Экономикалық тергеу департаменті қызмет бабында тәркіленген көркемдік маңызы бар, тарихи мәнге ие мұраларды музейге табыстады. Айрықша жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыру мақсатында «Ұлт мұрасы – руханият өзегі» атты көрме есік ашып, таңсық бұйымдар өнерсүйер қауымды таңғалдырғанын айтуымыз керек.
Шебер суретшілердің қолынан шыққан бағалы картиналар, бірнеше ғасыр бұрын хатқа түскен діни мазмұндағы кітаптар, теңдесі жоқ антикварлық бұйымдар тағылым ордасының жеке қорын байыта түсті. Атап айтқанда Құран Кәрімнің қолжазба үлгілері, сонымен қатар інжіл (евангелие), иврит және ағылшын тілдеріндегі дұғалықтар бірегейлігімен маңызды. Классик суретшілер – Н.Хлудов, Ж.Шәрденов, А.Ғалымбаева, С.Айтбаев, А.Сыдыханов, И.Исабаев, Е.Сидоркин, С.Гумаров, С.Калмыковтың көпшілік біле бермейтін тың картиналарының табылуы рухани өмірімізге айтулы жаңалық ретінде енді. Олардың қатарында голландтық кескіндеме өнерінің шебері әрі Рембрандт ван Рейннің тұңғыш шәкірттерінің бірі Герард Доудың «Скрипкашы» картинасын ерекше атап өткен жөн.
Көрменің «Қару-жарақ және қорғаныс құралдары» бөліміне әр берген «гурда», «шамшир» «ятаган», «қанжар» сияқты суық қару үлгілері мен қорғаныс жарақтары да маңызды мәнге ие. Әсіресе қару-жарақ жасау ісінің шебері Матья Баркер шамамен 1774-1776 жылдары Бирмингемде (Англия) жасап шығарған «Washington and Lee» қос тапаншасының АҚШ Тарих қоғамының Көне қарулар комитеті қызметкерлерінің қадағалауымен жасалған дәл көшірмесі көрерменді елең еткізеді. Себебі мұндай қарулардың әлемде, санаулы ғана нұсқасы бар. Асыл тастармен һәм бағалы металдармен көмкерілген Карл Фаберже зергерлік үйі туындыларының жауһарлары – келушілер назарын бірден аударады. Ішінде тосын сыйы бар «Фаберже жұмыртқалары» заманында император сарайының сән-салтанатын асырған. Өзгеше безендірілуімен, сипатының әсемдігі және жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленетін сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары – ХІХ ғасыр соңына жататын француздың камин сағаты, окимоно, нецке мүсіншелері, фарфор вазалар, шахмат жинақтары да көрме экспозициясынан орын алған.
– Аталған мәдени құндылықтар тиісті сараптамадан өтіп, олардың тарихи-мәдени, этнографиялық, музейлік, көркемдік құндылықтары анықталып, тиісті шешім шығарылғаннан кейін музей қорына сақтауға қабылданды. Маңызды мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерінің қорытындысын баяндап, бүгінгі көрмені ұйымдастырып отырмыз. Арғы тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау, зерттеп-зерделеу болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндет, – дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.
Көрменің ашылу салтанатында аталған жәдігерлерді көлеңкелі айналымнан тәркілеп, көпшілікке ортақ мұраға айналдыруға атсалысқан құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкерлері Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
АЛМАТЫ