Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Сейтжан Кенжеғұл, Гүлдара Нұрымова, альпинизм және спорттық құзға шығу федерациясының вице-президенті Ерлан Даримов, спортшылар одағы төралқасының төрағасы – Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары Серік Сапиев, зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының басшысы Дина Темірғалиева қатысты.
Фестиваль аясында «Qadam Special School» тәрбиеленушілері жиналған қауымға өздерінің спорттық дағдыларын көрсетсе, ал олардың ата-аналары шыңға шығу бәсекесінде өз бақтарын сынап көру мүмкіндігіне ие болды.
«Жалпы алғанда, «Autism Qadam» қоры ерекше балаларды қолдау үшін түрлі жобаларды, білім беру және спорттық бәсекелерді ұйымдастырумен айналысады. Осындай жобалардың бірі – «Qadam Special School»-да жүзеге асырылады, оған спорттық және академиялық компоненттер кіреді. Өткен жылы Қазақстанда еліміздегі аутизмі бар балаларымызға арналған алғашқы спорттық шыңға шығу секциясы іске қосылды және бүгін бірінші фестивалімізді өткізіп отырмыз. Мұны өткізудегі негізгі мақсатымыз – аутизмі бар балалардың осы спорт түрімен өте табысты айналыса алатынын көрсету. Еліміздің басқа өңірлері біздің үлгіні іліп әкетеді деп сенеміз», дейді «Autism Qadam» қорының президенті Айсұлу Мәжен.
«Qadam Special School» орталығының балалары бір жылдан бері «Vista» спорт клубы мамандарының көмегімен спорттық шыңға шығу негіздерін игеріп келе жатқанын айта кеткен жөн. Бұл секция – Қазақстандағы аутизмі бар балаларға арналған спорттық шыңға шығу бойынша алғашқы және жалғыз секция. Қазір ол жерде 20-ға жуық бала спорттың осы түрімен шұғылданады.
Жалпы, шыңға шығу спорты – жарақаттану қаупі төмен және физиологиялық, яғни ағзаға ыңғайлы денешынықтырудың бір түрі. Бір жыл ішінде «Qadam Special School» тәрбиеленушілерінің жалпы әл-ауқаты мен денсаулық жағдайының айтарлықтай жақсарғаны байқалады.