Аймақтар • 24 Сәуір, 2023

Туризмді жандандыратын орталық

626 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Атырау облысына жұмыс сапары аясында Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы сапар орталығымен танысты. Бұл орталық «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында салынып жатыр.

Туризмді жандандыратын орталық

Музей-қорық директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұхтардың айтуынша, жақында сапар орталығын ашу жоспарланған. Оның құрамында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы жасақталған кітапхана бар. Орталықта дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей және этноауыл да орналасқан.

– Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі, ірі сауда қаласы Сарайшық 1580 жылы қираған. Бұдан 300 жыл бұрын бұл Ұлы Жібек жолы орталықтарының бірі болған еді. Сол себептер, Сарайшықтың тарихы тым тереңде жатыр. Өйткені бұл – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала. Сапар орталығында моңғолға дейінгі, моңғол кезеңі, сондай-ақ Ноғай ордасы мен Қазақ хандығы тарихына қатысты құнды дүниелер жұртшылық назарына ұсынылады. Оның ішінде Сарайшық қалашығының материалдық мұралары, дәл осы жерден әр кезеңде табылған жәдігерлер, Алтын Орда туы немесе бүгінде кейбір елдердің мемлекеттік елтаңбаларында көрініс тапқан қос бас­ты бүркіт белгісі қойылады. Бұрын бұл белгі Сарайшықтан табылған еді. Қасым хан мен Бату ханның бейнелері алғаш рет осында көрсетіледі. Бұл тұлғалардың бейнелерін жасау үшін ғалымдармен бірлескен жұмыс атқарылды, – дейді Әбілсейіт Мұхтар.

Сапар орталығында тарихи қалашықтың ғылыми негізде қайта жасалған бірегей макетін ұсыну көзделіп отыр. Алтын Ор­да кезеңіндегі Сарайшықтың макетін жасау­ға ғалымдар көмектескен. Барлық экс­п­озицияның мультимедиялық нұсқасы да­йындалған. Бұл сапар орталығына келетін қонақтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға жол ашады.

– Қазақстанда еліміздің өткенінен сыр шертетін киелі де тарихи орындар көп. Сондай орындарға азаматтарымыз ғана емес, шетелдік туристер де үлкен қызы­ғушылық танытады. Алай­да та­ри­хи және археологиялық ескерт­кіштер ор­наласқан аумақта  туристік инфра­құ­­рылым жоқтығы туризмді дамыт­у­ға қолбайлау болып отыр. Ал көне Сарай­шық аумағында ашылатын сапар орталығы еліміздің бай мәдени және тарихи мұрасына назар аудартып, туризмді жандандыруға септігін тигізеді, – деді Алтай Көлгінов.

 

Атырау облысы