Сұхбат • 30 Сәуір, 2023

Сергей КВАК: Жолдама үшін барымызды саламыз

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкентте теннистен жас­өспірімдер арасындағы «Asia/Oceania Final Qualifying Juniors Davis Cup» және «Juniors Billie Jean King Cup» іріктеу сайыстарының жалауы жел­бірейді. Оған 16 жасқа дейінгі Азия және Тынық мұхит аймағының үздік теннисшілері қатысады. Осы ма­ңызды турнир алдында Қазақстан жас­өспірімдер құрамасының капи­та­ны Сергей Квакпен сөйлесіп, шә­кірттері­нің алдағы жарысқа дайын­дығын сұраған едік.

Сергей КВАК: Жолдама үшін барымызды саламыз

– Сергей, «Juniors Davis Cup» ірік­теу сайы­сына Қазақстан құра­ма­сы­ның тен­нис­шілері қандай да­йындықпен келді?

– Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өткен аптаның соңында Шымкентте бас қосып, жаттығу жиынын өткізді. Бәрінің көңіл күйі жақсы. Өзім және «Team Kazakhstan» академиясының директоры Тимур Аққазиев олармен үнемі байланыстамыз.

– Өткен жылы 14 жасқа дейінгі­лер арасындағы әлем чемпионатын­да сол құраманың капитаны болды­ңыз. Чехиядағы дүниежүзілік додада Қазақстан теннисшілері сәтті өнер көрсетіп, тарихта алғаш рет төр­тінші орынға табан тіреген болатын. 16 жасқа дейінгілер арасын­дағы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы осы жетістікті қайталай немесе одан асып түсе ала ма?

– Алдын ала бірдеңе деп айту қиын. Бәрін жарыс көрсетеді. Өткен жылы Қазақстанның жасөспірім теннисші­лері ауыз толтырып айтарлықтай толайым табысқа қол жеткізді. Биыл сол жетістігімізді қайталап қана қоймай, мүмкіндігінше жақсартқымыз келеді. Бұл – бәріміз үшін басты меже. Біздің команда мықты, нәтижені жақсарту үшін барлық мүмкіндік бар.

– Иә, биылғы құрам былтырғыдан осал емес сияқты. Заңғар Нұрланұлы мен Әмір Омархановтан үлкен үміт күтеміз. Құраманың үшінші ойыншысы қашан анықталады?

– Бұйырса, ертең белгілі болады. Үшінші ойыншы ретінде Дамир Жал­ғасбай, Артем Сидоров, Ерасыл Бақтияр­дың ішінен біреуін таңдап аламыз.

– Әмір мен Заңғардың бабы қандай?

– Әмір Омарханов ақпанда Қара­ғандыда өткен «ITF J60» додасының же­ңім­пазы атанды. Наурызда Герма­ния­дағы «J100» турнирінің ширек финалына дейін жетті. Ол жеке бапкері Петр Нестеровтің үнемі бақылауында. Әмірдің аяқалысы жаман емес, қазіргі таңда өз шеберлігін арттыра түсетіндей мүмкіндігі бар.

Заңғар Нұрланұлы да биыл «ITF» жарыстарында сәтті өнер көрсетіп жүр. Жыл басында Словакияда ұйым­дастырылған «J60» турнирінде үздік шықты. Сонымен қатар Аустрия, Ма­жарстан және Словакия елдеріндегі беделді додаларда да рейтингтік ұпай­ларға ие болып келеді.

– Шымкенттегі жарыстың шы­мыл­дығын қыздар арасындағы «Juniors Billie Jean King» іріктеу сайыстары түріп бермек. Осы сында кортқа шы­ға­тын Ярослава Шведованың шәкірт­теріне не айтасыз?

– Ең бастысы, әрине, жеңіс тілеймін. Олар өздерінің үздік өнерін көрсетеді деп сенемін. Біз өз тарапымыздан қол­дауға дайынбыз. Алға, Қазақстан!

– Әңгімеңізге рахмет. Қазақстан жас­өспірімдеріне жеңіс тілейміз.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»