Осыдан дәл алты жыл бұрын Ташкентте өткен бокстан Азия чемпионатының нәтижесін жақсы білесіздер. Сары құрлық додасына үкілеп қосқан боксшыларымыз жанкүйерлер көңілін жалғыз алтын жүлдемен жұбатқан-ды. Василий Левит болмаса, абыройсыз қалатынымыз анық еді. Сол додада Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Ерік Əлжанов (81 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) – күміс, ал Бекдəулет Ибрагимов (64 кг), Əбілхан Аманқұл (75 кг), Қайрат Ерəлиев (56 кг) жəне Азамат Исақұлов (52 кг) қола медаль иегерлері атанып, Өзбекстаннан жанарымен жер шұқып қайтқан-тын.
Сол кезбен салыстырғанда қазіргі құрам толық жаңарды. Алты жыл ішінде ұлттық құраманың қатары жалынды, жігерлі жастармен, тәжірибелі боксшылармен толықты. Бапкерлер құрамы да Азия біріншілігіндегі «әттегенайлардың» бәрін ескеріп, ала тақиялы ағайындарға кеткен есені қайтаруға қайрат қылар кез енді келгенін түсінетін сыңайлы.
Əлемдік дода алдында ұлттық құраманың жаттықтырушылары сөзге сараң, ашылып сыр айта бермейді. Тек ұжымның алдында зор міндет, үлкен жауапкершілік тұрғанын айтумен ғана шектеледі. Осы орайда біз бокс маңайында жүрген мамандардан Ташкент төріндегі тартыстан не күтетінін, ұлттық құрама өкілдерінен кімдерге сенім артуға болатынын, әлем чемпионатында қанша жүлде алуымыз мүмкін екенін сұрап, пікірлерін білген едік.
2014 жылғы Азия ойындарынан хабар таратып, бірнеше әлем және Азия чемпионаттарында жұмыс істеген спорт журналисі Бек Төлеуов жерлестеріміз биылғы чемпионатта кем дегенде бір алтын, бір күміс жəне бір қола жүлдеге, яғни толық медаль жиынтығына қол жеткізеді деп есептейді.
«Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді екен. Осы уақыт аралығындағы бірде-бір жаһандық додадан жерлестеріміз жүлдесіз оралмаған. Сол дәстүр биыл да жалғасып, отандастарымыз тұғыр биігінен көрінеді деп ойлаймын. Оның үстіне, Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) Ресей мен Беларусь былғары қолғап шеберлерінің дүниежүзілік додада өнер көрсетуіне рұқсат берген соң, әлемде бокс державасы саналатын АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия және тағы басқа елдер Ташкентке келуден бас тартты. Мұның әлем біріншілігінің деңгейіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Екінші жағынан Қазақстан, Өзбекстан, Куба, Әзербайжан, Жапония секілді алдыңғы қатарлы елдерге көбірек медаль олжалауға мүмкіндік береді.
Әлем чемпионатында кімдер ел қоржынына жүлде салуы мүмкін деген сауалға келсек, әрине, бәріміз Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы – Сәкен Бибосыновтан ерекше үміт күтеміз. Биылғы чемпионатта оған өз атағын қорғау қиынға соғатын шығар, өйткені оның салмағында өзбек боксының мақтанышы, Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов бар. Куба, Ресей, Жапония боксшыларын да ұмытпаған абзал. Дейтұрғанмен, Сәкенді де бас жүлдеден үмітті боксшылардың қатарынан шығарып тастауға болмайды. Сонымен қатар жеңіл салмақтағы талантты боксшы Санжар Тәшкенбай, Сербиядағы доданың жүлдегерлері Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов, ағайынды Оралбайлардың бірін тұғыр биігінен көріп қалуымыз мүмкін. Жалпы, қазіргі таңда қазақ боксшылары арасында жеңіл салмақтағы жігіттердің айы оңынан туып тұр. Ауыр салмақтағылар да қарап қалмайтын шығар. Софиядағы «Странджа» турнирінде өзбектің алыбы Баходир Жалоловпен жекпе-жек өткізуден бас тартқан Қамшыбек Қоңқабев Ташкентке бір бармағы бүгулі баратыны белгілі. Сондықтан Қоңқабев осы жолы жанкүйерлердің үмітін ақтауға ұмтылатыны кәдік», дейді спорт сарапшысы.
Ал Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев боксшылар Ташкенттегі додада жанкүйерлерді қуанту үшін барын салатынын айтып, әлем чемпионатында жеңімпаз бен жүлдегер атанған жігіттерді ынталандыру мақсатында өз қаражаты есебінен қосымша сыйақы тағайындағанын мәлімдеді.
«Бокс – еліміздегі ең танымал әрі ең нәтижелі спорт түрі. Сондықтан Ташкенттегі әлем чемпионаты жанкүйерлердің ерекше назарында болары анық. Қазақстан бокс федерациясы, бапкерлер және спортшылардың өздері алдағы додаға тиянақты дайындалу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Соңғы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иеленіп, жақсы нәтиже көрсеткенін өздеріңіз білесіздер. Енді Ташкентте біздің былғары қолғап шеберлеріміз бұдан да биік белестерді бағындырады деп үміттенеміз.
Құрметті жанкүйерлер, спортшыларымызға сіздердің қолдауларыңыз қажет. Демеу болса, ұлттық құраманың боксшылары аянып қалмасы анық. Кезінде ата-бабаларымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөзді тегін айтпаған ғой. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Әлемдік аренада тағы бір мәрте үздік атануға қауқарымыз жетеді. Жігіттерімізді ынталандыру мақсатында, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дәстүрлі түрде өз қаражатымның есебінен қосымша сыйақымен марапаттаймын. Чемпиондарға 100 мың АҚШ доллары қарастырылған», дейді ҚБФ президенті.
«Бапкерлік құрам боксшыларды әлем чемпионатына жақсылап дайындап апара жатыр. Дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі, Кеңес Рақышев басқаратын Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалды. Боксшылар мен бапкерлер олардың өнерін бүкіл Қазақстан тамашалайтынын біледі, сондықтан жауапкершілікті түсінеді. Құрамамызға сәттілік тілейміз», дейді Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.
Ел жанкүйерлері ерекше үміт артып отырған әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтан алдағы жаһандық додадағы мақсатын сұрағанымызда: «Мақсатым – екі дүркін әлем чемпионы атану, деп сенімді сөйлеп, ағынан жарылды Олимпия ойындарының қола жүлдегері. – Қазір ұлттық құрама боксшылары Шымкент қаласындағы «Алма-Тау» базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ташкенттегі әлем чемпионатына тиянақты дайындалуға жақсы мүмкіндік жасағаны үшін федерация басшылығына алғыс айтамын. Құрамадағы жігіттер бір-бірін әрқашан қолдап жүреді. Барлығы жауапкершілікті сезініп, жүлделі орындардан көріну үшін барын салады деген үміттенемін. Ал өзіме келер болсам, әлем чемпионы деген атағымды қорғап қалуға тырысамын. Мақсатым – Серік Сәпиев сияқты екі дүркін әлем чемпионы атану».
Хош, сонымен Өзбекстандағы әлем чемпионатының басталуына аз-ақ уақыт қалды. Жарыс 1-14 мамыр аралығында Ташкенттегі көпсалалы «Хумо» спорт кешенінде өтеді. Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600-ден аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады.
Сонымен қатар Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) биылғы чемпионаттың жүлде қорын молайтты. Мәселен, биыл алтын медаль иегеріне – 200 000, екінші орын алған боксшыға – 100 000 және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 5,2 млн АҚШ доллары. Боксшылардың әлемдік додасын Қазақстан жанкүйерлері «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.
Белградта өткен кейінгі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте Кубаның қабыландарына (3 алтын, 2 қола) ғана жол берген болатын. Сербия астанасындағы жаһан біріншілігінің 3 бірдей финалисі (әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, күміс жүлдегерлер – Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов) Ташкент шаршы алаңында өнер көрсетеді.
Олардан бөлек, Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қонқабаев (+92 кг) кезекті әлем чемпионатына қатысады. Ал Санжар Тәшкенбай (48 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Дулат Бекбауов (67 кг) және Сағындық Тоғамбай (86 кг) әлемдік додада тұңғыш рет бақ сынамақ.