Оқиға • 09 Мамыр, 2023

Ерлігі мәңгі есте

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әскерге шақыру науқаны соғыстың алғашқы күнінен бастап жүргізіліп, қазақ жерінен майданға 1 200 000-ден астам адам алынса, оның 602 000-ға жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Майданда жанқиярлық ерлік­терімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген жер­лестеріміз 500-ге жуық.

Ерлігі мәңгі есте

Солардың бірі – бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Есбол (қазіргі Индер) ауданы Қаңбақты ауылында 1918 жылы дүниеге келіп, 1942 жылдың қаңтар айында «Испульский» әскери ко­миссариатынан соғысқа аттанған Боран Нысанбаев. Боран Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан облыстарынан әс­кер­ге алынған жауынгерлермен бірге со­ғысқа дейінгі әскери дайындықтан өткеннен кейін, Брянск майданының 48-әскер құрамындағы 137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің сапын толықтырып, Ресейдің Орел жерінде ауыр шайқастарды бастан кешірді.

Боран Нысанбаевтың «қаза тапқан­нан» кейінгі марапаттау парағы­ның жо­ғары жағында карандашпен «в книге фам. Нсамбаев» (соғыстан кейін жа­зылған болуы мүмкін) деп көр­се­тіліпті. Марапаттау парағында «Исим­баев Буран» деп қате жазылу себебі, соғыстың аласапыран уақытында штаб қызметкерлері мұсылман жауын­гер­ле­рінің аты-жөндерін қалай естіп, қа­былдаса, солай қағазға түсіріп отырған. Кей­бір қателер құжаттан құжатқа кө­шір­генде де қайталанып отырған. Мысалы, соғысқа бұрынғы Гурьев облысы «Жилокосинский» (қазіргі Жылыой ауданының соғыс уақытындағы атауы) ауданынан аттанған қатардағы жауынгер Сакура Дивагульбаның Ленинград облысында қаза тапқаны туралы Ресей Федерациясының Орталық архивінің «Мемориал» сайтында жариялаған құ­жаты бар. Бұл жерде ата-тегі болып көр­се­тілген «Сакура» Соқыров болса, алғашқы құжаттарында «Жагульбай» деп жазылған атын кейінірек құжаттан құжатқа көшіру барысында «Ж» әріпін «Див» деп оқып, есімі – «Дивагульба» деп жазып жіберген. Яғни штаб қыз­мет­керлерінің жоғарыға жіберген әс­ке­­­ри ақпарында берілген «Сакура Ди­­вагульба» – жылыойлық боздақ Жағалбай Соқыров.

Жауынгер Боран Нысанбаев Кеңес Ода­ғының Батыры деген атаққа ұсы­нылып, марапаттау парағында «1943 жылы 6 ақпанда қаза тапты» деп жа­зыл­ған. Ресей­дің «Дорога Памяти» жобасында «Орел облысы Покровский ауданы Лески ауылындағы қызыл әскер Боран Ны­сан­баев қаза тапқан жерге ескерт­кіш белгі орнатылды. Дросково орта мек­те­бі­нің аумағында Боран Нысан­баевтың бюсті қойылды» деп көрсе­тіл­іпті. Бірақ қазақтың қайсар ұлы сол жолы ауыр жараланып, госпитальға түскен.

1943 жылдың 26 сәуірінде І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наград­тал­ғанын және 14 мамырда Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағына ұсынылып, 23 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының төрағасы Михаил Ива­но­вич Калининнің жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағымен бірге, «Алтын Жұлдыз» медалі және «Ленин» ор­де­ні қоса берілгенін білместен, Боран Нысанбаев 336-атқыштар дивизиясының сапында ерлік жолдарын жалғастырған.

Боран Нысанбаевтың 336-атқыштар дивизиясының 1130-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері бола жүріп, 1943 жылы 14 желтоқсанда Украина же­рін­­де ерлікпен қаза тапқаны тура­лы әскери хабарламада былай деп көр­се­тіл­ген: «Насанбаев Саран. 1918 г.р. Крас­ноармеец 1 130 сп. 336 сд. Место рож­дения: Украинская ССР, Жито­мир­ская обл., Барашивский р-н. Место призыва: Испульский РВК, Горьковская обл. Сведения о родственниках: отец Мастиков Насанбай. Место жительства: Казах. ССР, Испульский р-н., Конбактинский с/сов. Убит 14.12.1943 г. Первичное место захоронения: Украин­ская ССР, Житомирская обл, Малинский р-н, Федоровский с/с., дом лесника, юго-западнее, 200 м» . Ақпарат көзі: Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві.

Әскери хабарламада жіберілген бұрмалаушылыққа түсініктеме бере кетсек. Бұл жерде «Насанбаев» Нысанбаев екені анық деуге болады. «Саран» деген есім – Боран. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей, құжаттан құжатқа көшіргенде «Б» әріп таңбасын «С» әрпімен жаңылысу соғыс уақытындағы көптеген мәліметте кездеседі. Туған жылы «1918» деп қатесіз көрсетілсе, туған жері «Украинская ССР, Жито­мирс­­кая обл., Барашивский р-н» деп тағы қателескен. Әскерге шақырған аудан­дық әскери комиссариаттың ата­уын «Испульский РВК, Горьковская обл.» деп жазылған деректегі «Горьковская», анығы – Гурьевская. Соғыс кезінде бұ­рынғы Гурьев облысының басқа да әс­кери міндеттілерінің кейбірінің құжат­тарында, әскерге шақырылған немесе туған жерлері «Горьковская», «Ку­риль­ская», «Горевская», «Куринская» деп жазылған. «Испульский» – Есбол ауданы, «Конбактинский с/сов.» – Қаңбақты ауылдық кеңесі. Әкесі Ны­сан­бай Мәстековтің аты-жөні «отец Мастиков Насанбай» болып белгіленген.

Индерлік батыр атамыздың қазіргі жер­ленген жері – Украи­наның Житомир облысы, Малин­ский ауданы, Ворсовка ауылы­ның ор­та­лы­ғындағы №824 қабір. Бауыр­лас­тар зиратының мемориалдық тақтасында ер есімі жазулы тұр. Сондай-ақ 1995 жылы жарық көрген Ресейдің Нижегород облысының «Книга Памяти» кітабының 13-томында Боран Нысанбаевтың аты-жөні жазылған. Бұл кітапқа батыры­мыз­дың есімі еніп кету себебі, қазіргі Нижегород облысы – бұрынғы Горький облысы. Жалпы, құпиясы ашыла бас­та­ған құжат­тарды парақтап отырып, 25 жасында көзсіз ерліктің бірінші қаһарманы атан­ған, кейіннен ерлігін қайталаған ерлерге сөзсіз өнеге болған Боранды нағыз батыр деуге толық негіз бар.

 

Жәнібек НАУАРОВ,

өлкетанушы

 

Ақтау 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024