Медицина • 24 Сәуір, 2023

Мұнайлы өңірде дәрігер тапшы

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында 300-ге жуық медицина қыз­меткері жетіспейді. Оның ішінде 183 дәрігердің орны бос тұр. Бұл мәселе кейінгі үш жылдан бері оқтын-оқтын қозғалғанымен, әлі толық шешімін таппай отыр.

Мұнайлы өңірде дәрігер тапшы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, қазір ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық бағдарлама іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Атырау облысында 2023-2024 жылдары 18 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу көзделген. Оның ішінде 11 меди­циналық, 6 фельд­шерлік-акушерлік пункт, 1 дәрігерлік амбулатория бар. Ал аудандық ауруханаларда қосымша бөлімшелер ашылып, медициналық жабдықтармен жарақтандыру жоспарланған.

«Биыл жыл басында Атырау облысының әкімдігі 280-нен аса медицина маманы, оның ішінде 183 дәрігер жетіспейтіні туралы мәлімет берді. Әсіресе, акушер-гинекологтерге сұраныс артып отыр. Сол себептен өңірге кадрларды көбірек тарту үшін 2022-2023 оқу жылына резидентурада мамандар даярлауға 24 орын берілді. Оның ішінде екі акушер-гинеколог маманы даярланады», дейді атыраулықтармен кездескен А.Ғиният.

Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысында қан айна­лымы жүйесі аурулары, оның ішінде инфаркт, инсульт түрімен сырқаттанушылардың көптігі байқалады. Бұған не әсер етеді?

«Өңірде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ұйымдастыруда кемшілік бар. Мұның салдары үйдегі өлім-жітімге себеп болады. Инсульттан кейін «Д» есебіне алынған адамдардың төмен үлесі 42,4%-ды құрап отыр. Ал онкологиялық диспансерде де кадр тапшылығы бар. Бұл диспансерде цитопатоморфолог, химиотерапевт, медициналық физик, торокалды онколог пен онкоуролог секілді арнайы мамандар жетіспейді», деп мәлімдеді А.Ғиният.

 

Атырау облысы