«Кеңес дәуірінде КСРО-ның түпкір-түкпірінде жүріп сарбаздан полковникке дейін әскери қызметте болған біз кеңес үкіметі ыдырай бастағанда-ақ, Қазақстанда қызмет етеміз деп елге қайтуды ұйғардық. Осылайша, «Есің барда еліңді тап» деп мен де Отаныма оралдым», дейді генерал-майор Марат Нағұманов.
Әңгіменің әлқиссасын «бала күнімде әскери теңізші офицер болуды армандадым» деп бастаған ақсақалдың айтуынша, флотта болған көршісі Омар Хабаров теңізші формасымен ауылға келгенде атасының тымағы мен шапанынан басқа ештеңе көрмеген балаға дүниеде одан керемет мамандық жоқтай көрінеді. Өсе келе теңізші офицер болуды армандағанмен, оқуға түсуге барғанда денсаулығы бойынша өтпейтін болып, жаяу әскер сапына алынады. Бір жыл тоғыз ай Отан алдындағы борышын өтеген соң ғана «офицер болсам» деген арманын жүзеге асырмаққа училищеге түседі. Сөйтіп, ардагердің алғашқы офицерлік жолының ашылғаны туралы әңгімесін ол: «Оқуға түсуіме әскерде жүріп алған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалім, оның газет бетіне шығуы және соғысқа қатысқан көкем мен нағашы атамның жасаған ерліктері себепші болды» деп өрбітті.
Әскердегі қызмет бабымен ол 1991 жылдың 29-30 наурызында Мәскеуде өткен конференцияға Балтық әскери округі комиссиясы бақылау маршының төрағасы ретінде делегат болып барады. Әскери адамдардан басқа бұл конференцияға одақтас республикалардың да өкілдері қатысты. Олардың ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Сәбит Байжанов та бар еді. Үзіліс кезінде екі қазақ бір-бірін тауып, тілдеседі. Сәбит Байжанов: «Қайда жүрсіздер, елге қайтыңыздар», дейді. Марат Нағұманов оған «полковник» атағын алып ораламын» деп уәде береді. Осы кездесуден кейін ол елге оралу жайлы іштей шешім қабылдайды.
1991 жылдың желтоқсанында Алматыға келіп алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке кіреді. Осылайша 1992 жылдың 24 ақпан күні ТМД Біріккен Қарулы күштері бас қолбасшысының №18 бұйрығымен кеңес одағының маршалы И.С. Конев атындағы Алматы жоғары командалық училищесі бастығының көмекшісі болып тағайындалып, сәуір айында елге келеді. Ал 7 мамыр күні Қарулы күштер құрылады.
«Сол кезде Сағадат Нұрмағамбетов маған: «Дәл қазір біздің армия үшін офицерлер дайындау – басты міндет. Генерал атағын әлі де аласың, ал офицерлер бүгін ауадай қажет» деген-ді. Осы бірауыз сөз қанат бітіріп, өз еліме қызмет етсем деген күш-жігер берді», деп еске алады генерал.
Ұлы көш осылайша офицерлер арасында ғана емес, сарбаздар мен курсанттар қатарында да жалғасты. 1992 жылы 204 бітіруші түлектің көбі елдеріне кетіп, 22 адам ғана қалды, олардың 11-і – қазақ. Негізі он екі қазақ болатын. «Өзге елге кеткенмен ол да уақыт өте келе елге оралды», дейді генерал. Сол заманда бүгінде Харьков гвардиялық жоғары танк командалық училищесінен курсант Нұрлан Қашағанов (қазір генерал) келді. Киевтегі жалпы әскери командалық училищесінен ағалы-інілі Дінмұхамед пен Аслан Жүсіповтер де оралды. Қазіргі уақытта бірі – полковник, бірі – генерал-майор. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Түрлі әскери оқу орындарынан жас мамандар ағылып елге келіп жатты.
Қарулы күштер құрылған тұста туған жерге оралған Марат Серәліұлы Алматыдағы жоғары әскери училище директорының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, көптеген офицер кадрды оқытуға атсалысады. Одан кейін Қарулы күштер академиясында, Құрлық әскерлерінде тәрбие жөніндегі орынбасар, Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы қызметтерін атқарады.
Ол уақытта қорғаныс саласында кадр жетіспеушілігі қатты байқалатын. Осындай қажеттіліктен соң әскери училищеде Қарулы күштерге 11 мамандық бойынша, оның ішінде мотоатқыштар, танкистер, артиллеристер, РАҚЖ қызметі, инженерлер, байланысшылар, автомобилистер, үш бағытта тылдық қамтамасыз етушілер және тәрбиеші офицерлер дайындау жөнінде көпсалалы әскери оқу орнын қайта құру туралы шешім қабылданады. Бұл 11 училище құрумен бірдей болды. Одан өзге училище базасында барынша әскери қызметшілерді оқытатын экстернат ұйымдастырылады. Жан-жақтан оқуға түсуге талапкерлер келе бастаған. Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына түсуге ниет білдіргендерді оқуға қабылдау да Алматыдағы әскери училищеде өткен.
Офицер кадрлардың ішінде буын, полк, дивизия, корпус мамандарының жетіспеуі тиісті командирлерді дайындауға деген қажеттілікті туындатты. Елімізде жалпы әскери және шекара әскерлері атты екі ғана училище болды. Олардың әрқайсы өз базасында әскери академия құруды ойластырды. Өйткені бұл әскери училище көптеген әскери мамандықтарға офицерлер даярлайтын мықты оқытушы-профессорлық құрамы бар, жақсы оқу-материалдық базасы бар білім ордасы болатын.
Генерал-майор Марат Нағұманов Президент – Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының атына жоғары әскери мамандықтарда білім беретін офицер кадрларды дайындау жүйесін жетілдіру мақсатында тікелей құжаттар дайындаумен де айналысады. Алматыдағы әскери училищенің 25 жылдығына арналған іс-шарада әскери тәрбие ісінің майталманы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің атынан офицер кадрларды дайындауға қосқан үлесі үшін грамотамен марапатталады. Бұл мадақ Марат Серәліұлы үшін әлі күнге дейін үлкен құрмет белгісі. Алғашқы қорғаныс министрінің тапсырмасын орындау асқан абырой екенін, әскери білім жүйесінде алты жылдан астам еңбек еткенін, училищенің тәрбие саласындағы, сосын Қарулы күштердің әскери академиясындағы еңбегі еш кетпегенін айтады.
Қарулы күштердің құрылуы жайлы естелігінің соңында Әскери кеңес мүшесі – Балтық әскери округі саяси басқармасының бастығы, генерал-полковник Иван Семенович Медниковті ерекше атап өткен Марат Серәліұлы оның «Полк командирлерін көзіңнің қарашығындай сақта, ісі мен лауазымын толық меңгеруі үшін оларға аттай үш жыл уақыт керек. Ал жас лейтенанттарды жазалауға мүлде болмайды. Ертең олардан жақсы командирлер шығады. Қоластындағыларды болаттай даусыңмен басып тастама» деген сөзі жүрегінде жатталып қалғанын, офицер кадрлардың қаншалықты бағалайтынын білдіргенін, осы қағида өзінің де ұстанымы болғанын дәйектеп, қазіргі командирлерге де кадрларды көздің қарашығындай сақтап, оларды әскери істің қажетіне мұқият жұмсауды айту парызы екенін жеткізді.
Сөз арасында бала күнінде Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндей қазақ батырларының ерлігін естіп өскені, жат жұртта қызмет етіп жүргенде де Марат Нағұмановтың шыққан тегін ұмыттырмай, қайта бойында мақтаныш сезімін оятқан. Көпті көрген генералдың медальдарын көріп, «Марапаттарыңыздың қайсысы жаныңызға жақын?» деп сұрадым. Ол кісі: «Басқаларын қайдам, өзіме бәрінен ыстығы, алғаш сарбаз атанған кезде алған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалім» деп кеудесіне тағылған медальдардың ең төменгісін сипалап, сонау жастық шағына ойша барып қайтты.
Сарбаздан генералға дейінгі даңғыл жолды абыроймен жүріп өткен, әлі күнге сапта жастарға әскери ілім мен тәрбие беруге елеулі үлесін қосып келе жатқан Қарулы күштердің ардагеріне ел игілігіне жұмсар қажымас қайрат тіледік.
Қарлығаш АҚЫЛБЕК,
әскери журналист