Дин Лижэнь үшін чемпионаттың 12-партиясы жалпы есептегі таразы басын теңестіріп, тәжге таласу мүмкіндігін сақтап қалатын соңғы ойын болатын. Өйткені шахматшылар бұл жолы да тең түсер болса, Ян Непомнящий ақ тастармен ойнайтын 13-турда чемпионат тағдырын шешіп кетуі ғажап емес еді. Десе де, Диннің бұл партияда жеңіске жетуіне ресейлік гроссмейстердің өзі көмектесіп жіберді. Себебі Непомнящий кездесудің 27-жүрісінде бір, 38-ші жүрісінде екінші рет қателесіп, өз уысында тұрған 0,5 ұпайынан қараптан-қарап айырылып қалды.
Сондай-ақ бұл партияда Дин Лижэньнің жеңіске жетуіне осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдағы «I am a singer» ән байқауы арқылы бүкіл әлемге танымал болған қандасымыз Димаш Құдайбергеннің жүрісі сәттілік алып келді деуге болатын шығар. Өздеріңіз білетіндей, классикалық шахматтан әлем чемпионатының дәстүрі бойынша әр партияның алдында матчтың ресми жүрісін Қазақстанның және әлемнің танымал тұлғалары жасап отырады. Бұл жолғы алғашқы жүрісті жасау әлемдегі ән әлемінің жұлдызы Димаш Құдайбергенге бұйырды.
Енді алдағы екі партияда 1,5 ұпай жинаған шахматшы әлемнің 17-чемпионы атанады. Яғни болашақ чемпионға енді бір ойында жеңіске жетіп, біреуінде тең түссе жетіп жатыр. Ал егер екі үміткер де алдағы екі партияда тең ойнайтын болса, онда жеңімпаз есімі 30 сәуірге жоспарланған тай-брейкте анықталады.
Тай-брейк ережесі бойынша, шахматшылар алдымен рапид бойынша төрт партия ойнайды (әр партия 25 минутқа жалғасады). Егер бұл жерде де жеңімпаз анықталмаса, онда блиц бойынша жеңімпазды анықтауға тырысады. Алда-жалда бұл кезеңде де чемпионның есімін анықтау мүмкін болмаса, онда қарсыластар «Армагеддон» жүйесі бойынша шеберлік байқасады. Яғни бұл жерде ақ тасқа бес минут, қара тас иесіне төрт минут уақыт беріледі.