Ғылым • 11 Қыркүйек, 2023

Хирш индексінде кімдер бар?

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдегі тың өзгерістердің артында ғалымдардың үлкен еңбегі жатыр. Әр жаңалық үшін жоба авторы белгілі бір дәрежеге қол жеткізеді. Осы орайда ғалымдардың деңгейін анықтайтын «Хирш индексі» туралы не білеміз?

Хирш индексінде кімдер бар?

2005 жылы америкалық физик Хорхе Хирш ғалымдар­дың деңгейін анықтай­тын көрсет­кіш ойлап тапты. Бұл бойын­ша ғалымдар мақала жариялап және онысы көп сілтемеге ие болса, сәйкесінше көрсеткіш те өседі. Көрсеткіш автордың құр­метіне «Хирш индексі» деп аталып кеткен. Профессор бұл ғы­лымиометрия­лық көрсеткішті алғашында физиктердің ғылы­ми өнімділігін бағалау үшін ұсын­ған. Индекс жарияланымдар са­ны мен оларға жасалған сілтеме­лер санына негізделген. Әрі ол бо­йын­ша ғалымның, ғалымдар тобы­ның, ғылыми ұйымның немесе жал­пы мемлекеттің еңбек өнімділігінің сан­дық сипаттамасы анықталады. Ғалым­дар­дың жаз­ған мақалаларына сілте­ме қаншалық­ты көп келтірілсе, Хирш индексі де соншалықты өседі. Мәселен, сіздің 1 ғылыми мақалаңыз бар делік. Сол мақа­лаңызға 1 сілтеме жасалын­са, Хирш индексіңіз 1-ге тең бо­­лып шыға келеді. Дәл сол се­кіл­ді Хирш индексі 10-ға тең ға­лымның кем дегенде 10 мақа­ласы бар және сол 10 мақаланың әрқайсысына кем дегенде 10 сілтеме жасалынған деген сөз. Индекс көрсеткішін өздігінен есеп­теудің қажеті жоқ. Оны арнайы құрылған базалар анықтап шығарады.

Ғылымда Хирш индексі­нің 10-12 көр­сеткіші зерттеушіні ірі зерттеу универ­ситетінде жұ­мыспен қамтамасыз ету үшін анықтаушы фактор бола алады. Ал индекстің 15-20 көрсеткіші тұлға дең­гейінің «Американың физикалық қоғамына» мүшелікке сәйкес келетінін, 45 немесе одан да жоғары индекс АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мүшесі бола алатындығын білдіреді. Негізінен Хирш индексі өмір бойы өсіп отыратын көрсеткіш. Теориялық тұрғыда оның шегі жоқ деуге болады. Әдетте, Но­бель сыйлығы лауреаттары­ның деңгейі 60-70 Хирш индексті құрайды. Бұл – орташа статистика. Яғни өсім әрдайым бар. Оған қол жет­кізу үшін ға­лымдар «Scopus», «European Physical Journal» секілді беделді басылымдарға мақала жариялауы керек.

Бүгінде әлем бойынша Хирш индек­сінде көш бастап тұрған – кореялық физик Хонджу Ким 2023 жылғы көрсеткіш бойынша ғалымның индексі 339-ға тең. Зерттеу тақырыбы – жо­ға­ры энергия физикасы, астро­бөл­шектер­дің физикасы және сцинтиллятор. Екінші орын­­ға 316 көрсеткішпен Гар­вард уни­верситетінің про­фес­­соры Ро­нальд Кесслер табан ті­реген. Ме­дицина саласы­мен ай­налы­сатын маман «Пси­хиа­т­­риалық эпидемио­логия» тақы­рыбын­да зерттеу жүр­гізеді. Үз­дік үштік­ті Массачусетс техно­ло­гия­лық инс­титутының профессоры Ро­берт Лангер (Хирш индексі – 309) түйіндеп тұр. Инженер-хи­мик­тің талдау пәні – тін­дік инжене­рия, биоматериалдар, нанотехно­логия және хи­мия. Ал отан­­дық ғылымда бұл тізімді физик-тео­ре­тик, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­­тық университетінің профессоры Рәт­бай Қағазұлы бастап тұр. Академиктің Хирш индексі 48-ге тең. Тізімдегі екін­ші орынға 44 көрсеткішпен Ұлт­тық ғылыми кеңестің мүшесі, Әл-Фа­­раби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­­верситеті денсаулық сақтау инс­­титутының директоры Қай­рат Дәу­летов жайғасқан. Үздік үш­тікке индекс деңгейі 42-ні құ­рай­тын ғалым Болат Жәутіков енген.

Жалпы, ғалым үшін Хирш ин­дексін жоғарылату маңызды. Өйткені индекс көрсеткіші көп болса, маманға кез келген жоғары оқу орнының есігі ашық. Бұ­дан бөлек, халықаралық ғылыми ба­сы­лымдардың редакторы болу мүмкіндігі де зор.

Десек те, ақ пен қараның қа­тар өріле­тіні секілді мұның да кемшілігі бар. Хирш индексінің деңгейі ғалымның мақалаларына келтірілген сілтемелер бо­йынша өсетіндіктен, жалған дереккөз кел­тіру жағдайы да орын алып жатады. Мәселен, 2016 жылы жарияланған мақа­лаға тек 2018 жылы ғана сілтеме келтірілді делік. Ал басқа уақытта мүлде тал­қыға салынбаған. Бұл, әрине, күмәнді жайт. Одан бөлек, бір адам химияға қа­тысты бір мақала шығарды делік. Ал оған химия­ның басқа салалары бойынша дереккөз кел­тірілді. Білмеген, тү­сінбеген адамға бәрі керемет. Ішіне үңіліп оқысаңыз, жал­ған сілтемені байқайсыз. Ға­лым­дардың айтуынша, мұн­дай мақалалар әдетте ESCI, Con­ference Paper секілді деңгейі ор­таша жур­налдарда жарияланып жа­тады. Сондық­тан автордың ин­декс деңгейімен қатар, зерттеу жұ­мысын жариялаған журнал­дың беделіне де назар аудару маңызды.

 

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті