Теннис • 26 Сәуір, 2023

Мықтылар Шымкентте іріктеледі

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1-13 мамыр аралығында Шымкентте теннистен «Asia/Oceania final Qualifying Juniors Davis Cup» және «Juniors Billie Jean King Cup» іріктеу турнирлері өтеді. Жарысқа 16 жасқа дейінгі Азия/Тынық мұхит аймағының ең мықты жасөспірімдер құрамалары қатысады деп жоспарланған.

Мықтылар Шымкентте іріктеледі

Шымкент корттарында жарыс қо­жайыны Қазақстаннан бөлек, Аус­тра­лия, Қытай Тайбэй, Гонконг, Үндіс­тан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапо­ния,­ Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моң­­ғо­лия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан және Вьетнамның қыз­дар­ құрамасы сынға түседі. Ал ерлер­ бәсекесінде Қырғызстан мен Моңғо­лия­дан басқа елдердің өкілдері түгелдей өнер көрсетеді.

Елімізде алғаш рет ұйым­дас­ты­­­рылып жатқан бұл додада ел намы­сын­ былтыр Чехияның Простев қала­сында жалауы желбіреген 14 жас­қа дейінгілер арасындағы әлем чем­пио­натына қатысып, төртінші орын­ға табан тіреген ұлттық құрама­ның­ өкілдері Әмір Омарханов (Қара­ғанды) пен Заңғар Нұрланұлы (Түркіс­тан) қорғаса, үшінші бос орын үшін­ Дамир Жалғасбай (Алматы), Бақтияр Ерасыл (Астана) және Артем Сидо­ров (Алматы) таласады. Бұл жігіт­­терге Сергей Квак жетекшілік етеді.

Ал Ярослав Шведова жаттық­ты­­­­ратын қыздар құрамасынан Іңкәр Дүй­себай (Алматы), Полина Слеп­цо­ва­ (Алматы), Ариана Гогулина (Астана) және Анастасия Крымкова (Тараз) іріктеуге қатысады.

Шымкенттегі іріктеу сайысында 16 команда төрт топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Сөйтіп, әр топта ең үздік нәтиже көрсеткен екі құрама турнирдің плей-офф кезеңіне шығып, әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады. Азия/Тынық мұхит аймағынан бозбалалар арасында әлем чемпионатына төрт жолдама беріледі, яғни жартылай финалға шыққан командалар әлем біріншілігінің жолдамасын иеленеді. Ал қыздар арасындағы сайыста ал­ғаш­­қы үш жолдама үздік үштікке ен­ген­ құрамаларға берілсе, төртінші жол­да­маға жартылай финал­да жеңіл­ген­ екі құрама таласады.

«Billie Jean King Cup Juniors» және «Davis Cup Juniors» турнирі – 16 жас­қа ­дейінгі жасөспірім теннисшілер ара­сындағы ең маңызды жарыс сана­ла­ды. Бұл турнир жыл сайын әлем чем­пионаты ретінде Халықаралық тен­нис федерациясының (ITF) ұйым­дас­­тыруымен өткізіледі. Кезін­де­ атал­ған­ жарыстарға әлемнің бұрын­ғы және қазіргі ең үздік теннис жұл­дыз­дары­ қатысып, шеберлігін шыңдаған.

Атап айтар болсақ, бүгінде «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда сан мәрте дараланып, төрт­­­­жылдықтың ең маңызды додасы­ – Олимпия ойындарында тұғыр­­дың биік сатысынан көрінген хорва­тия­лық­ Горан Иванишевич, амери­ка­лық­­тар – Джим Курье, Майкл Чанг және Энди Роддик, ни­дер­ланд­тық Ричард Крайчек, ресей­лік­­тер – Евгений Кафельников, Марат Сафин, Даниил Медведев, Андрей Рублев, бразилиялық Густаво Куэртен, аустралиялықтар – Ллейтон Хьюитт, Ник Кирьюс, швейцариялықтар – Роджер Федерер, Стэн Вавринка, испаниялықтар – Рафаэль Надаль, Карлос Алькарас, канадалықтар – Денис Шаповалов, Оже Альяссим, германиялық Анке Хубер, фран­ция­­лық Амели Моресмо, ресей­лік қыз­дар­ – Елена Дементьева және­ Анас­та­сия Мыскина, аус­тра­лия­лық­­тар – Елена Докич, Эшли Барти және­ тағы басқа даңқты теннисшілер де жас­­­өспірім шағында осындай додаларда ойнаған.

Әлем чемпионатының іріктеу жарыстары Шымкент қаласынан бөлек, әлемнің басқа бөліктерінде де ұйымдастырылады. Мәселен, Еуропа, Африка, Оңтүстік, Солтүстік және Орталық Америкада іріктеу жарыс­тары өтіп, биылғы жаһандық додаға қатысатын 16 команда анықталады.