УЕФА-ның штаб пәтерінде ең алдымен Чемпиондар лигасының жеребесі тартылды. 2013-2014 жылғы маусымнан бері Еурокубок бәсекелеріне тұрақты қатысып келе жатқан «Астана» Чемпиондар лигасының алғашқы айналымында Грузияның «Динамо» командасымен шеберлік байқасатын болды. Іргетасы 1925 жылы қаланған Тбилиси ұжымы 97 жылдың ішінде 19 мәрте ұлттық чемпионатында жеңіске жетсе, 13 рет Грузия кубогінің жеңімпазы атанған. Сонымен қатар 8 рет Грузия суперкубогінде үздік шыққан екен. Ал «Астана» былтыр ел чемпионатында өзінің жетінші чемпиондығын тойлады. Сондай-ақ кейінгі 10 жылдың көлеміндегі еліміздің даңқты командасы үш мәрте Қазақстан кубогі бәсекесінде, алты рет ел суперкубогінде топ жарған.
Екі клубтың да халықаралық аренадағы жетістігіне тоқталар болсақ, «Динамо» бір ғасыр аралығындағы ең ірі жеңісіне 1981 жылы қол жеткізді. Сол жылы Қара теңіздің оң жағалауында орналасқан елдің бас командасы бұрынғы Кубок иелерінің кубогі додасында Германияның «Карл Цейсс» клубын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, тұңғыш рет кубокті басынан асыра көтерген еді. Одан кейінгі уақытта динамолықтар ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Тек 2005 жылы бұрынғы УЕФА кубогі, қазіргі – Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнау бақытына ие болады.
Құрылғанына 14 жыл болған «Астананың» халықаралық аренада «Динамо» сияқты ірі жетістігі болмаса да, елордалық ұжым 2013 жылдан бері Еурокубок жарыстарына тұрақты қатысып келеді. 10 жылдың көлемінде жерлестеріміз бір рет (2016 жылы) – Чемпиондар лигасының, төрт мәрте Еуропа лигасының (2016, 2017, 2018, 2019) топтық кезеңдерінде ойнады. Сондай-ақ 2017/18 жылғы маусымда Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткенін еліміздің футбол жанкүйерлері жақсы біледі.
«Астана» Еурокубок аясындағы матчтарда алғаш рет грузиялық командамен жолы түйіскелі тұр. Ал өзге отандық командалар бұған дейін бірнеше мәрте Грузия клубтарымен жасыл алаңда шеберлік байқасып көрген. Атап айтқанда, дәл осы «Динамо» командасымен еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» 2014 жылы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында кездесіп, екі ойынның қорытындысы бойынша 4:0 (3:0, 1:0) есебімен жеңіске жетіп, турнирдің үшінші айналымына жолдама алған.
«Динамо» командасы қазіргі таңда УЕФА рейтингінде 187-орынға табан тіреген. «Transfermarkt.de» сайтының мәліметі бойынша командадағы футболшылардың жалпы құны (23 футболшы) 9 млн еуроны құрап отыр. Оның ішінде алтауы – шетелдік легионер. Сондай-ақ «Динамоның» үш футболшысы өз елдерінің ұлттық құрамасына шақырылған. Құрамның орта жасы – 23,9. Команданың ең қымбат футболшылары кімдер деп сұрай қалсаңыз, оны да айтайық. Бұл ретте «Динамо» сапындағы екі футболшыны ерекше атап өтуге болады. Олар: 26 жастағы қорғаушы Джемаль Табидзе мен 22 жастағы жартылай қорғаушы Анзор Меквабишвили. Екеуінің де құны 1 миллион еуроға бағаланған.
«Астана» командасына келер болсақ, еліміздің жеті дүркін чемпиондары УЕФА рейтингінде 110-орында тұр. Футболшылардың жалпы құны – 12,73 млн еуро. Өкінішке қарай, «Динамомен» салыстырғанда «Астанада» легионер футболшылардың қатары көп. Биылғы маусымда «Астана» сапында 11 (!) шетелдік футболшы доп тебеді. Ал 23 футболшының 13-і өз елдерінің ұлттық құрамаларында ойнайды. Клубтың орташа жасы – 28. Елордалық ұжымның қатарындағы ең қымбат футболшы – Дембо Дарбо. 24 жастағы Гамбия ұлттық құрамасының шабуылшысы қазіргі таңда «Transfermarkt.de» сайтында 1,80 миллион еуроға бағаланған. Одан кейінгі қымбат футболшылардың қатарында Беларусь өкілі – Макс Эбонг (1,20 млн), Солтүстік Македония ойыншысы – Алекса Аманович және Армения құрамасының қорғаушысы – Вараздат Ароян (екеуі де 1 млн) бар.
Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу 11 немесе 12 шілде күні елордада, қарымта матч бір аптадан соң, яғни 18 немесе 19 шілдеде сырт алаңда өтеді деп жоспарланған. Осы жұпта жеңіске жеткен ұжым турнирдің екінші айналымында «Динамо» Загребпен кездеседі.
Сондай-ақ Чемпиондар лигасы жеребесінің ізін ала Конференция лигасының бірінші айналымында бақ сынайтын «Тобылдың» да қарсыластары анықталды. Былтырғы ел чемпионатында қола жүлде иеленген қостанайлық команда бірінші айналымында Финляндияның «Хонка» командасымен кездеседі.
Негізі 1957 жылы қаланған Эспоо қаласының командасы Еуропада да, өз елінде аса танымал емес. Себебі клуб құрылған 66 жылдың ішінде бірде-бір рет өз елінің ұлттық чемпионатында топ жармаған. Еурокубок бәсекелерінде де ешқашан дараланбаған. Тек бір мәрте ғана Финляндия кубогінде (2012 жылы) жеңімпаз атанған. «Тобыл» болса, екі мәрте ел чемпионатында, бір рет Қазақстан кубогінде, екі рет суперкубогте жеңіс тұғырына көтерілген. Екі ұжым арасындағы кездесулер 13 шілдеде Қостанайда, 20 шілдеде Эспоо қаласында өтеді.
Сонымен қатар Конференция лигасында ел намысын қорғайтын «Ордабасы» мен «Ақтөбе» аталған турнирдегі жорығын екінші айналымнан бастайды. Олардың қарсыластары кеше кешкісін белгілі болды.