Төтеннен төнген тілсіз жау талай жайдың бетін ашып бергендей. Оқиға орнына он минут болмай-ақ жеттік деген ТЖ қызметкерлері өртті бір жарым сағатта ауыздықтады. Өрт сөндіру көліктерінің апат орнына бірден ене алмауына тұрғын үй ауласындағы жол жиегіне жағалай қойылған жеке көліктер кедергі болған. Кейбір тұрғындар жол жоспарының қолайсыздығын сынға алды. Мамандар әзірге тосын оқиға еңселі ғимараттың 5 және 6-қабаттарындағы жеделсатының тоқ кабельдерінен шыққан болуы мүмкін деген болжамға келіп отыр. Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтің төрағалығымен құрылған жедел штаб құрамына прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері енген. Құзырлы орындар осы оқиғаға қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Өрт пайда болған алғашқы минуттарда түсірілген бейнежазбалардан денең түршігеді. Терезеден жан ұшыра көмек сұрағандарға, ең алдымен, сол маңнан өтіп бара жатқан қарапайым тұрғындар қолұшын созған.
Қою түтін тұрғын үйдің ішкі бөлігін тұтас тұмшалағандықтан, текпішекпен далаға шығу мүмкін болмаған. Бейнекадрдан бірнеше жігіттің жерде тұрып терезеден секірген тұрғындарды кілеммен қағып алып жатқанын көруге болады. Мұның бәрі арнаулы қызмет мамандары келгенге дейін өрбіген жағдай. Оқиғаның картинасын өз көзімен көріп, құтқару жұмыстарына белсене қатысқан Дәулетқали Нұрлан достарымен бірге бірнеше азаматқа көмек көрсеткен.
«Төрт жігіт аулада әңгімелесіп тұрғанбыз. Кенет түтін шыға бастады. Айналада ешкім жоқ. Алдымен бірнеше баланы, кішкентай қызды далаға алып шықтық. Одан кейін түтін қоюланып кетті. Жоғары қабаттан жаймаларды бір-біріне байлап, тағы бір баланы түсірдім. Төмендегі жігіттер оны қағып алды. 15-20 минутта 4 рет осылай көтеріліп шықтым. Бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен кілем мен матрасты көрдік. Терезені сындырдық та оларды алып шықтық. Соның көмегімен шамамен 7-8 адамды жерден қағып алдық. Ерік деген жігіт есінен танып қалған үлкен кісіге жасанды жолмен дем беріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тағы да біраз жігіт аянып қалған жоқ, жүгіріп жүріп зардап шеккендерге көмектесті. Кейіннен құтқарушылар келіп, бізді оқиға орнына жолатпады», дейді ол.
Құтқару ісінің бел ортасында болған Ерік Төкенұлы лажы қалмаған әйел адам алтыншы қабаттан екі баласын лақтырғанын, оны төменнен матраспен қағып алғандарын, артынша әлгі тұрғынның өзі де төменге секіргенін айтады. Алғашқы көмекке тұрғын үйге жақын аумақта жұмыс істеп жатқан құрылысшылар да араласқан.
Көз алдында өрбіген жан ауыртар жайды желіге түсірумен шектеліп, адам өмірі арпалысқа түскен сын сағатта қол қусырып қалу – адамгершілікке жат. Мұндай сәтте өз өмірін қатерге тігіп, көзсіз ерлікке бару кез келгеннің көкейіне келе бермесі анық. Келеңсіз оқиға орын алған жерге кездейсоқ келіп, мүлде танымайтын адамдарды апаттан арашалауға атсалысқан Дәулетқали, Ерік сынды азаматтарды бүгінгі қоғамның батырлары десек жарасар. Азаматтардың қауіп-қатерде бір-біріне қорған болуы, сын сағатта жұдырықтай жұмылуы ізгі қоғамның бастауы деп атаған дұрыс шығар.
Апаттың бетін қайтаруға Алматы қаласы ТЖД-ның 50 қызметкері мен 14 техникасы, Полиция департаментінің 40 қызметкері мен 11 техникасы, 109 Құтқару қызметінің 12 қызметкері мен 6 техникасы, жедел жәрдем қызметінің 69 өкілі мен 23 көлігі жұмылдырылды. Өртенген тұрғын үйге кіруге уақытша тыйым салынып, зардап шеккен тұрғындарға ыстық тамақ пен жатын орын берілді. Қала әкімі Ерболат Досаев қаза болған әйелдің жақындарына көңіл айтып, оқиғадан зардап шеккен сол отбасының тағы бір өкілінің сауығуы үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ әкімдік өртенген тұрғын үй кешеніне жауапты компаниямен келіссөз жүргізіп, бүлінген баспананы қалпына келтіруге уағдаласқан.
Өз кезегінде «Ақкент» тұрғын үй кешенін салушы компания өрт салдарынан қаза тапқан Әсел Бекмұхамбетованың отбасына өтеусіз негізде екі бөлмелі пәтер берілетінін хабарлады.
Миллиондар тоғысқан мегаполисте екі күннің бірінде өрт жағдайы орын алып жатады. Ақкенттегі жағдайға қатысты пікір білдірген сарапшылар құрылыс сапасын тексеру жұмыстары жолға қойылмағанын сынға алды.
«Егер өрт тұйықталған тоқтан болса, демек оны білігі төмен біреу істеген. Құрылыс компанияларында әрбір жұмысты қайта тексеріп отыратын сапа менеджменті жоқ. Құрылысты қабылдайтын авторлық бақылау мен техбақылау көзді жұмып қол қояды. Оны мемлекеттік органдардың қалай қабылдап алатынын білеміз. Өрттен қорғаушылар да жылдам келмеген секілді. Келген болса, тұрғындар кілем керіп, балконнан адамдарды қағып алуға ұйымдаспас еді. Келген күннің өзінде жоғарыдағыларды түсіріп алатын иә ұзын саты жоқ, иә арнайы техника жоқ. Егер бір тұрғын үйдің бірнеше қабатынан шыққан түтін осындай трагедияға алып келген болса, жер сілкінсе жағдай қиын екен», деп пікір білдірді Шыңғыс Мұқан.
Сарапшы Елназар Ахметбек алматының өрт қауіпсіздігін қадағалау ісіне кешенді көзқарас қажет екенін айтады. Оның пікірінше, құрылыс нысандарын жоспарлаудағы олқылықтар қателікті кешірмейді. «Әсіресе қаладағы көптеген жеке тұрғын үйлер тым тығыз орналасқан. Бірінен шыққан өрт екіншісіне әсер етеді. Кейбір көшелердің тарылып кеткені соншалық, өрт сөндіру көліктерінің емін-еркін қозғалуына ешқандай мүмкіндік жоқ. Құрылыс нысандарының тығыздығынан аулада көлік қоятын орын тапшы. Жеке көліктерін тұрғындар жол жиегіне қоюына тура келеді. Бұрынғы 3-4 қабатты үйлердің орнына 10-12 қабатты зәулім ғимараттар салынатын болған. Аядай жерде мыңдаған адам тұрады. Бұл кез келген төтенше жағдайға тосқауыл қоюға кедергісін тигізетіні анық», дейді сарапшы.