Инновация • 11 Сәуір, 2023

Алға жылжудың арқауы

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану үшін ғылымды жан-жақты дамытатын жаңа заң қабылдау туралы Президент пікірі көкейіміздегі біраз ойға қозғау салды.

Алға жылжудың арқауы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі «Ғылым туралы» заң­ның шикі тұстары жөнінде осыған дейін біраз айттық, аталған ба­ғытта көкейге қонымды ұсы­нысы бар әріптестерімді де бі­лемін. Осы орайда ғылым нәти­желерін ком­мерцияландыру бо­йынша ойым­ды айта кетейін.

Ғылыми жетістіктердің нә­тижелерін өндіріске енгізу үшін ең алдымен өңірлерде технопарктер ашылуы керек. Ол технопарктерге жер қойнауын игерушілер табысының 1 пайызы есебінен әртүрлі бағыт бойынша ком­мер­цияландыруға қолдау көр­се­тетін комиссиялар құрылып, нақты бір ғылым саласынан ғылыми жетістіктерге жеткен, өз технологияларын өндіріске ен­­гізгісі келетін ғалымдарға арнайы инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген ғимараттар бөлінсе, аяғына тұрып кеткенше технопарк есебінен құқықтық және экономикалық көмек көрсету жолдары қарастырылса, құба-құп болар еді. Өйткені бір ғана саланы білетін ғалым өзінің зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуде бизнес-жоспар әзірлеу, құқықтық мәселелер секілді қиын­дықтардан аса алмай тұра­лап қалады. Ал комиссия құрамы тек шенеуніктер емес, әртүрлі сала ғалымдарынан, экономист және заңгерлерден тұрғаны жөн.

Тағы бір айта кетерлігі, технопарк Ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы және Ұлттық ғылыми кеңестен тәуелсіз болуы қажет. Бұл ұйымдар ғы­лымды коммерцияландыруда қосымша бюрократиялық кедергі келтіріп отыр. Олардың жұ­мысы ғылыми зерттеулерді қар­жыландыру мәселесімен шек­телуі керек. Ал технопарк ғы­лыми зерттеу нә­тижелерін қол­дау­мен айналысқаны дұрыс.

Ғалымның зерттеу нәтиже­лері қолдау тауып, қар­жылан­дырылғаннан кейін белгілі бір айналымға жеткенше технопарк қолдау көрсетіп, кейін орнын басқа әріптесіне босатуы керек. Оны ашылған өн­дірістің жылдық табысының бел­гілі бір деңгейге жетуі, жұмыс орындарының ашы­луы, бәсекелестік ортаға дайындығы секілді жолдармен айқындауға болады. Одан бөлек белгілі бір табыс деңгейіне жеткенше салықтық жеңілдіктер қа­растыру тетіктері шешілсе, Қа­зақ­­стан ғылымының экономи­каны дамы­туға қызмет етер ке­зе­ңі жақындай түсер еді. Өйт­кені ғылыми жетістіксіз еш­бір ел алға жылжымайды.

 

Нұрбол АППАЗОВ,

химия ғылымдарының кандидаты

 

ҚЫЗЫЛОРДА