Бокс • 27 Сәуір, 2023

Қай боксшыға сенім артамыз?

305 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін Өз­бекстан­ның бас шаһары – Таш­­кентте төрткүл дүниенің жан­күйер­лері екі жыл бойы асыға күт­­кен бокстан кезекті әлем чем­пионатының жалауы желбірейді. Дүние жүзінің дүлдүлдері жұдырық түйістіретін бұл додаға қазақ бокс­шылары тас-түйін дайындықпен барары сөзсіз. Бокс десе делебесі қозатын Қазақстан жанкүйерлері бұл жаһандық додада отандастарымыздан ерекше үміт күтеді. Себебі алдымызға қойған мақсатымыз, әлемде үздік үштіктің ішіндеміз деген атымыз бар. Ең әуелі сол ата­ғымызды қорғау керек. Десе де, ең маңыздысы бұл емес, бастысы – бауырлас елде өтетін бәсекеден абы­роймен оралу.

Қай боксшыға сенім артамыз?

Осыдан дәл алты жыл бұрын Ташкентте өткен бокстан Азия чемпионатының нәтижесін жақсы білесіздер. Сары құрлық додасына үкілеп қосқан боксшыларымыз жанкүйерлер көңілін жалғыз алтын жүлдемен жұбатқан-ды. Василий Левит болмаса, абыройсыз қалатынымыз анық еді. Сол додада Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Ерік Əлжанов (81 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) – күміс, ал Бекдəулет Ибрагимов (64 кг), Əбілхан Аманқұл (75 кг), Қайрат Ерəлиев (56 кг) жəне Азамат Исақұлов (52 кг) қола медаль иегерлері атанып, Өз­бекстаннан жанарымен жер шұ­қып қайтқан-тын.

Сол кезбен салыстырғанда қазіргі құрам толық жаңарды. Алты жыл ішінде ұлттық құра­маның қатары жалынды, жігерлі жастармен, тәжірибелі боксшылармен толықты. Бапкерлер құрамы да Азия біріншілігіндегі «әттегенайлардың» бәрін ескеріп, ала тақиялы ағайындарға кеткен есені қайтаруға қайрат қылар кез енді келгенін түсінетін сыңайлы.

Əлемдік дода алдында ұлттық құраманың жаттықтырушылары сөзге сараң, ашылып сыр айта бер­мейді. Тек ұжымның алдын­да зор міндет, үлкен жауап­кер­шілік тұрғанын айтумен ғана шектеледі. Осы орайда біз бокс маңайында жүрген мамандардан Ташкент төріндегі тартыс­тан не күтетінін, ұлттық құрама өкілдерінен кімдерге сенім ар­туға болатынын, әлем чемпионатында қанша жүлде алуымыз мүмкін екенін сұрап, пікірлерін білген едік.

2014 жылғы Азия ойындарынан хабар таратып, бірнеше әлем және Азия чемпионаттарында жұмыс істеген спорт журналисі Бек Төлеуов жерлестеріміз биыл­­ғы чемпионатта кем дегенде бір алтын, бір күміс жəне бір қола жүлдеге, яғни толық медаль жиынтығына қол жеткізеді деп есептейді.

«Тарихқа көз жүгіртер бол­сақ, Қазақстан құрамасы әлем чем­пионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді екен. Осы уа­қыт аралығындағы бірде-бір жа­һандық додадан жерлестеріміз жүлдесіз оралмаған. Сол дәстүр биыл да жалғасып, отандастарымыз тұғыр биігінен көрінеді деп ойлаймын. Оның үстіне, Халықаралық бокс ассоциация­сы (IBA) Ресей мен Беларусь былғары қолғап шеберлерінің дүниежүзілік додада өнер көр­сетуіне рұқсат берген соң, әлемде бокс державасы саналатын АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия және тағы басқа елдер Ташкентке келуден бас тартты. Мұның әлем біріншілігінің деңгейіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Екінші жағынан Қазақстан, Өзбекстан, Куба, Әзербайжан, Жапония се­кілді алдыңғы қатарлы елдерге көбірек медаль олжалауға мүмкіндік береді.

Әлем чемпионатында кім­дер ел қоржынына жүлде са­луы мүмкін деген сауалға кел­сек, әрине, бәріміз Токио Олим­пиа­­­дасының қола жүлде­гері, 2021 жылғы әлем чемпио­на­тының жеңімпазы – Сәкен Би­босыновтан ерекше үміт кү­теміз. Биылғы чемпионатта оған өз атағын қорғау қиынға соға­тын шығар, өйткені оның сал­мағында өзбек боксының мақ­танышы, Олимпиада чемпио­ны Хасанбой Дусматов бар. Куба, Ресей, Жапония бокс­шы­ларын да ұмытпаған абзал. Дейтұрғанмен, Сәкенді де бас жүлдеден үмітті боксшылардың қатарынан шығарып тастауға болмайды. Сонымен қатар жеңіл салмақтағы талантты боксшы Санжар Тәшкенбай, Сербиядағы доданың жүлдегерлері Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов, ағайынды Оралбайлардың бірін тұғыр биігінен көріп қалуымыз мүмкін. Жалпы, қазіргі таңда қазақ боксшылары арасында же­ңіл салмақтағы жігіттердің айы оңынан туып тұр. Ауыр сал­мақтағылар да қарап қал­май­­­тын шығар. Софиядағы «Странджа» турнирінде өзбектің алы­бы Баходир Жалоловпен жек­пе-жек өткізуден бас тартқан Қам­шы­бек Қоңқабев Ташкентке бір бармағы бүгулі баратыны белгілі. Сондықтан Қоңқабев осы жолы жанкүйерлердің үмітін ақтауға ұмтылатыны кәдік», дейді спорт сарапшысы.

Ал Қазақстан бокс федера­циясының президенті Кеңес Рақышев боксшылар Ташкенттегі додада жанкүйерлерді қуанту үшін барын салатынын айтып, әлем чемпионатында жеңімпаз бен жүлдегер атанған жігіттерді ынталандыру мақсатында өз қаражаты есебінен қосымша сый­ақы тағайындағанын мәлім­деді.

«Бокс – еліміздегі ең танымал әрі ең нәтижелі спорт түрі. Сондықтан Ташкенттегі әлем чемпионаты жанкүйерлердің ерекше назарында болары анық. Қазақстан бокс федера­циясы, бапкерлер және спортшылардың өздері алдағы додаға тиянақты дайындалу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Соңғы әлем бірін­шілігінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде ие­леніп, жақсы нәтиже көрсет­кенін өздеріңіз білесіздер. Енді Таш­кентте біздің былғары қолғап шеберлеріміз бұдан да биік белес­терді бағындырады деп үміт­­тенеміз.

Құрметті жанкүйерлер, спорт­шыларымызға сіздердің қолдауларыңыз қажет. Демеу болса, ұлттық құраманың бокс­­шылары аянып қалмасы анық. Кезінде ата-бабаларымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөзді тегін айт­паған ғой. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылсақ, алын­байтын қамал жоқ. Әлемдік аренада тағы бір мәрте үздік ата­­нуға қауқарымыз жетеді. Жі­гіттерімізді ынталандыру мақ­сатында, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дәстүрлі түрде өз қаражатымның есебінен қосымша сый­ақы­мен марапаттаймын. Чем­пиондарға 100 мың АҚШ доллары қарастырылған», дейді ҚБФ президенті.

«Бапкерлік құрам боксшыларды әлем чемпионатына жақ­сылап дайындап апара жатыр. Дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі, Кеңес Рақышев басқаратын Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалды. Бокс­шылар мен бапкерлер олар­дың өнерін бүкіл Қазақстан тама­­шалайтынын біледі, сон­дық­тан жауапкершілікті түсі­неді. Құрамамызға сәттілік тілей­міз», дейді Қазақстан бокс федера­циясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.

Ел жанкүйерлері ерекше үміт артып отырған әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтан алдағы жаһандық додадағы мақсатын сұрағанымызда: «Мақсатым – екі дүркін әлем чемпионы атану, деп сенімді сөйлеп, ағынан жарылды Олимпия ойындарының қола жүлдегері. – Қазір ұлттық құ­ра­ма боксшылары Шымкент қа­ла­сындағы «Алма-Тау» базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ташкенттегі әлем чемпионатына тиянақты дайындалуға жақсы мүмкіндік жасағаны үшін федерация бас­шылығына алғыс айтамын. Құ­рамадағы жігіттер бір-бірін әр­қашан қолдап жүреді. Барлығы жауапкершілікті сезініп, жүлделі орындардан көріну үшін барын салады деген үміттенемін. Ал өзіме келер болсам, әлем чемпионы деген атағымды қорғап қалуға тырысамын. Мақсатым – Серік Сәпиев сияқты екі дүркін әлем чемпионы атану».

Хош, сонымен Өзбекстандағы әлем чемпионатының басталуына аз-ақ уақыт қалды. Жарыс 1-14 мамыр аралығында Таш­кенттегі көпсалалы «Ху­мо» спорт ке­шенінде өтеді. Ұйым­дас­тыру­шылар біріншілікке 104 елден 600-ден аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр. Жеңім­паздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәре­жесі бойынша анық­­талады.

Сонымен қатар Халық­аралық бокс қауымдас­тығы (IBA) биылғы чемпионаттың жүл­де қорын молайтты. Мәселен, биыл алтын медаль иегеріне – 200 000, екінші орын алған боксшыға – 100 000 және екі қола жүл­дегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді. Чемпионаттың жалпы жүл­де қоры – 5,2 млн АҚШ доллары. Боксшылардың әлемдік дода­сын Қазақстан жанкүйерлері «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.

Белградта өткен кейінгі әлем чемпионатында Қазақстан құ­рамасы 5 медаль (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) олжалап, жалпы­командалық есепте Кубаның қабыландарына (3 алтын, 2 қо­ла) ғана жол берген болатын. Сер­бия астанасындағы жаһан біріншілігінің 3 бірдей фина­лисі (әлем чемпионы Сәкен Би­бо­сынов, күміс жүлдегерлер – Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов) Ташкент шаршы алаңында өнер көрсетеді.

Олардан бөлек, Санатәлі Төл­таев (63,5 кг), Асланбек Шым­­­­бергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Ай­бек Оралбай (92 кг), Қам­­шы­бек Қонқабаев (+92 кг) ке­зекті әлем чемпионатына қа­тысады. Ал Санжар Тәшкенбай (48 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Ду­лат Бекбауов (67 кг) және Са­­ғын­дық Тоғамбай (86 кг) әлем­­дік додада тұңғыш рет бақ сы­намақ.