Әскер • 15 Мамыр, 2023

Қатардағы жауынгерден генералға дейін

1391 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1991 жылғы тамыз дағдарысы жетпіс жыл үстемдік құрған кеңес одағының құлауына алып келді. Осы тұста еліміз де егемендік алып, 1992 жылдың 7 мамырында Қарулы күштеріміз құрылды. Содан бері 31 жыл өтті. Осы уақыт ішінде елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін қаншама қыруар шаруа атқарылды. Ол кезең де бүгінде тарих қойнауына енді.

Қатардағы жауынгерден генералға дейін

«Кеңес дәуірінде КСРО-ның түпкір-түкпірінде жүріп сар­баздан полковникке дейін әске­ри қызметте болған біз кеңес үкі­меті ыдырай бастағанда-ақ, Қа­зақ­станда қызмет етеміз деп елге қайтуды ұйғардық. Осы­лайша, «Есің барда еліңді тап» деп мен де Отаныма оралдым», дей­ді генерал-майор Марат На­ғұманов.

Әңгіменің әлқиссасын «бала күнімде әскери теңізші офицер болуды армандадым» деп баста­ған ақсақалдың айтуынша, флотта болған көршісі Омар Хабаров теңізші формасымен ауылға келгенде атасының тымағы мен шапанынан басқа ештеңе көрмеген балаға дүниеде одан керемет мамандық жоқтай көрінеді. Өсе келе теңізші офицер болуды армандағанмен, оқуға түсуге барғанда денсаулығы бойынша өтпей­тін болып, жаяу әскер сапына алынады. Бір жыл тоғыз ай Отан алдындағы борышын өтеген соң ғана «офицер болсам» деген арманын жүзеге асырмаққа училищеге түседі. Сөйтіп, ардагердің алғашқы офицерлік жолының ашылғаны туралы әңгімесін ол: «Оқуға түсуіме әскерде жүріп ал­ған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалім, оның газет бетіне шы­ғуы және соғысқа қатысқан көкем мен нағашы атамның жаса­ған ерліктері себепші болды» деп өрбітті.

Әскердегі қызмет бабымен ол 1991 жылдың 29-30 наурызында Мәскеуде өткен конференцияға Балтық әскери округі комиссия­сы бақылау маршының төр­аға­­сы ретінде делегат болып ба­ра­ды. Әскери адамдардан бас­қа бұл конференцияға одақ­тас республикалардың да өкіл­де­рі қатысты. Олардың ішінде Қа­­зақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің хатшысы Сә­бит Байжанов та бар еді. Үзі­ліс ке­­зінде екі қазақ бір-бірін тауып, тілдеседі. Сәбит Байжа­нов: «Қайда жүрсіздер, елге қай­­­тыңыздар», дейді. Марат На­­­ғұ­ма­нов оған «полковник» ата­ғын алып ораламын» деп уәде бере­ді. Осы кездесуден кейін ол елге оралу жайлы іштей шешім қабылдайды.

1991 жылдың желтоқсанында Алматыға келіп алғашқы қор­ға­ныс министрі Сағадат Нұрмағам­бетовке кіреді. Осылайша 1992 жыл­дың 24 ақпан күні ТМД Бі­ріккен Қарулы күштері бас қолбасшысының №18 бұйры­ғымен кеңес одағының маршалы И.С. Конев атындағы Алматы жоғары командалық училищесі бастығының көмекшісі болып тағайындалып, сәуір айында елге келеді. Ал 7 мамыр күні Қарулы күштер құрылады.

«Сол кезде Сағадат Нұрма­ғамбетов маған: «Дәл қазір біздің армия үшін офицерлер дайындау – басты міндет. Генерал атағын әлі де аласың, ал офицерлер бүгін ауадай қажет» деген-ді. Осы бірауыз сөз қанат бітіріп, өз еліме қызмет етсем деген күш-жігер берді», деп еске алады генерал.

Ұлы көш осылайша офицерлер арасында ғана емес, сарбаздар мен курсанттар қатарында да жалғасты. 1992 жылы 204 бітіруші түлектің көбі елдеріне кетіп, 22 адам ғана қалды, олар­дың 11-і – қазақ. Негізі он екі қа­зақ болатын. «Өзге елге кеткен­мен ол да уақыт өте ке­ле елге оралды», дейді гене­рал. Сол заманда бүгінде Харь­ков гвардия­лық жоғары танк коман­далық училищесінен курсант Нұрлан Қашағанов (қазір генерал) кел­ді. Киевтегі жалпы әскери коман­далық училищесінен ағалы-інілі Дінмұхамед пен Аслан Жүсіповтер де оралды. Қазіргі уақытта бірі – полковник, бірі – генерал-майор. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Түрлі әскери оқу орындарынан жас мамандар ағылып елге келіп жатты.

Қарулы күштер құрылған тұста туған жерге оралған Марат Серәліұлы Алматыдағы жоғары әскери училище директорының тәрбие және идеология жөнін­дегі орынбасары болып тағайын­далып, көптеген офицер кадр­ды оқытуға атсалысады. Одан кейін Қарулы күштер академия­сында, Құрлық әскерлерінде тәрбие жөніндегі орынбасар, Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы қыз­мет­терін атқарады.

Ол уақытта қорғаныс саласында кадр жетіспеушілігі қат­ты байқалатын. Осындай қа­жет­тіліктен соң әскери учи­лище­де Қарулы күштерге 11 маман­дық бойынша, оның ішінде мотоат­қыштар, танкистер, артиллерис­тер, РАҚЖ қызметі, инженерлер, байланысшылар, автомобилистер, үш бағытта тылдық қамтамасыз етушілер және тәр­биеші офицерлер дайындау жөнінде көпсалалы әскери оқу орнын қайта құру туралы шешім қабылданады. Бұл 11 училище құрумен бірдей болды. Одан өзге училище базасында барынша әскери қызметшілерді оқытатын экстернат ұйымдастырылады. Жан-жақтан оқуға түсуге талапкерлер келе бастаған. Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына түсуге ниет білдіргендерді оқуға қабылдау да Алматыдағы әскери училищеде өткен.

Офицер кадрлардың ішінде буын, полк, дивизия, корпус мамандарының жетіспеуі тиісті командирлерді дайындауға деген қажеттілікті туындатты. Елі­мізде жалпы әскери және шекара әскерлері атты екі ғана училище болды. Олардың әрқайсы өз базасында әскери академия құруды ойластырды. Өйткені бұл әскери училище көптеген әскери мамандықтарға офицерлер даярлайтын мықты оқытушы-профес­сорлық құрамы бар, жақсы оқу-материалдық базасы бар білім ордасы болатын.

Генерал-майор Марат Нағұ­манов Президент – Қару­лы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшы­сының атына жоғары әскери мамандықтарда білім беретін офицер кадрларды дайындау жүйесін жетілдіру мақсатында тікелей құжаттар дайындаумен де айналысады. Алматыдағы әскери училищенің 25 жылды­ғына арналған іс-шарада әскери тәрбие ісінің майталманы Қорға­ныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің атынан офицер кадрларды дайын­дауға қосқан үлесі үшін грамота­мен марапатталады. Бұл ма­дақ Марат Серәліұлы үшін әлі күн­ге дейін үлкен құрмет бел­гі­сі. Алғашқы қорғаныс минис­трі­­нің тапсырмасын орындау ас­қан абырой екенін, әскери бі­лім жүйесінде алты жылдан астам еңбек еткенін, училищенің тәрбие саласындағы, сосын Қару­лы күштердің әскери академия­сындағы еңбегі еш кетпегенін айтады.

Қарулы күштердің құры­луы жайлы естелігінің соңын­да Әскери кеңес мүшесі – Бал­тық әскери округі саяси басқарма­сы­ның бастығы, генерал-пол­ков­­ник Иван Семенович Мед­ни­ковті ерекше атап өткен Марат Серәліұлы оның «Полк командирлерін көзіңнің қарашы­ғын­дай сақта, ісі мен лауазымын толық меңгеруі үшін оларға аттай үш жыл уақыт керек. Ал жас лейтенанттарды жазалауға мүлде болмайды. Ертең олардан жақсы командирлер шығады. Қоластындағыларды болаттай даусыңмен басып тастама» деген сөзі жүрегінде жатталып қалғанын, офицер кадрлардың қаншалықты бағалайтынын білдіргенін, осы қағида өзінің де ұстанымы болғанын дәйектеп, қазіргі командирлерге де кадр­ларды көздің қарашығындай сақтап, оларды әскери істің қажетіне мұқият жұмсауды айту парызы екенін жеткізді.

Сөз арасында бала күнінде Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндей қазақ батыр­лары­ның ерлігін естіп өскені, жат жұртта қызмет етіп жүргенде де Марат Нағұмановтың шыққан тегін ұмыттырмай, қайта бойында мақтаныш сезімін оятқан. Көпті көрген генералдың медальдарын көріп, «Марапаттарыңыздың қайсысы жаныңызға жақын?» деп сұрадым. Ол кісі: «Басқаларын қайдам, өзіме бәрінен ыстығы, алғаш сарбаз атанған кезде алған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалім» деп кеудесіне тағылған медальдардың ең төменгісін сипалап, сонау жастық шағына ойша барып қайтты.

Сарбаздан генералға дейінгі даңғыл жолды абыроймен жүріп өткен, әлі күнге сапта жастарға әс­кери ілім мен тәрбие беруге елеу­лі үлесін қосып келе жатқан Қару­лы күштердің ардагеріне ел игілігіне жұмсар қажымас қайрат тіледік.

 

Қарлығаш АҚЫЛБЕК,

әскери журналист