ANTIKOR • 19 Шілде, 2023

Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеу амалдарын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz  ANTIKOR баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысына жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.

«Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді», делінген ресми хабарламада.

Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 млн теңгені құрады.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы да тексерілуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.