Найзагерлігі өз алдына, семсерлесудің хас шебері атанған Ер Жәнібекке жерлестері 2009 жылдың қыркүйегінде Ортабұлақ ауылы маңында үлкен кешен орнатты. Батырға арналған ескерткіштің биіктігі 37 метр, жан-жағы мәрмәр таспен әшекейленді. Жыл сайын арнайы ас беруді, спорттың семсерлесу түрінен ауқымды турнир өткізуді жерлестері дәстүрге айналдырған. Тек пандемияға байланысты соңғы екі жыл бұл дәстүр тоқтап қалған болатын.
Сонымен Өскеменде осымен 17-ші рет Ер Жәнібек Бердәулетұлын еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бұрындары халықаралық турнир атанған дәстүрлі жарыс қазір республикалық деңгейде ұйымдастырылып жүр. Себебі белгілі, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас дәл бұрынғыдай болмай тұр. Ал турнир семсерлесу және рапира бойынша өтті. Оның салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсамбаев, облыстық семсерлесу және рапира федерациясының президенті Игорь Грязнов, осы турнир басталғалы басы-қасында жүріп, демеушілік танытып келе жатқан іскер жандар Тоқтасын Ерубаев, Сейілжан Сайлаубаев, Қайрат Оразбаев, басқа да азаматтар сөз алып, Олимпиада бағдарламасына енетін бұл спорт түрін елімізде дамыту үшін жасөспірімдер арасында жыл сайын осындай дүбірлі жарыс өткізудің жеміс беретінін тілге тиек етті.
Турнир бірнеше күнге созылды. Тартысты өткен жарыста семсерлесуден жасөспірімдер арасында бірінші орынды Алматы облысының талантты жасы Алексей Касаткин жеңіп алды. Екінші орынды алматылық Георгий Тинников, үшінші орындарды Шығыс Қазақстан облысының қос өкілі Кирилл Прохоров пен Богдан Лукин иеленді.
Қыздар арасында Алматы қаласының өкілі Наталья Зинякова чемпион атанды. Кристина Красикова (ШҚО), Каролина Фомина (Алматы), Ләззат Карипова (ШҚО) кейінгі орындарды бөлісті. Ал кадеттер арасында Кирилл Прохоров жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Тимур Иванов, Александр Шешин, Жанарбек Жанұзақов (барлығы Алматы қаласы) өзара бөлісті. Бұрымдылар арасында (кадеттер) Кристина Красикова қарсылас шақ келтірмеді. Екінші және үшінші орындарды Полина Лесовая (Алматы) мен Әмина Саматова (ШҚО) және Хава Умаева (Алматы) жеңіп алды.
Рапира сайыстарында алматылық Галим Нұрымов жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Алматы қаласынан София Ақтаева үздік шықты. Кадеттер арасында Абай облысынан келген Құсман Еділ чемпион атанды. Ал қыздар арасындағы тартысты сайыста тағы да София Ақтаева жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Командалық есепте Алматы, қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері суырылып алдан көрінді.
«Семсерлесу мен рапира спорты кейінгі жылдары елімізде айтарлықтай жақсы дамып келеді. Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласында спорттың бұл түріне көп көңіл бөлінеді. Осындай дүбірлі жарыстарды тұрақты өткізудің маңызы зор. Жастардың шеберлігін арттырады. Мәселен, Руслан Курданов, Вадим Шарлаимов, Алина Ескендірова сияқты талантты жастар Азия чемпионатында топ жарды, Әлем кубогінде жүлде терді. Қысқасы, спорттың бұл түрінен түрлі жарыста үмітіміз бар», деді Қазақстан Республикасы семсерлесу және рапира федерациясының вице-президенті Қарлығаш Сайханова.
Жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қызметкері
Шығыс Қазақстан облысы