Спорт • 15 Мамыр, 2023

Талапты жастар қатысқан турнир

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Исі қазақта Жәнібек есім­ді батыр бірнешеу. Со­ның ішінде Ер Жәнібек Бердәулетұлы қазіргі Се­мей облысындағы Жар­ма ауданының Ортабұлақ ауы­лы маңында жерлен­ген. Қабанбай, Наурызбай, Дәу­летбай, Бөгенбай сияқты аты аңызға ай­налған батырлармен бірге тізе қосып, ұлтының азат­тығы жолында жауымен бел шешпей күрескен.

Талапты жастар қатысқан турнир

Найзагерлігі өз алдына, сем­серлесудің хас шебері атанған Ер Жә­нібекке жерлестері 2009 жыл­дың қыркүйегінде Орта­бұлақ ауылы маңында үлкен кешен орнатты. Батырға ар­налған ескерткіштің биіктігі 37 метр, жан-жағы мәрмәр таспен әшекейленді. Жыл сайын арнайы ас беруді, спорттың семсерлесу түрінен ауқымды тур­нир өткізуді жерлестері дәс­түрге айналдырған. Тек пан­демияға байланысты соңғы екі жыл бұл дәстүр тоқтап қалған болатын.

Сонымен Өскеменде осымен 17-ші рет Ер Жәнібек Бердәу­летұлын еске алуға арналған респуб­ликалық турнир өтті. Бұ­рын­дары халықаралық турнир атанған дәстүрлі жарыс қазір республикалық деңгейде ұйым­дастырылып жүр. Себебі белгілі, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас дәл бұрынғыдай болмай тұр. Ал турнир семсерлесу және рапира бойынша өтті. Оның салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсамбаев, облыстық семсерлесу және рапира федерациясының президенті Игорь Грязнов, осы турнир бас­та­лғалы басы-қасында жүріп, демеушілік танытып келе жат­қан іскер жандар Тоқтасын Ерубаев, Сейілжан Сайлаубаев, Қайрат Оразбаев, басқа да азаматтар сөз алып, Олимпиада бағ­дарламасына енетін бұл спорт түрін елімізде дамыту үшін жас­өспірімдер арасында жыл сайын осындай дүбірлі жарыс өткізудің жеміс беретінін тілге тиек етті.

Турнир бірнеше күнге созылды. Тартысты өткен жарыста сем­серлесуден жасөспірімдер арасында бірінші орынды Ал­маты облысының талантты жасы Алексей Касаткин жеңіп алды. Екінші орынды алматылық Георгий Тинников, үшінші орын­­­дарды Шығыс Қазақстан об­лы­сының қос өкілі Кирилл Про­хоров пен Богдан Лукин ие­ленді.

Қыздар арасында Алматы қаласының өкілі Наталья Зи­ня­кова чемпион атанды. Кристина Кра­сикова (ШҚО), Каролина Фо­мина (Алматы), Ләззат Кари­пова (ШҚО) кейінгі орындарды бө­лісті. Ал кадеттер арасында Ки­рилл Прохоров жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Тимур Иванов, Александр Шешин, Жанарбек Жанұзақов (барлығы Алматы қаласы) өзара бөлісті. Бұрымдылар арасында (ка­деттер) Кристина Красикова қарсылас шақ келтірмеді. Екінші және үшінші орындарды Полина Лесовая (Алматы) мен Әмина Саматова (ШҚО) және Хава Умаева (Алматы) жеңіп алды.

Рапира сайыстарында алма­тылық Галим Нұрымов жасөс­пірімдер арасында жеңім­паз атанды. Қыздар арасында Алматы қаласынан София Ақ­таева үздік шықты. Кадеттер арасында Абай облысынан келген Құсман Еділ чемпион атанды. Ал қыздар ара­сындағы тартысты сайыста тағы да София Ақтаева жеңіс тұғы­рының ең биік сатысына кө­терілді. Командалық есепте Алма­ты, қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері суырылып алдан көрінді.

«Семсерлесу мен рапира спор­­ты кейінгі жылдары елімізде ай­тарлықтай жақсы дамып келеді. Әсіресе Алматы қаласы мен Ал­маты, Шығыс Қазақстан облыс­тары және Шымкент қаласында спорттың бұл түріне көп көңіл бө­лінеді. Осындай дүбірлі жарыстарды тұрақты өткізудің маңызы зор. Жастардың шеберлігін арт­тырады. Мәселен, Руслан Кур­данов, Вадим Шарлаимов, Алина Ескендірова сияқты талантты жастар Азия чем­пионатында топ жарды, Әлем ку­богінде жүлде терді. Қыс­қасы, спорттың бұл түрінен түрлі жарыс­та үміті­міз бар», деді Қазақстан Рес­пуб­лика­сы семсерлесу және рапира феде­рациясының вице-президенті Қарлығаш Сайханова.

Жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен ес­керткіш сыйлықтар тапсырылды.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы