Солардың бірі – бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Есбол (қазіргі Индер) ауданы Қаңбақты ауылында 1918 жылы дүниеге келіп, 1942 жылдың қаңтар айында «Испульский» әскери комиссариатынан соғысқа аттанған Боран Нысанбаев. Боран Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан облыстарынан әскерге алынған жауынгерлермен бірге соғысқа дейінгі әскери дайындықтан өткеннен кейін, Брянск майданының 48-әскер құрамындағы 137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің сапын толықтырып, Ресейдің Орел жерінде ауыр шайқастарды бастан кешірді.
Боран Нысанбаевтың «қаза тапқаннан» кейінгі марапаттау парағының жоғары жағында карандашпен «в книге фам. Нсамбаев» (соғыстан кейін жазылған болуы мүмкін) деп көрсетіліпті. Марапаттау парағында «Исимбаев Буран» деп қате жазылу себебі, соғыстың аласапыран уақытында штаб қызметкерлері мұсылман жауынгерлерінің аты-жөндерін қалай естіп, қабылдаса, солай қағазға түсіріп отырған. Кейбір қателер құжаттан құжатқа көшіргенде де қайталанып отырған. Мысалы, соғысқа бұрынғы Гурьев облысы «Жилокосинский» (қазіргі Жылыой ауданының соғыс уақытындағы атауы) ауданынан аттанған қатардағы жауынгер Сакура Дивагульбаның Ленинград облысында қаза тапқаны туралы Ресей Федерациясының Орталық архивінің «Мемориал» сайтында жариялаған құжаты бар. Бұл жерде ата-тегі болып көрсетілген «Сакура» Соқыров болса, алғашқы құжаттарында «Жагульбай» деп жазылған атын кейінірек құжаттан құжатқа көшіру барысында «Ж» әріпін «Див» деп оқып, есімі – «Дивагульба» деп жазып жіберген. Яғни штаб қызметкерлерінің жоғарыға жіберген әскери ақпарында берілген «Сакура Дивагульба» – жылыойлық боздақ Жағалбай Соқыров.
Жауынгер Боран Нысанбаев Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ұсынылып, марапаттау парағында «1943 жылы 6 ақпанда қаза тапты» деп жазылған. Ресейдің «Дорога Памяти» жобасында «Орел облысы Покровский ауданы Лески ауылындағы қызыл әскер Боран Нысанбаев қаза тапқан жерге ескерткіш белгі орнатылды. Дросково орта мектебінің аумағында Боран Нысанбаевтың бюсті қойылды» деп көрсетіліпті. Бірақ қазақтың қайсар ұлы сол жолы ауыр жараланып, госпитальға түскен.
1943 жылдың 26 сәуірінде І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталғанын және 14 мамырда Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, 23 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Михаил Иванович Калининнің жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағымен бірге, «Алтын Жұлдыз» медалі және «Ленин» ордені қоса берілгенін білместен, Боран Нысанбаев 336-атқыштар дивизиясының сапында ерлік жолдарын жалғастырған.
Боран Нысанбаевтың 336-атқыштар дивизиясының 1130-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері бола жүріп, 1943 жылы 14 желтоқсанда Украина жерінде ерлікпен қаза тапқаны туралы әскери хабарламада былай деп көрсетілген: «Насанбаев Саран. 1918 г.р. Красноармеец 1 130 сп. 336 сд. Место рождения: Украинская ССР, Житомирская обл., Барашивский р-н. Место призыва: Испульский РВК, Горьковская обл. Сведения о родственниках: отец Мастиков Насанбай. Место жительства: Казах. ССР, Испульский р-н., Конбактинский с/сов. Убит 14.12.1943 г. Первичное место захоронения: Украинская ССР, Житомирская обл, Малинский р-н, Федоровский с/с., дом лесника, юго-западнее, 200 м» . Ақпарат көзі: Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві.
Әскери хабарламада жіберілген бұрмалаушылыққа түсініктеме бере кетсек. Бұл жерде «Насанбаев» Нысанбаев екені анық деуге болады. «Саран» деген есім – Боран. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей, құжаттан құжатқа көшіргенде «Б» әріп таңбасын «С» әрпімен жаңылысу соғыс уақытындағы көптеген мәліметте кездеседі. Туған жылы «1918» деп қатесіз көрсетілсе, туған жері «Украинская ССР, Житомирская обл., Барашивский р-н» деп тағы қателескен. Әскерге шақырған аудандық әскери комиссариаттың атауын «Испульский РВК, Горьковская обл.» деп жазылған деректегі «Горьковская», анығы – Гурьевская. Соғыс кезінде бұрынғы Гурьев облысының басқа да әскери міндеттілерінің кейбірінің құжаттарында, әскерге шақырылған немесе туған жерлері «Горьковская», «Курильская», «Горевская», «Куринская» деп жазылған. «Испульский» – Есбол ауданы, «Конбактинский с/сов.» – Қаңбақты ауылдық кеңесі. Әкесі Нысанбай Мәстековтің аты-жөні «отец Мастиков Насанбай» болып белгіленген.
Индерлік батыр атамыздың қазіргі жерленген жері – Украинаның Житомир облысы, Малинский ауданы, Ворсовка ауылының орталығындағы №824 қабір. Бауырластар зиратының мемориалдық тақтасында ер есімі жазулы тұр. Сондай-ақ 1995 жылы жарық көрген Ресейдің Нижегород облысының «Книга Памяти» кітабының 13-томында Боран Нысанбаевтың аты-жөні жазылған. Бұл кітапқа батырымыздың есімі еніп кету себебі, қазіргі Нижегород облысы – бұрынғы Горький облысы. Жалпы, құпиясы ашыла бастаған құжаттарды парақтап отырып, 25 жасында көзсіз ерліктің бірінші қаһарманы атанған, кейіннен ерлігін қайталаған ерлерге сөзсіз өнеге болған Боранды нағыз батыр деуге толық негіз бар.
Жәнібек НАУАРОВ,
өлкетанушы
Ақтау