Елорда • 20 Шілде, 2023

Астанада заңсыз ілінген 1500-ден астам жарнама алынып тасталды

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада қала келбетін дизаин-кодқа сәйкестендіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 1500-ден астам заңсыз ілінген маңдайша мен жарнама банері шешілді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада заңсыз ілінген 1500-ден астам жарнама алынып тасталды

Бұған 2019 жылы желтоқсан айында қала мәслихатымен бекітілген дизайн-код негіз болған. Алайда пандемия басталып жұмыс кейінге шегерілген еді. Ал 2023 жылдың 4 сәуірінде Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қ.Тоқаев көше жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейту туралы нақты тапсырма берген.

Жауапты міндет «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелді. Қазіргі уақытта ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасы әзірленді. Онда бизнес өкілдеріне елорданың сәулеттік сәнін бір стильге келтірудің үлгісі көрсетілген. Урбанистика орталығы мен әкімдік қызметкерлері әр ауданның кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырып, тұжырымдаманы талқылады.

«Маңдайшалар қасбеттің негізгі фризінен ерекшеленетін фонсыз (субстратсыз) болуы керек. Негізгі жазу фриз биіктігінің 70%-ынан аспауы тиіс. Барлық белгілер қасбеттің бір сызығында болуы керек және қажет болған жағдайда қасбеттің стиліне бейімделуі шарт. Белгілерде монохромды және үнсіз түстерді қолданған жөн. Белгілі бір жағдайларда, белгінің техникалық күрделілігі ретінде, фриздің түсіне немесе құрылымына ұқсас фондық субстратқа рұқсат етіледі. Бұл жағдайда фриз немесе қасбет бөлігі бастапқыда жіксіз болуы керек. Маңдайшаларды жалпы симметрияны, қасбеттің визуалды қабылдауының тұтастығын бұзбайтындай етіп орналастыруы тиіс. Белгі ғимараттың архитектуралық элементтерімен қабаттаспаған жөн», деді «Астана-Жарнама» МКМ басшысы Асылбек Төлемісұлы.

Бүгінгі таңда «Астана-Жарнама» МКМ мамандары жұмыс тәртібін бекіткен. Алдымен мүлік иелерінің бірлестігін ескертеді. Олар өз кезегінде шағын және орта бизнес өкілдеріне хабарлама таратады. Егерде кәсіпкер маңдайшаны немесе жарнаманы шешуге күші жетпесе аудандық әкімдік жұмысшылары жіберіледі.

Бірінші кезектегі жұмыс елорданың орталық көшелерінен, атап айтқанда Б.Момышұлы даңғылынан, №2 үйден, Республика даңғылынан, №5 үйден басталды. Апта сайын үй-жайлардың иелерімен бейберекет орналастырылған жарнаманы ауыстыру жайында кездесулер және түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Мәселен, «Көркем» тұрғын үй кешенінің қасбеті жылдам ретке келтірілді. Өйткені кәсіпкерлер бір ауыздан қолдау білдірген. Дәл сол сияқты Алматы көшесінің бойындағы «Айсанам» және «Ақжайық» ТК сырты келбеті де көз тартады.