Футбол • 22 Маусым, 2023

Алғашқы қарсыластары белгілі

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Швейцарияның Ньон қа­ласында футболдан Чем­пиондар лигасы мен Кон­ференция лигасына қаты­сатын командалардың жеребесі тартылды. 2023-2024 жылғы Еуро­дода жарыстарында ел­ор­­даның «Астанасы» Чем­­­­пиондар лигасында, ал Ақ­төбенің «Ақтөбе», Шым­­­кенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «То­былы» бірер жыл бұрын ғана тұсауы кесілген Кон­ференция лигасында бақ сынайды.

Алғашқы қарсыластары белгілі

УЕФА-ның штаб пәтерінде ең алдымен Чемпиондар лигасының жеребесі тартылды. 2013-2014 жылғы маусымнан бері Еуро­ку­бок бәсекелеріне тұрақты қа­тысып келе жатқан «Астана» Чемпиондар лигасының алғашқы айналымында Грузияның «Ди­намо» командасымен шебер­лік байқасатын болды. Іргетасы 1925 жылы қаланған Тбилиси ұжымы 97 жылдың ішінде 19 мәрте ұлттық чемпионатында жеңіске жетсе, 13 рет Грузия кубогінің жеңімпазы атанған. Сонымен қатар 8 рет Грузия суперкубогінде үздік шыққан екен. Ал «Астана» былтыр ел чемпионатында өзінің жетінші чемпиондығын тойлады. Сондай-ақ кейінгі 10 жылдың көлеміндегі еліміздің даңқты командасы үш мәрте Қазақстан кубогі бәсекесінде, алты рет ел суперкубогінде топ жарған.

Екі клубтың да халықаралық аренадағы жетістігіне тоқталар болсақ, «Динамо» бір ғасыр ара­лығындағы ең ірі жеңісіне 1981 жылы қол жеткізді. Сол жылы Қара теңіздің оң жаға­лауында орналасқан елдің бас командасы бұрынғы Кубок иелерінің кубогі додасында Германияның «Карл Цейсс» клубын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, тұңғыш рет кубокті басынан асыра көтерген еді. Одан кейінгі уақытта динамолықтар ауыз толтырып айтарлықтай нәти­жеге қол жеткізе алмады. Тек 2005 жылы бұрынғы УЕФА кубогі, қазіргі – Еуропа лига­сының топтық кезеңінде ойнау бақытына ие болады.

Құрылғанына 14 жыл болған «Астананың» халықаралық аре­нада «Динамо» сияқты ірі же­тістігі болмаса да, елордалық ұжым 2013 жылдан бері Еуро­кубок жарыстарына тұрақты қа­тысып келеді. 10 жылдың кө­ле­мінде жерлестеріміз бір рет (2016 жылы) – Чемпиондар лига­сының, төрт мәрте Еуропа лигасының (2016, 2017, 2018, 2019) топтық кезеңдерінде ойнады. Сондай-ақ 2017/18 жылғы маусымда Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткенін еліміздің футбол жанкүйерлері жақсы біледі.

«Астана» Еурокубок ая­сын­дағы матчтарда алғаш рет гру­зиялық командамен жолы түйіс­келі тұр. Ал өзге отан­дық командалар бұған дейін бірнеше мәрте Грузия клубтарымен жасыл алаңда шеберлік байқасып көрген. Атап айтқанда, дәл осы «Динамо» командасымен елі­міздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» 2014 жылы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында кездесіп, екі ойынның қо­рытындысы бойынша 4:0 (3:0, 1:0) есебімен жеңіске жетіп, турнирдің үшінші айналымына жолдама алған.

«Динамо» командасы қазіргі таңда УЕФА рейтингінде 187-орынға табан тіреген. «Trans­fer­markt.de» сайтының мәлі­меті бойынша командадағы фут­болшылардың жалпы құны (23 футболшы) 9 млн еуроны құ­рап отыр. Оның ішінде алтауы – шет­елдік легионер. Сондай-ақ «Динамоның» үш футболшысы өз елдерінің ұлттық құрамасына шақырылған. Құрамның орта жасы – 23,9. Команданың ең қым­бат футболшылары кімдер деп сұрай қалсаңыз, оны да айтайық. Бұл ретте «Динамо» са­пындағы екі футболшыны ерек­ше атап өтуге болады. Олар: 26 жастағы қорғаушы Джемаль Та­бидзе мен 22 жастағы жартылай қорғаушы Анзор Меквабишвили. Екеуінің де құны 1 миллион еуроға бағаланған.

«Астана» командасына келер болсақ, еліміздің жеті дүр­кін чемпиондары УЕФА рей­тин­гінде 110-орында тұр. Фут­бол­шылардың жалпы құны – 12,73 млн еуро. Өкініш­ке қа­рай, «Динамомен» салыс­тыр­ған­да «Астанада» легионер фут­­болшылардың қатары көп. Би­ылғы маусымда «Астана» са­пында 11 (!) шетелдік футбол­шы доп тебеді. Ал 23 футбол­шы­ның 13-і өз елдерінің ұлт­тық құрамаларында ойнай­ды. Клубтың орташа жасы – 28. Елор­далық ұжымның қатарындағы ең қымбат футболшы – Дембо Дарбо. 24 жастағы Гамбия ұлттық құ­рамасының шабуылшысы қа­зіргі таңда «Transfermarkt.de» сай­тында 1,80 миллион еуроға бағаланған. Одан кейінгі қымбат футболшылардың қатарында Беларусь өкілі – Макс Эбонг (1,20 млн), Солтүстік Македония ойын­шысы – Алекса Аманович және Армения құрамасының қор­ғау­шысы – Вараздат Ароян (екеуі де 1 млн) бар.

Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу 11 немесе 12 шілде күні ел­ордада, қарымта матч бір ап­та­дан соң, яғни 18 немесе 19 шіл­деде сырт алаңда өтеді деп жос­­парланған. Осы жұпта же­ңіс­ке жеткен ұжым турнирдің екін­ші айналымында «Динамо» Загребпен кездеседі.

Сондай-ақ Чемпиондар лигасы жеребесінің ізін ала Конфе­ренция лигасының бірінші айна­лымында бақ сынайтын «Тобыл­дың» да қарсыластары анық­талды. Былтырғы ел чемпиона­тында қола жүлде ие­ленген қос­­танайлық команда бірінші ай­­налымында Финлян­дияның «Хонка» командасымен кездеседі.

Негізі 1957 жылы қаланған Эспоо қаласының командасы Еуропада да, өз елінде аса танымал емес. Себебі клуб құрыл­ған 66 жылдың ішінде бірде-бір рет өз елінің ұлттық чемпиона­тында топ жармаған. Еуроку­бок бәсекелерінде де ешқашан да­ра­­ланбаған. Тек бір мәрте ғана Фин­ляндия кубогінде (2012 жылы) жеңімпаз атанған. «То­был» болса, екі мәрте ел чемпио­натында, бір рет Қазақстан ку­богінде, екі рет суперкубогте же­ңіс тұғырына кө­терілген. Екі ұжым арасындағы кездесулер 13 шілдеде Қостанайда, 20 шілдеде Эспоо қаласында өтеді.

Сонымен қатар Конференция лигасында ел намысын қорғай­тын «Ордабасы» мен «Ақтөбе» атал­ған турнирдегі жорығын екінші айналымнан бастайды. Олар­дың қарсыластары кеше кеш­кісін белгілі болды.