Әдебиет • 15 Тамыз, 2023

Қарама-қарсылық құбылысы

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам және оның тағ­дыры – Орал­хан Бөкей шығармашылығының басты лейтмотиві. Ол жазу әлеміне «мал, мал­шы, өндіріс, жұ­мыс­шы» деп күбірлеп, сыбырлап келген жоқ, бар даусымен ай­қай­лап «Адам!» деп кел­ді. Адам, Адамның тағдыры дейтін үлкен гуманистік мұрат­тар­ға ұмтылды. Жазу­шы­­ның алғашқы шығар­маларының бірі – «Мұз­тау» повесінен (1974) бастап соңғы жа­рық көрген «Атау кере» романына (1989) дейінгі аралықтағы қай туындысында да кейіпкерлер – «адам орманда» адасқан жандар немесе сол «орман» қиындығын жеңгісі келіп, жол іздеген пенделер.

Қарама-қарсылық құбылысы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Суреткер адамдар ара­сындағы теңсіздіктің себебін, тіршілік философиясын олардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы арқылы түсінгісі һәм түсіндіргісі келеді. Сондықтан да Орал­хан Бөкейдің көркемдік әлемі адамның жан дүние қатпарындай құпияға толы, мәңгілік мұраттармен астасып жатады. Академик, сыншы Серік Қирабаевша айтсақ, адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау – Оралхан повестерінің негізгі тақырыбы.

ХХ ғасырдың екінші жартысында әдебиет пен мәдениет, жалпы, әлемдік руханият саласында «постмодернизм» аталатын жаңа әдеби ағым пайда болды. Міне, әлемдік әдебиеттің осы бір тың толқынын қазақ әдебиеті мен драматургиясына тұңғыш әкелушінің есімі – Оралхан Бөкей десек, титтей де артық айтқанымыз емес. Ол – «ішкі» және «сыртқы» тақырыптарды меңгеріп, адам санасының табиғатпен екі арадағы «қос жарылуын» (раздвоение личности) қазақ сөз өнеріне алып келген жазушы.

Дулат Исабеков Оралхан Бө­кейдің кейіпкер характерін берудегі романтикалық екі­ұдай­лық тәсілін бізге берген сұх­батында: «Оралханның өмір­ден ерте кетуінің өзі қазақ әде­биетіндегі философиялық роман­тиканың жойылуына әкеліп соқ­тыр­ды. Сим­воликалық ойнату тәсілдері орыс әдебиетінің поэзиясында болмаса, драматургиясында бола қойған жоқ. Міне, Брюсов, Блок, Есенин, Бальмонттардың өлеңдегі сол өрнегін бірінші болып драматургияда даралаған Оралхан болатын. Оны біз кейіннен постмодернизм деп жүрміз. Оралхан сол постмодернизміңіздің класси­калық үлгісін салып беріп кетті», деп қорытқан болатын.

Шынымен де, Оралхан Бө­кей шығармашылығында қа­ра­ма-қарсылық (конфликт) романтикалық қа­сиетімен ерек­шеленеді. Қаламгердің роман­тикалық дүниетанымында Жақсы­лық пен Жамандық – бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдар. Айтулы диалектикалық бірлік Оралхан шығармаларының өзегі десе де болғандай. Бұлардың арасында ішкі байланыс бар, екеуі қатар өмір сүреді, бірінсіз бірі жоқ. Мұндай екіұдайлық өмірдің өзіндегі қайшылықтан келіп туындайды. Яғни Оралхан Бөкейдің суреткерлік әле­мі негізінен контрасты түр­де екі дүниеден: ақ пен қа­ра, күн мен түн, жарық пен қараңғы, қаталдық пен қайы­рымдылық, жақсы­лық пен жа­ман­дықтан тұ­рады. Бірақ бұл қара­ма-қар­­сылықтар бүтіннің бөл­­ше­гіндей бөлінбес бірлікте, бірі арқылы екіншісінің қадірін білуге үндейді. Сол арқылы қара­ма-қарсылық өрісі жалқыдан жалпыға кеңейе келе, енді адамдар арасындағы екіжақтылық қоғамдық ортаға баға беру үшін де қолданылады. Яғни қарама-қарсы екі образдың, екі түрлі рухани әлемнің қақтығысын суреттеу авторға өмір құбылыстарындағы қайшылықтарды нақтырақ, айқы­нырақ бейнелеуге мүмкіндік бер­генін бай­қаймыз.

Контраст тәсілінің ұтым­ды тұсы бас кейіпкердің қадір-қа­сиеті, рухы, ішкі жан дүниесі оған қарама-қарсы кейіпкердің жа­нында айқындалып, ашыла түсе­тінінде, біздіңше. Мұндай кейіп­керлер өзара кереғар болға­ны­мен, бірге жүреді, бірге тұрады. Мәсе­лен, «Қар қызындағы» Нұржан мен Аманжан дос, Қоңқай бар жерде әрқашан Шал да бар. «Сай­тан көпірдегі» Анаудың арам­дығы арқылы Аспан рухының ас­қақтығын аңғарамыз.

Оқиғаны дамыта, сюжетті ширата келе жазушы ішкі қарама-қайшылықты одан әрі тереңдетіп, тіпті кейбір тұста бір кейіпкердің өзін қақ жарады: Ақтанның бойы­нан өзіне кереғар Аңшының бө­лініп шығуы немесе бір ғана Ақтан кейіпкердің Ақтан 1, Ақтан 2 болып жарылуы, сондай-ақ бір адамның бойында екі дауыс, екі әлем – ақылы мен сезімі, әлсіздігі мен мықтылығы қатар жүруі және тағы басқа. Сол секілді бас кейіпкердің Сайтан көпірден өтердегі оның басындағы сайтаны мен періштесінің тайталасқа түсуі немесе енді бірде болмыс жұмбағын шешіп, әлдебір құпиялыққа деген құлшынысы қаламгер шығармашылығындағы ро­мантикалық фантастикаға қуат­ты екпін дарытып, оқиға ди­на­­микасын жандандыра түсе­ті­нін байқауға болады. Мәсе­лен, бір қарағанда «Сайтан кө­пір­­дегі» Аспан шал – нақты адам, қара­пайым еңбек адамы – жылқышы болып көрінгенімен, бірақ Аман көпір-сынақтан өтерде Аспан баласына көмекке келген тылсым күш бейнесінде «күркіреген даусымен» көктен үңіліп дем беруі, ал көміп тастаған екі аяғы бала­сын аман алып шығуы немесе «Қар қызы» повесіндегі Қар қызы алғашында малшының қызы Алмажандай әсер етсе, енді бір тұста кім екені белгісіз жұмбақ бейне болып тіл қатады. Бұл жер­­дегі адам жанынан бөлініп шы­ғар тылсым күштің адам өмі­ріне әсер етуін соңғы кезде ға­л­ым­дар екіұдайлық (двоемирие) идея­сымен байланыстырып жүр. Бұл жөнінде қаламгердің өзі «Ел мен жер» эссесінде былай деп түсіндіріп өтіп­ті: «Әр адамның бойында екі «мен» бар. Өмір бойы бірі жақсылыққа, бірі жамандыққа бастайды. Қайсысы жеңеді – сол үстемдігін құрады. Тартыс жеке адамның өз басында туып, бір пиғылы сыртқа тебеді».

Демек олай болса, біз қа­зақ модернизмі мен пост­мо­дер­низмінің бір бастауын­да Оралхан Бөкей прозасы тұр деп батыл айта аламыз. Сөйтіп, бүгінде әдеби айналысқа постмодернизм деген атаумен енген шығармашылық ағымды қазақ әдебиеті мен драматургиясына тұңғыш әкелушінің есімі тікелей Оралхан Бө­кеймен байланысты екен­іне көз жеткіземіз.