Елорда • 04 Шілде, 2023

Егемен Қазақстан көшесінің бойында Журналистер саябағы ашылды

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың 25 жылдық мерейтойына орай Журналистер саябағы ашылды. Саябақ Егемен Қазақстан көшесінің бойында орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Егемен Қазақстан көшесінің бойында Журналистер саябағы ашылды

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

Саябақтың ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және ақпарат саласының ардагерлері, республикалық арналар мен газеттердің басшылары мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

«Бұл журналистерге көрсетілген үлкен құрметтің бір көрінісі. Журналистер саябағының елорда күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» орналасқан ғимараттың алдында ашылуының да символикалық мәні бар. Себебі биыл Астанаға 25 жыл толып отыр. Ал енді сол елордамыздың еңселі болуына ардагер журналистер еселі еңбек етті. Сондықтан бұл аллеяны ардагерлерге тарту ретінде қабылдап отырмыз», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

1

Сондай-ақ Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Журналистер саябағының ашылуымен құттықтап, оның қала жұртшылығы үшін маңыздылығын атап өтті.

«25 жылдың ішінде елордамыз тек әкімшілік орталық емес, шығармашылық мәдени және рухани орталыққа айналды. Бүгінде еліміздің ең ірі ақпарат құралдары өкілдерінің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқаны заңды құбылыс деп санаймыз. Сондай-ақ бұл саябақ Қаламгерлер аллеясымен ұштасып жатыр. Ол жерде қазақтың алғашқы газеттерінің негізін салған Алаш арыстарының ескерткіші тұр», деді елорда әкімі.

2

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Журналистер саябағының Кенесары мен Абай даңғылдарының арасында орналасуының өзіндік мәні бар, бірі батырлықтың, бірі даналықтың символы. 

«Бүгінгі журналистерге даналық та, батырлық та ауадай қажет. Аға буын мен бүгінгі журналистердің арасындағы алтын көпір жалғасын таба береді деп сенеміз. Ашылған саябағымыздың абыройы мен беделі арта берсін. Осында келген журналистер сабақ алатындай, үлкен шеберлік мектебі болатындай жақсы жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдіреміз», деді Дихан Қамзабекұлы.

3

Айта кетейік, Журналистер саябағы құрамына «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сынды  еліміздегі іргелі басылымдар кіретін ірі медиа құрылым «Қазақ газеттері» ЖШС ғимаратының алдында, Егемен Қазақстан көшесінің бойында орналасқан. Саябақта бой көтерген стеллада Ахмет Байтұрсынов пен Шерхан Мұртазаның бейнесі бейнеленіп, еліміздегі негізгі ақпарат құралдарының атауы жазылған.

4

5

6

7

9