Музей • 06 Қыркүйек, 2023

Құнды жәдігерлермен толықты

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Музей төрінен орын алуға тиіс маңызды жәдігерлердің белгілі бөлігі ауқатты адамдардың жеке коллекцияларында сақталып, тіпті кейде көлеңкелі айналымда қолдан-қолға өтіп жүре бере­тіні белгілі. Күні кеше Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей­дің қоры осындай тарихи маңызы зор 360 жәдігермен толықты.

Құнды жәдігерлермен толықты

Экономикалық тергеу депар­таменті қызмет бабында тәркі­ленген көркемдік маңызы бар, та­рихи мәнге ие мұраларды му­зейге табыстады. Айрықша жәді­герлерді жұртшылыққа таныстыру мақсатында «Ұлт мұрасы – руханият өзегі» атты көрме есік ашып, таңсық бұйымдар өнерсүйер қа­уым­ды таңғалдырғанын айтуымыз керек.

Шебер суретшілердің қолынан шыққан бағалы картиналар, бір­неше ғасыр бұрын хатқа түскен діни мазмұндағы кітаптар, теңдесі жоқ антикварлық бұйымдар та­ғылым ордасының жеке қорын байыта түсті. Атап айтқанда Құран Кәрімнің қолжазба үлгілері, соны­мен қатар інжіл (евангелие), иврит және ағылшын тілдеріндегі дұғалықтар бірегейлігімен ма­ңыз­ды. Классик суретшілер – Н.Хлудов, Ж.Шәрденов, А.Ғалым­баева, С.Айтбаев, А.Сыдыханов, И.Иса­баев, Е.Сидоркин, С.Гума­ров, С.Калмыковтың көпшілік біле бермейтін тың картиналарының табылуы рухани өмірімізге айтулы жаңалық ретінде енді. Олардың қатарында голландтық кескіндеме өнерінің шебері әрі Рембрандт ван Рейннің тұңғыш шәкірттерінің бірі Герард Доудың «Скрипкашы» картинасын ерекше атап өткен жөн.

чми

Көрменің «Қару-жарақ және қорғаныс құралдары» бөліміне әр берген «гурда», «шамшир» «ятаган», «қанжар» сияқты суық қару үлгілері мен қорғаныс жарақтары да маңызды мәнге ие. Әсіресе қару-жарақ жасау ісінің шебері Матья Баркер шамамен 1774-1776 жылдары Бирмингемде (Англия) жасап шығарған «Washington and Lee» қос тапаншасының АҚШ Тарих қоғамының Көне қарулар комитеті қызметкерлерінің қадағалауымен жасалған дәл көшірмесі көрер­менді елең еткізеді. Себебі мұн­дай қарулардың әлемде, санау­лы ғана нұсқасы бар. Асыл тас­тармен һәм бағалы металдармен көмкерілген Карл Фаберже зергерлік үйі туын­дыларының жауһарлары – келушілер назарын бірден аударады. Ішінде тосын сыйы бар «Фаберже жұмырт­қалары» заманында император сарайының сән-салтанатын асыр­ған. Өзгеше безендірілуімен, сипатының әсемдігі және жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленетін сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары – ХІХ ғасыр со­ңына жататын француздың камин сағаты, окимоно, нецке мүсіншелері, фарфор вазалар, шахмат жинақтары да көрме экспозициясынан орын алған.

– Аталған мәдени құндылықтар тиісті сараптамадан өтіп, олардың тарихи-мәдени, этнографиялық, музейлік, көркемдік құндылық­тары анықталып, тиісті шешім шыға­рылғаннан кейін музей қо­рына сақтауға қабылданды. Ма­ңызды мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерінің қорытындысын баяндап, бүгінгі көрмені ұйым­дастырып отырмыз. Арғы тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау, зерттеп-зерделеу болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндет, – дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.

Көрменің ашылу салтана­тын­­да аталған жәдігерлерді кө­лең­­келі айналымнан тәркілеп, көп­ші­лікке ортақ мұраға айнал­ды­руға атсалысқан құқық қорғау орган­дарының бірқатар қызмет­керлері Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024