Жастар • 20 Маусым, 2023

Жасай бер, жақсылық жасағы!

195 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ерікті болу ермек те, ерлік те емес. Қысылғанға қолұшын созу – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Ынталы жүректен шыққан титтей ықыласты іс үлкен түйткілдердің түйінін тарқатуы мүмкін. Өйткені жан баласына жақсылық жасау үшін асып-тасқан дәулеттің де қажеті шамалы, сәл ғана мейірім болса жеткілікті.

Жасай бер, жақсылық жасағы!

Құндылықтар құлдырап, бәсе­кенің бәсі қызған уақытта әркім өз басымен әлек. Дегенмен өмір ағысы қалай құбылса да, айналаға әйтеуір бір шарапатын тигізу – көп адамның көңіліндегі іс. Күнделікті өмірде кеудедегі осы бір ізгі ниетті жүзеге асырудың оңтайы әсте келе бермеуі мүмкін, ал көпшілік күш біріктірсе, «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Хал­қымыздың салт-санасына сіңген үме, асар секілді игі істерді зама­науи сипатқа сай түрлендіріп, бір сөзбен волонтерлік деп атап жүр­міз. Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 2021 жыл «Волонтер жылы» ретінде жарияланып, игі үрдіске айналды.

Иә, қайырымдылық қанат қақса қандай жақсы. Жақсылыққа негізделген әрбір істің түпкі өзегінде жақсы үміт, игі сенім, бауырмалдық пен береке жатыр. Күні кеше Абай облысында орын алған төтенше жағдай, Алматыдағы Қаңтар оқиғасы, алты құрлыққа ауыз салған пандемия елдегі бірлік, жақсылық, қайырымдылықтың бағасын бұрынғыдан да биіктетті. Өңір-өңірлерде өз еркімен жақсылыққа бастамашы болған жандардың қай-қайсысы да зор құрметке лайық. Олардың бәрін бір мақсат­қа жұмылдырған тұтастық пен тілектестік һәм ұлт рухының мыз­ғымас беріктігі. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен қаһар­мандарды көпшілікке үлгі ету жақсылықтың арнасын одан сайын кеңіте бермек.

Статистиканы сөйлетсек, бү­гінде әлем бойынша жүз мил­лионға жуық адам «волонтер­лік» деп аталатын осынау ізгі іспен айналысады екен. Біздің елімізде де бұл дәстүр өрісін кеңейтіп келеді. Соңғы екі жылда еліміздегі бірнеше жоғары оқу ошағының қабырғасынан «Волонтерлер орталығы» ашылғаны мәлім. Ал елдегі волонтерлік ұйымдардың саны 700-ге жуықтаған. Қоғамның ізгіленуіне үлес қосқан жандардың қатары артып, игі бастама жүйелі жалғасуда. «Көп түкірсе – көл» дегендей, әлеуметтік желінің әлеуе­тін тиімді пайдаланған азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Еріктілердің көмегімен қаншама жанның баспана жыры байыпты шешімін таба бастады. Бұл ізгілікте шекара болмайтынының дәлелі.

Еріктілік тек қол көмегімен емес, біліммен, өнермен де өріс таба алады. Соңғы уақыттары зият­кер жастар көпшілікке пайдасы тиетін құрылғылар, бағдарламалар ойлап табу арқылы айналасына көмек көрсетіп жүр. Айталық, алматылық ерікті жас Динара Қалиханның бұл бағыттағы бас­тамалары – замандастарына үздік үлгі. Қоғамға қайтсем де пайдамды тигізем деген ол қатарластарымен бірге волонтерлікке ден қойған. Әлемнің 20-дан астам үздік оқу орнына бір мезетте шақырту алған білімді қыз қауіпсіздік, білім беру салалары бойынша айрықша жобалар ойлап тапқан.

– Пандемия кезінде мек­­теп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр болды. Ал бұл ке­зең­­де заман­дастарыма арналған ақылы қосымша сабақтар мен ма­те­риалдар жинақтары интернет­те үлкен сұранысқа ие болғаны­мен, қаржылық жағынан ата-аналарға қолайсыздық тудырды. Мен О.Жәутіков мектебіне түсу үшін тапсыратын емтихандарға дайындалуға арналған білім платформасын әзірлеп шықтым. 74 бейнесабақ пен 740 есептен тұратын жоба өз нәтижесін көрсетіп, 500-ден астам талапкер бағдарламаның көмегіне жүгінді. Математика және бағдарламалау бойынша аз қамтылған отбасы­лардың балаларына 200 сабақ өткіздім. Бір адамға болса да көмегім тисе, өзімді бақытты сезінемін, – дейді Динара Қали­хан.

Динара бұдан бөлек, Асыл Нарша есімді құрбысымен бірге нәзік жандарды қорғауға арналған «Столик 99» деп аталатын ерекше бағдарлама ойлап тапқан. Бағдарламаға тіркелген азаматтар жеке басына қауіп төнгенде құпия сөзді айту арқылы көмек сұрай алады. Бірер жыл бұрын өмірге келген бағдарлама тек ханымдарды емес, қиындыққа тап болған әрбір азаматты қорғауға көмегін тигізетін көрінеді.

Бірнеше жылдан бері волонтер­лікті жанына серік еткен тағы бір алматылық – Шамиль Ванкеев. «Адамдардың ең абзалы – өзге адамдарға пайдалы болғандары» деген ұстанымды алға ұстаған Шамиль өзі жетекшілік ететін «Menin Armanym» корпоративтік қоры арқылы Қазақстан бойынша қатерлі ісікке шалдыққан 200 баланың арманын орындауға мұрындық болған.

– Біз сыйлық бермейміз, емделуге қаражат жинамаймыз, науқас балдырғандардың арман қалауларын мүмкіндігінше орын­дауға тырысамыз. Алматыда өте­тін кез келген ауқымды іс-ша­ра­дан еріктілер тыс қалып жат­қан жоқ. Төтенше жағдай кезін­де де олар жігер көрсетті. Олар­ды ынтымаққа ұйыстыратын бір ғана күш – қоғамның ізгіле­нуі мен қайырымдылық. Каран­тин кезеңінде мұқтаждарға үлес­ті­рілген 20 мың азық-түлік себет­терін таратуға волонтерлер үлес қосты. Сенбі, жексенбі демей тегін қызмет көрсетті, олар өз еңбегіне ешқандай ақы төлемейді. Волонтерлік жас шектемейді. Әрбір адам волонтер бола алады. Бұл адамды рухани биіктететін қуатты күш, – дейді Шамиль Ванкеев.

Шамиль тілге тиек еткендей, шынында волонтерлік адам­дар­­ды санатқа бөлмейді. Себе­бі бұл – адамгершілік пен парасат­тылықтың айқын көрінісі. Мың бояулы мегаполисте мұны жан жүрегімен түйсінгендер аз емес. Қаншама отбасы табысынан қағылып, талай жанның тіршілігі тұралап тұрған тұста қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмекке келген жомарт жүректі жандардың жөні бөлек. Солардың тағы бірі – жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету дәстүрін үзбей келе жатқан Сырымбек Тауұлы. Кәсіпкер мұқтаж отбасыларға ішіне азық-түлік толтырылған жақсылық жәшігін үлестіруді дәстүрге айналдырған. Жомарт жанның бұл жобаны бірнеше жылдан бері қолға алғанын білеміз. «Қазақта «бөліссең тоқ боласың, бөлінсең жоқ боласың» деген мәні терең сөз бар. Жағдайлы азаматтар барымен бөлісіп, жоқ-жітікке қарайласса ісі де ілгері басады. Бұл – жаратылыстың бұлжымас заңы. Біз әрқашан халыққа, сол арқылы мемлекетімізге көмек көрсетуіміз керек. Ең бастысы мұны жай ғана науқаншылдыққа айналдырмай, өмірлік мақсатымыз ретінде қарасақ сауабы да мол болмақ», дейді ол.

Кез келген жақсылыққа не­гіз­дел­ген істі волонтерлік деп атауымызға болады. Оның аты мен сыртқы көрінісінен гөрі ішкі мазмұны маңызды. Себебі бұл жай ғана ұрда-жық ұран емес, шын көңілдің, риясыз ықыластың ісі. Өз өміріне қатер төндіретін қауіптен қаймықпай өрт сөндіруге кіріскен абайлықтар, сын сағатта ерік-жігерімен үн қосқан барша ел тұрғындары бекем бірліктің үлгісін танытты. Даласынан дархандық дарып, өмір өнеге­сін ізгілікпен өрнектеген баба­ларымыз қайсыбір қилы кезең­дерде де Аллаға жағар амалдан алшақ кете алмаған. Тұрмыс тіршілігі шалқып жатпаса да жа­қынын жарға тастамай, қайы­рымдылықтың қақ­па­сы ашылған жерден қалыс қалмай­тын, қам­қор­лыққа бейіл жандар сол сара жолдың жалғасы.

 

АЛМАТЫ