Энергетика • 20 Сәуір, 2023

Жаңғырмалы энергетиканы дамыту мүмкіндігі

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент айтқан «орташа табыс тұзағына» біз 2013-2014 жылдары жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 13 мың долларға жеткеннен кейін түсіп қалдық. Негізі Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі өзекті экономикалық проблемаларды көтерді. Оны экономикалық өсім және нарықтық рельске көшу деп екіге бөліп қарастыруға болады. Еліміз әлі күнге мұнай секторынан түсетін табысқа тәуелді болып қалып отыр.

Жаңғырмалы энергетиканы дамыту мүмкіндігі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ал бұл саладағы кез келген қиындық елдің экономикалық және қаржылық тұрақтылығына зиянын тигізуі мүмкін. Сондық­тан белгілі бір салаларға ба­сым­дық беріп және олардың дамуы үшін мейлінше жақсы жағдай жасаудың мәні ерекше.

Соның бірі – жаңғырмалы энер­гетика. Еліміз ғылымда бар табиғи байлықтардың бар­лы­ғы­на дерлік ие, алайда соның әрі қарайғы дамуы үшін білік­ті кадрлар мен технология жетіс­пей­ді. Мысал ретінде білім мен технологияға шетелдік инвестиция арқылы қол жеткізген Қы­тай­ды айтуға болады. Адамдар технология жасап, зауыт салып жатқандықтан, адами капиталды дамытуға инвестиция салу және олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау өте маңызды.

Президенттің нарықтық үде­ріс­терге көшу тақырыбына арналған баяндамасының тағы бір маңызды экономикалық аспектісі – баға белгілеу және әртүрлі нарықтарды басқару жайы. Мемлекет ұзақ жылдар бойы бизнесті қолдаудың мем­ле­кеттік бағдарламаларынан бастап жанар-жағармай мен тұр­ғын үй коммуналдық шаруа­шылығының бағасын төмен­де­туге дейінгі аралықта әлеуметтік шығындарға белсенді субсидия жасап, үлкен қаржы жұмсап келді. Бұл, әрине, экономикалық агенттер үшін жақсы жағдай туғызды. Бірақ, ұзақ мерзімде олардың модернизация жасауға инвестициясы қалмай, салдарынан жекелеген жағдайлар бойынша коллапс туындады.

Сайып келгенде, кез келген экономикадағы сапалы инфра­құрылым маңызды іргетас болып есептеледі. Өйткені ол аза­мат­тарға кең мүмкіндік ашады, бизнестің үздіксіз жұмыс істеуі мен дамуына қажетті жағ­дай­лар жасайды. Сол себепті инфрақұрылымды уақтылы жа­ңар­ту және оны экономикалық агент­тердің қажеттіліктерін қа­на­­ғаттандыру үшін кеңейту, оның драйверлеріне қарамастан бо­лашақта жоғары сапалы эконо­ми­калық өсудің негізі болып саналады.

Мемлекет басшысы көтерген тағы бір маңызды мәселе – көп жағдайда мемлекеттік аппарат тарапынан бағалана бермейтін инфляциямен күрес жайы. Біріншіден, мемлекеттік органдарда қабылданған шаралардың тиімділігін жиі бәсеңдететін немесе төмендететін үйлестіру элементінің болуы өте маңызды. Бұған салық ставкалары мен мемлекеттік шығыстардың кө­ле­мін бақылайтын фискалдық орган ретінде Үкімет пен өз кезегінде экономикадағы ақшаның құны мен санына әсер ететін ақша-несие органы – Ұлттық банк арасындағы үйлестіру бойынша жұмыстың әлсіз жүргізілуі мысал бола алады. Баға күрт өскен кезде Ұлттық банк экономикадағы тұтыну көлемін азайтуға эко­но­ми­кадағы ақша құнын арттыра бастайды. Бірақ, бізде бұл механизм әлсіз жұмыс істейді. Оған себептің бірі – жеңілдетілген бағдарламалар шығарып, мем­лекеттік шығындарды арттыратын Үкіметтің қарсы әрекеті. Бұл шығындар айналып келгенде экономикалық өсімге әсерін тигізбейді, тек тауарлар мен қызметтер импортының өсіміне үлес қосады. Мұны Ұлттық банктің жақында өзі жасаған зерттеуі де көрсетіп берді. Сон­дықтан жоғарыда айтыл­ған­дардың барлығын ескере отырып, еліміздің негізгі ойыншылары өз міндеттерін орындап, нарықтық қатынастар жағдайында жоғары сапалы экономикалық өсімге қарай ілгерілей бастауы керек.

 

Ғалымжан Айтқазин,

экономист