Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, қоғамда ерекше балалардың саулығын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Сол себептен, жаңа орталықта сырқат балаларды оңалту үшін жаңа әдістер қолданылады. Бұл ауруды ерте анықтауға, әсіресе ерекше балаларды өмірге бейімдеуге оң ықпалын тигізеді.
«Қамқорлық» атауы берілген оңалту орталығы медициналық, әлеуметтік және педагогикалық бағытта жұмыс істейді. Орталыққа шілде айынан бастап церебралды сал ауруына шалдыққан, шала туу, Даун синдромы, дамуында туа біткен ақауы, бұлшықет дистрофиясы, жүйке жүйесі бұзылған және басқа да сырқаты бар балалар қабылданады.
«Мұнда емделетін әр сәбиді оңалтудың жеке жоспары жасалады. Оңалтуды невропатологтер, оңалту дәрігерлері мен педиатрлар, емдік денешынықтыру нұсқаушылары, кәсіптік терапевтер мен логопедтер жүзеге асырады. Орталыққа балаларды оңалту үшін озық технологиялар ұсынылып отыр. Бұл – механотерапия және емдік дене шынықтыру залы, сенсорлық бөлме, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмесі. Бұған қосымша есту және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтар орнатылды. Мұндай жабдықтар дамудың алғашқы кезеңіндегі бұзушылықтарды анықтауға, соған сәйкес оңалту бағытын әзірлеуге мүмкіндік береді», дейді Арайлым Еркінова.
Атырау облысы