымен бірге көрменің ашылуында өнер көрсеткен «Семь чудес света» балалар театры, «Ай-Кербез» би тобы мен «Фиеста» би ансамблі көпшіліктің ықыласына бөленді.
Жас суретшілердің идеялары мен шығармашылық ниеттерін көрсететін көркемөнер мектептері мен бейнелеу студиялары оқушыларының авторлық жұмыстарына еліміздің баянды болашағын, жарқын табыстарын танытатын тақырыптар арқау болған. Өнертанушы Елена Исакова: «Балалардың жұмыстары өте көркем, ашық, ерекшелігі мен әр алуан болғандығы сондай, олардың қоршаған әлемге деген қуанышты көзқарасы мен қиял көкжиегі таңғалдырды», деп ой бөлісті.
АЛМАТЫ