Спорт • 30 Сәуір, 2023

Астанада аутист балалар арасында спорттық альпинизм фестивалі өтті

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекет пен қоғамның қолдауына мұқтаж. Өздерін қоршаған ортаның кішкентай бір бөлшегі ретінде сезіну олар үшін аса маңызды. Жуырда осы мақсатта елордадағы «KeruenCity» сауда ойын-сауық орталығында Альпинизм және құзға шығу республикалық және қала­лық федерацияларының қолдауымен аутизмі бар балаларға арналған ел тарихындағы алғашқы спорттық шыңға шығу фестивалі ұйымдастырылды.

Астанада аутист балалар арасында спорттық альпинизм фестивалі өтті

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Сейт­жан Кенжеғұл, Гүлдара Нұрымова, альпи­низм және спорттық құзға шығу феде­ра­циясының вице-президенті Ерлан Дари­мов, спортшылар одағы төралқасы­­­ның төр­ағасы – Ұлттық Олимпиада коми­теті Бас хатшысының орынбасары Серік ­Са­пиев, зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының басшысы Дина Темірғалиева қатысты.

Фестиваль аясында «Qadam Special School» тәрбиеленушілері жиналған қауым­ға өздерінің спорттық дағдыларын көрсетсе, ал олардың ата-аналары шыңға шығу бәсекесінде өз бақтарын сынап көру мүм­кіндігіне ие болды.

«Жалпы алғанда, «Autism Qadam» қо­ры ерекше балаларды қолдау үшін түрлі жоба­ларды, білім беру және спорттық бәсекелерді ұйымдастырумен айналысады. Осындай жобалардың бірі – «Qadam Special School»-да жүзеге асырылады, оған спорттық және академиялық компонент­тер кіреді. Өткен жылы Қазақстанда елі­міздегі аутизмі бар балаларымызға арнал­ған алғашқы спорттық шыңға шығу секциясы іске қосылды және бүгін бірінші фестивалімізді өткізіп отырмыз. Мұны өткі­зудегі негізгі мақсатымыз – аутизмі бар балалардың осы спорт түрімен өте табыс­ты айналыса алатынын көрсету. Еліміздің басқа өңірлері біздің үлгіні іліп әкетеді деп сенеміз», дейді «Autism Qadam» қорының президенті Айсұлу Мәжен.

«Qadam Special School» орталығының балалары бір жылдан бері «Vista» спорт клубы мамандарының көмегімен спорттық шыңға шығу негіздерін игеріп келе жатқанын айта кеткен жөн. Бұл секция – Қазақстандағы аутизмі бар балаларға арналған спорттық шыңға шығу бойынша алғашқы және жалғыз секция. Қазір ол жерде 20-ға жуық бала спорттың осы түрімен шұғылданады.

Жалпы, шыңға шығу спорты – жара­қаттану қаупі төмен және физиологиялық, яғни ағзаға ыңғайлы денешынықтыру­дың бір түрі. Бір жыл ішінде «Qadam Special School» тәрбиеленушілерінің жалпы әл-ауқаты мен денсаулық жағдайының айтарлықтай жақсарғаны байқалады.