Аймақтар • 07 Маусым, 2023

Жаңа оңалту орталығы

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау қалалық перзентханасында 3 жасқа дейінгі ерекше балаларды оңалтатын орталық ашылды. «Қамқорлық қоры» қоғамдық қорының директоры Арайлым Еркінованың айтуынша, орталықта нейро-ортопедиялық сырқаты бар балаларға кешенді оңалту жүргізіледі.

Жаңа оңалту орталығы

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, қоғамда ерекше балалардың саулығын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Сол себептен, жаңа орталықта сырқат балаларды оңалту үшін жаңа әдістер қолданылады. Бұл ауруды ерте анықтауға, әсіресе ерекше балаларды өмірге бейімдеуге оң ықпалын тигізеді.

«Қамқорлық» атауы берілген оңал­ту орталығы медициналық, әлеуметтік және педагогикалық бағытта жұмыс істейді. Орталыққа шілде айынан бас­­тап церебралды сал ауруына шал­дық­қан, шала туу, Даун синдромы, да­муында туа біткен ақауы, бұлшықет дистро­фиясы, жүйке жүйесі бұзылған және басқа да сырқаты бар балалар қабылданады.

«Мұнда емделетін әр сәбиді оңалтудың жеке жоспары жасала­ды. Оңалтуды невропатологтер, оңалту дәрігерлері мен педиатрлар, емдік денешынықтыру нұсқаушылары, кәсіптік терапевтер мен логопедтер жүзеге асырады. Орталыққа балаларды оңалту үшін озық технологиялар ұсынылып отыр. Бұл – механотерапия және емдік дене шынықтыру залы, сенсорлық бөлме, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмесі. Бұған қосымша есту және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтар орнатылды. Мұндай жабдықтар дамудың алғашқы кезеңіндегі бұзушылықтар­ды анықтауға, соған сәйкес оңалту бағытын әзірлеуге мүмкіндік береді», дейді Арайлым Еркінова.

 

Атырау облысы