– Сергей, «Juniors Davis Cup» іріктеу сайысына Қазақстан құрамасының теннисшілері қандай дайындықпен келді?
– Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өткен аптаның соңында Шымкентте бас қосып, жаттығу жиынын өткізді. Бәрінің көңіл күйі жақсы. Өзім және «Team Kazakhstan» академиясының директоры Тимур Аққазиев олармен үнемі байланыстамыз.
– Өткен жылы 14 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында сол құраманың капитаны болдыңыз. Чехиядағы дүниежүзілік додада Қазақстан теннисшілері сәтті өнер көрсетіп, тарихта алғаш рет төртінші орынға табан тіреген болатын. 16 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы осы жетістікті қайталай немесе одан асып түсе ала ма?
– Алдын ала бірдеңе деп айту қиын. Бәрін жарыс көрсетеді. Өткен жылы Қазақстанның жасөспірім теннисшілері ауыз толтырып айтарлықтай толайым табысқа қол жеткізді. Биыл сол жетістігімізді қайталап қана қоймай, мүмкіндігінше жақсартқымыз келеді. Бұл – бәріміз үшін басты меже. Біздің команда мықты, нәтижені жақсарту үшін барлық мүмкіндік бар.
– Иә, биылғы құрам былтырғыдан осал емес сияқты. Заңғар Нұрланұлы мен Әмір Омархановтан үлкен үміт күтеміз. Құраманың үшінші ойыншысы қашан анықталады?
– Бұйырса, ертең белгілі болады. Үшінші ойыншы ретінде Дамир Жалғасбай, Артем Сидоров, Ерасыл Бақтиярдың ішінен біреуін таңдап аламыз.
– Әмір мен Заңғардың бабы қандай?
– Әмір Омарханов ақпанда Қарағандыда өткен «ITF J60» додасының жеңімпазы атанды. Наурызда Германиядағы «J100» турнирінің ширек финалына дейін жетті. Ол жеке бапкері Петр Нестеровтің үнемі бақылауында. Әмірдің аяқалысы жаман емес, қазіргі таңда өз шеберлігін арттыра түсетіндей мүмкіндігі бар.
Заңғар Нұрланұлы да биыл «ITF» жарыстарында сәтті өнер көрсетіп жүр. Жыл басында Словакияда ұйымдастырылған «J60» турнирінде үздік шықты. Сонымен қатар Аустрия, Мажарстан және Словакия елдеріндегі беделді додаларда да рейтингтік ұпайларға ие болып келеді.
– Шымкенттегі жарыстың шымылдығын қыздар арасындағы «Juniors Billie Jean King» іріктеу сайыстары түріп бермек. Осы сында кортқа шығатын Ярослава Шведованың шәкірттеріне не айтасыз?
– Ең бастысы, әрине, жеңіс тілеймін. Олар өздерінің үздік өнерін көрсетеді деп сенемін. Біз өз тарапымыздан қолдауға дайынбыз. Алға, Қазақстан!
– Әңгімеңізге рахмет. Қазақстан жасөспірімдеріне жеңіс тілейміз.
Әңгімелескен
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»