Құндылықтар құлдырап, бәсекенің бәсі қызған уақытта әркім өз басымен әлек. Дегенмен өмір ағысы қалай құбылса да, айналаға әйтеуір бір шарапатын тигізу – көп адамның көңіліндегі іс. Күнделікті өмірде кеудедегі осы бір ізгі ниетті жүзеге асырудың оңтайы әсте келе бермеуі мүмкін, ал көпшілік күш біріктірсе, «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Халқымыздың салт-санасына сіңген үме, асар секілді игі істерді заманауи сипатқа сай түрлендіріп, бір сөзбен волонтерлік деп атап жүрміз. Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 2021 жыл «Волонтер жылы» ретінде жарияланып, игі үрдіске айналды.
Иә, қайырымдылық қанат қақса қандай жақсы. Жақсылыққа негізделген әрбір істің түпкі өзегінде жақсы үміт, игі сенім, бауырмалдық пен береке жатыр. Күні кеше Абай облысында орын алған төтенше жағдай, Алматыдағы Қаңтар оқиғасы, алты құрлыққа ауыз салған пандемия елдегі бірлік, жақсылық, қайырымдылықтың бағасын бұрынғыдан да биіктетті. Өңір-өңірлерде өз еркімен жақсылыққа бастамашы болған жандардың қай-қайсысы да зор құрметке лайық. Олардың бәрін бір мақсатқа жұмылдырған тұтастық пен тілектестік һәм ұлт рухының мызғымас беріктігі. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен қаһармандарды көпшілікке үлгі ету жақсылықтың арнасын одан сайын кеңіте бермек.
Статистиканы сөйлетсек, бүгінде әлем бойынша жүз миллионға жуық адам «волонтерлік» деп аталатын осынау ізгі іспен айналысады екен. Біздің елімізде де бұл дәстүр өрісін кеңейтіп келеді. Соңғы екі жылда еліміздегі бірнеше жоғары оқу ошағының қабырғасынан «Волонтерлер орталығы» ашылғаны мәлім. Ал елдегі волонтерлік ұйымдардың саны 700-ге жуықтаған. Қоғамның ізгіленуіне үлес қосқан жандардың қатары артып, игі бастама жүйелі жалғасуда. «Көп түкірсе – көл» дегендей, әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Еріктілердің көмегімен қаншама жанның баспана жыры байыпты шешімін таба бастады. Бұл ізгілікте шекара болмайтынының дәлелі.
Еріктілік тек қол көмегімен емес, біліммен, өнермен де өріс таба алады. Соңғы уақыттары зияткер жастар көпшілікке пайдасы тиетін құрылғылар, бағдарламалар ойлап табу арқылы айналасына көмек көрсетіп жүр. Айталық, алматылық ерікті жас Динара Қалиханның бұл бағыттағы бастамалары – замандастарына үздік үлгі. Қоғамға қайтсем де пайдамды тигізем деген ол қатарластарымен бірге волонтерлікке ден қойған. Әлемнің 20-дан астам үздік оқу орнына бір мезетте шақырту алған білімді қыз қауіпсіздік, білім беру салалары бойынша айрықша жобалар ойлап тапқан.
– Пандемия кезінде мектеп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр болды. Ал бұл кезеңде замандастарыма арналған ақылы қосымша сабақтар мен материалдар жинақтары интернетте үлкен сұранысқа ие болғанымен, қаржылық жағынан ата-аналарға қолайсыздық тудырды. Мен О.Жәутіков мектебіне түсу үшін тапсыратын емтихандарға дайындалуға арналған білім платформасын әзірлеп шықтым. 74 бейнесабақ пен 740 есептен тұратын жоба өз нәтижесін көрсетіп, 500-ден астам талапкер бағдарламаның көмегіне жүгінді. Математика және бағдарламалау бойынша аз қамтылған отбасылардың балаларына 200 сабақ өткіздім. Бір адамға болса да көмегім тисе, өзімді бақытты сезінемін, – дейді Динара Қалихан.
Динара бұдан бөлек, Асыл Нарша есімді құрбысымен бірге нәзік жандарды қорғауға арналған «Столик 99» деп аталатын ерекше бағдарлама ойлап тапқан. Бағдарламаға тіркелген азаматтар жеке басына қауіп төнгенде құпия сөзді айту арқылы көмек сұрай алады. Бірер жыл бұрын өмірге келген бағдарлама тек ханымдарды емес, қиындыққа тап болған әрбір азаматты қорғауға көмегін тигізетін көрінеді.
Бірнеше жылдан бері волонтерлікті жанына серік еткен тағы бір алматылық – Шамиль Ванкеев. «Адамдардың ең абзалы – өзге адамдарға пайдалы болғандары» деген ұстанымды алға ұстаған Шамиль өзі жетекшілік ететін «Menin Armanym» корпоративтік қоры арқылы Қазақстан бойынша қатерлі ісікке шалдыққан 200 баланың арманын орындауға мұрындық болған.
– Біз сыйлық бермейміз, емделуге қаражат жинамаймыз, науқас балдырғандардың арман қалауларын мүмкіндігінше орындауға тырысамыз. Алматыда өтетін кез келген ауқымды іс-шарадан еріктілер тыс қалып жатқан жоқ. Төтенше жағдай кезінде де олар жігер көрсетті. Оларды ынтымаққа ұйыстыратын бір ғана күш – қоғамның ізгіленуі мен қайырымдылық. Карантин кезеңінде мұқтаждарға үлестірілген 20 мың азық-түлік себеттерін таратуға волонтерлер үлес қосты. Сенбі, жексенбі демей тегін қызмет көрсетті, олар өз еңбегіне ешқандай ақы төлемейді. Волонтерлік жас шектемейді. Әрбір адам волонтер бола алады. Бұл адамды рухани биіктететін қуатты күш, – дейді Шамиль Ванкеев.
Шамиль тілге тиек еткендей, шынында волонтерлік адамдарды санатқа бөлмейді. Себебі бұл – адамгершілік пен парасаттылықтың айқын көрінісі. Мың бояулы мегаполисте мұны жан жүрегімен түйсінгендер аз емес. Қаншама отбасы табысынан қағылып, талай жанның тіршілігі тұралап тұрған тұста қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмекке келген жомарт жүректі жандардың жөні бөлек. Солардың тағы бірі – жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету дәстүрін үзбей келе жатқан Сырымбек Тауұлы. Кәсіпкер мұқтаж отбасыларға ішіне азық-түлік толтырылған жақсылық жәшігін үлестіруді дәстүрге айналдырған. Жомарт жанның бұл жобаны бірнеше жылдан бері қолға алғанын білеміз. «Қазақта «бөліссең тоқ боласың, бөлінсең жоқ боласың» деген мәні терең сөз бар. Жағдайлы азаматтар барымен бөлісіп, жоқ-жітікке қарайласса ісі де ілгері басады. Бұл – жаратылыстың бұлжымас заңы. Біз әрқашан халыққа, сол арқылы мемлекетімізге көмек көрсетуіміз керек. Ең бастысы мұны жай ғана науқаншылдыққа айналдырмай, өмірлік мақсатымыз ретінде қарасақ сауабы да мол болмақ», дейді ол.
Кез келген жақсылыққа негізделген істі волонтерлік деп атауымызға болады. Оның аты мен сыртқы көрінісінен гөрі ішкі мазмұны маңызды. Себебі бұл жай ғана ұрда-жық ұран емес, шын көңілдің, риясыз ықыластың ісі. Өз өміріне қатер төндіретін қауіптен қаймықпай өрт сөндіруге кіріскен абайлықтар, сын сағатта ерік-жігерімен үн қосқан барша ел тұрғындары бекем бірліктің үлгісін танытты. Даласынан дархандық дарып, өмір өнегесін ізгілікпен өрнектеген бабаларымыз қайсыбір қилы кезеңдерде де Аллаға жағар амалдан алшақ кете алмаған. Тұрмыс тіршілігі шалқып жатпаса да жақынын жарға тастамай, қайырымдылықтың қақпасы ашылған жерден қалыс қалмайтын, қамқорлыққа бейіл жандар сол сара жолдың жалғасы.
АЛМАТЫ