Қоғам • 03 Тамыз, 2023

Салғырттықтың салдары

185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматының «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған өрт салдарынан 43 адам зардап шегіп, 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке қарай, 31 жастағы әйелді ажалдан арашалау мүмкін болмады. 16 қабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтерлер жалынға оранып, 200-ден астам тұрғын эвакуацияланды.

Салғырттықтың салдары

Төтеннен төнген тілсіз жау талай жайдың бетін ашып бергендей. Оқиға орнына он минут болмай-ақ жеттік деген ТЖ қызметкерлері өртті бір жарым сағатта ауыздықтады. Өрт сөндіру көліктерінің апат орнына бірден ене алмауына тұрғын үй ауласындағы жол жиегіне жағалай қойылған жеке көліктер кедергі болған. Кейбір тұрғындар жол жоспарының қолайсыздығын сынға алды. Мамандар әзірге тосын оқиға еңселі ғимараттың 5 және 6-қабаттарындағы жедел­сатының тоқ кабельдерінен шыққан болуы мүмкін деген болжамға келіп отыр. Алатау ауданының әкімі Азамат Қал­дыбековтің төрағалығымен құрылған жедел штаб құра­мына прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері енген. Құзырлы орындар осы оқиғаға қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Өрт пайда болған алғаш­қы минуттарда түсірілген бейнежазбалардан денең түршіге­ді. Терезеден жан ұшыра кө­мек сұрағандарға, ең алдымен, сол маңнан өтіп бара жатқан қара­пайым тұрғындар қолұшын созған.

Қою түтін тұр­ғын үй­дің ішкі бөлігін тұтас тұм­ша­лағандықтан, текпішекпен да­ла­ға шығу мүмкін болмаған. Бейнекадрдан бірнеше жігіттің жерде тұрып терезеден секірген тұрғындарды кілеммен қағып алып жатқанын көруге болады. Мұның бәрі арнаулы қызмет мамандары келгенге дейін өрбі­ген жағдай. Оқиғаның картинасын өз көзімен көріп, құтқару жұмыстарына белсене қатысқан Дәулетқали Нұрлан достарымен бірге бірнеше азаматқа көмек көрсеткен.

«Төрт жігіт аулада әңгіме­лесіп тұрғанбыз. Кенет түтін шы­ға бастады. Айналада ешкім жоқ. Алдымен бірнеше баланы, кішкентай қызды далаға алып шықтық. Одан кейін тү­тін қоюланып кетті. Жоғары қабаттан жаймаларды бір-біріне байлап, тағы бір баланы түсірдім. Төмендегі жігіттер оны қағып алды. 15-20 минутта 4 рет осылай көтеріліп шықтым. Бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен кілем мен матрасты көрдік. Те­ре­зе­ні сындырдық та оларды алып шықтық. Соның көмегімен шамамен 7-8 адамды жерден қағып алдық. Ерік деген жігіт есінен танып қалған үлкен кісіге жасанды жолмен дем беріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тағы да біраз жігіт аянып қалған жоқ, жүгіріп жүріп зардап шеккендерге көмектесті. Кейіннен құтқарушылар келіп, бізді оқиға орнына жолатпады», дейді ол.

Құтқару ісінің бел ортасын­да болған Ерік Төкенұлы лажы қалмаған әйел адам ал­тын­­шы қабаттан екі баласын лақ­тыр­ға­нын, оны төменнен матраспен қағып алғандарын, артынша әлгі тұрғынның өзі де төменге секір­ге­нін айтады. Алғашқы көмек­ке тұрғын үйге жақын аумақ­та жұмыс істеп жатқан құры­лыс­шылар да ара­лас­қан.

Көз алдында өрбіген жан ауыр­тар жайды желіге түсірумен шектеліп, адам өмірі арпалысқа түскен сын сағатта қол қусырып қалу – адамгершілікке жат. Мұн­дай сәтте өз өмірін қатерге тігіп, көзсіз ерлікке бару кез келгеннің көкейіне келе бермесі анық. Келеңсіз оқиға орын алған жерге кездейсоқ келіп, мүлде танымайтын адамдарды апаттан арашалауға атсалысқан Дәулетқали, Ерік сынды аза­мат­тар­ды бүгінгі қоғамның батыр­­­лары десек жарасар. Аза­мат­­тардың қауіп-қатерде бір-біріне қорған болуы, сын сағат­та жұдырықтай жұмылуы ізгі қо­ғам­ның бастауы деп атаған дұ­рыс шығар.

Апаттың бетін қайтаруға Ал­маты қаласы ТЖД-ның 50 қыз­­меткері мен 14 техникасы, Полиция департаментінің 40 қыз­меткері мен 11 техникасы, 109 Құтқару қызметінің 12 қызметкері мен 6 техникасы, жедел жәрдем қызметінің 69 өкілі мен 23 көлігі жұмылдырылды. Өртенген тұрғын үйге кіруге уақытша тыйым салынып, зардап шеккен тұрғындарға ыстық тамақ пен жатын орын берілді. Қала әкімі Ерболат Досаев қаза болған әйелдің жақындарына көңіл айтып, оқиғадан зардап шеккен сол отбасының тағы бір өкілінің сауығуы үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ әкімдік өртенген тұрғын үй кешеніне жауапты компаниямен келіссөз жүргізіп, бүлінген баспананы қалпына келтіруге уағдаласқан.

Өз кезегінде «Ақкент» тұрғын үй кешенін салушы компания өрт салдарынан қаза тапқан Әсел Бекмұхамбетованың отбасына өтеусіз негізде екі бөлмелі пәтер берілетінін хабарлады.

Миллиондар тоғысқан мегаполисте екі күннің бірінде өрт жағдайы орын алып жатады. Ақкенттегі жағдайға қатыс­ты пікір білдірген сарапшылар құрылыс сапасын тексеру жұ­мыс­тары жолға қойылмағанын сынға алды.

«Егер өрт тұйықталған тоқтан болса, демек оны білігі төмен біреу істеген. Құрылыс компанияларында әрбір жұмысты қайта тексеріп отыратын сапа менеджменті жоқ. Құрылысты қабылдайтын авторлық бақылау мен техбақылау көзді жұмып қол қояды. Оны мемлекеттік органдардың қалай қабылдап алатынын білеміз. Өрттен қорғаушылар да жылдам келмеген секілді. Келген болса, тұр­ғындар кілем керіп, балконнан адамдарды қағып алуға ұйымдаспас еді. Келген күннің өзінде жоғарыдағыларды түсіріп алатын иә ұзын саты жоқ, иә арнайы техника жоқ. Егер бір тұрғын үйдің бірнеше қабатынан шыққан түтін осындай трагедияға алып келген болса, жер сілкінсе жағдай қиын екен», деп пікір білдірді Шыңғыс Мұқан.

Сарапшы Елназар Ахметбек алматының өрт қауіпсіздігін қа­да­ғалау ісіне кешенді көзқарас қажет екенін айтады. Оның пікі­рінше, құрылыс нысандарын жоспарлаудағы олқылықтар қа­телікті кешірмейді. «Әсіресе қа­ладағы көптеген жеке тұрғын үйлер тым тығыз орналасқан. Бірінен шыққан өрт екіншісіне әсер етеді. Кейбір көшелердің тарылып кеткені соншалық, өрт сөндіру көліктерінің емін-еркін қозғалуына ешқандай мүмкіндік жоқ. Құрылыс нысандарының ты­ғыздығынан аулада көлік қоятын орын тапшы. Жеке көлік­те­рін тұрғындар жол жиегіне қоюына тура келеді. Бұрынғы 3-4 қабатты үйлердің орнына 10-12 қабатты зәулім ғимараттар салынатын болған. Аядай жерде мыңдаған адам тұрады. Бұл кез келген төтенше жағдайға тосқауыл қоюға кедер­гісін ти­гі­зетіні анық», дейді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024