Шахмат • 28 Сәуір, 2023

Динге дем берген Димаш

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайлық гроссмейстер Дин Лижэнь классикалық шахматтан әлем чемпионатының 12-турында Ян Непомнящийді жеңіп, жалпы есепте таразы басын қайта теңестірді – 6:6. Сөйтіп, биылғы «Алтын тәж» иегері 14-партиядан кейін белгілі болатын болды. Тіпті, тартыс тай-брейкке дейін жалғасуы мүмкін.

Динге дем берген Димаш

Дин Лижэнь үшін чемпио­наттың 12-партиясы жалпы есептегі таразы басын теңестіріп, тәжге таласу мүмкіндігін сақтап қалатын соңғы ойын болатын. Өйткені шахматшылар бұл жолы да тең түсер болса, Ян Не­помнящий ақ тастармен ойнайтын 13-турда чемпионат тағдырын шешіп кетуі ғажап емес еді. Десе де, Диннің бұл партияда жеңіске жетуіне ресейлік гроссмейстердің өзі көмектесіп жіберді. Себебі Непомнящий кездесудің 27-жүрісінде бір, 38-ші жүрісінде екінші рет қате­лесіп, өз уысында тұрған 0,5 ұпайынан қараптан-қарап айырылып қалды.

Сондай-ақ бұл партияда Дин Лижэньнің жеңіске жетуіне осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдағы «I am a singer» ән байқауы арқылы бүкіл әлемге танымал болған қандасымыз Димаш Құдайбергеннің жүрісі сәттілік алып келді деуге болатын шығар. Өздеріңіз біле­тіндей, классикалық шахматтан әлем чемпионатының дәстүрі бойынша әр партияның алдында матчтың ресми жүрісін Қазақстанның және әлемнің танымал тұлғалары жасап отырады. Бұл жолғы алғашқы жүрісті жасау әлемдегі ән әлемінің жұл­дызы Димаш Құдайбергенге бұйырды.

Енді алдағы екі партияда 1,5 ұпай жинаған шахматшы әлем­нің 17-чемпионы атанады. Яғни болашақ чемпионға енді бір ойын­да жеңіске жетіп, біреуінде тең түссе жетіп жатыр. Ал егер екі үміткер де алдағы екі партия­да тең ойнайтын болса, онда же­ңімпаз есімі 30 сәуірге жоспар­ланған тай-брейкте анықталады.

Тай-брейк ережесі бойынша, шахматшылар алдымен рапид бойынша төрт партия ойнайды (әр партия 25 минутқа жалғасады). Егер бұл жерде де жеңімпаз анықталмаса, онда блиц бойынша жеңімпазды анықтауға тырысады. Алда-жалда бұл кезеңде де чемпионның есімін анықтау мүмкін болмаса, онда қар­сы­ластар «Армагеддон» жүйесі бо­йынша шеберлік байқасады. Яғни бұл жерде ақ тасқа бес минут, қара тас иесіне төрт минут уақыт беріледі.