2005 жылы америкалық физик Хорхе Хирш ғалымдардың деңгейін анықтайтын көрсеткіш ойлап тапты. Бұл бойынша ғалымдар мақала жариялап және онысы көп сілтемеге ие болса, сәйкесінше көрсеткіш те өседі. Көрсеткіш автордың құрметіне «Хирш индексі» деп аталып кеткен. Профессор бұл ғылымиометриялық көрсеткішті алғашында физиктердің ғылыми өнімділігін бағалау үшін ұсынған. Индекс жарияланымдар саны мен оларға жасалған сілтемелер санына негізделген. Әрі ол бойынша ғалымның, ғалымдар тобының, ғылыми ұйымның немесе жалпы мемлекеттің еңбек өнімділігінің сандық сипаттамасы анықталады. Ғалымдардың жазған мақалаларына сілтеме қаншалықты көп келтірілсе, Хирш индексі де соншалықты өседі. Мәселен, сіздің 1 ғылыми мақалаңыз бар делік. Сол мақалаңызға 1 сілтеме жасалынса, Хирш индексіңіз 1-ге тең болып шыға келеді. Дәл сол секілді Хирш индексі 10-ға тең ғалымның кем дегенде 10 мақаласы бар және сол 10 мақаланың әрқайсысына кем дегенде 10 сілтеме жасалынған деген сөз. Индекс көрсеткішін өздігінен есептеудің қажеті жоқ. Оны арнайы құрылған базалар анықтап шығарады.
Ғылымда Хирш индексінің 10-12 көрсеткіші зерттеушіні ірі зерттеу университетінде жұмыспен қамтамасыз ету үшін анықтаушы фактор бола алады. Ал индекстің 15-20 көрсеткіші тұлға деңгейінің «Американың физикалық қоғамына» мүшелікке сәйкес келетінін, 45 немесе одан да жоғары индекс АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мүшесі бола алатындығын білдіреді. Негізінен Хирш индексі өмір бойы өсіп отыратын көрсеткіш. Теориялық тұрғыда оның шегі жоқ деуге болады. Әдетте, Нобель сыйлығы лауреаттарының деңгейі 60-70 Хирш индексті құрайды. Бұл – орташа статистика. Яғни өсім әрдайым бар. Оған қол жеткізу үшін ғалымдар «Scopus», «European Physical Journal» секілді беделді басылымдарға мақала жариялауы керек.
Бүгінде әлем бойынша Хирш индексінде көш бастап тұрған – кореялық физик Хонджу Ким 2023 жылғы көрсеткіш бойынша ғалымның индексі 339-ға тең. Зерттеу тақырыбы – жоғары энергия физикасы, астробөлшектердің физикасы және сцинтиллятор. Екінші орынға 316 көрсеткішпен Гарвард университетінің профессоры Рональд Кесслер табан тіреген. Медицина саласымен айналысатын маман «Психиатриалық эпидемиология» тақырыбында зерттеу жүргізеді. Үздік үштікті Массачусетс технологиялық институтының профессоры Роберт Лангер (Хирш индексі – 309) түйіндеп тұр. Инженер-химиктің талдау пәні – тіндік инженерия, биоматериалдар, нанотехнология және химия. Ал отандық ғылымда бұл тізімді физик-теоретик, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Қағазұлы бастап тұр. Академиктің Хирш индексі 48-ге тең. Тізімдегі екінші орынға 44 көрсеткішпен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті денсаулық сақтау институтының директоры Қайрат Дәулетов жайғасқан. Үздік үштікке индекс деңгейі 42-ні құрайтын ғалым Болат Жәутіков енген.
Жалпы, ғалым үшін Хирш индексін жоғарылату маңызды. Өйткені индекс көрсеткіші көп болса, маманға кез келген жоғары оқу орнының есігі ашық. Бұдан бөлек, халықаралық ғылыми басылымдардың редакторы болу мүмкіндігі де зор.
Десек те, ақ пен қараның қатар өрілетіні секілді мұның да кемшілігі бар. Хирш индексінің деңгейі ғалымның мақалаларына келтірілген сілтемелер бойынша өсетіндіктен, жалған дереккөз келтіру жағдайы да орын алып жатады. Мәселен, 2016 жылы жарияланған мақалаға тек 2018 жылы ғана сілтеме келтірілді делік. Ал басқа уақытта мүлде талқыға салынбаған. Бұл, әрине, күмәнді жайт. Одан бөлек, бір адам химияға қатысты бір мақала шығарды делік. Ал оған химияның басқа салалары бойынша дереккөз келтірілді. Білмеген, түсінбеген адамға бәрі керемет. Ішіне үңіліп оқысаңыз, жалған сілтемені байқайсыз. Ғалымдардың айтуынша, мұндай мақалалар әдетте ESCI, Conference Paper секілді деңгейі орташа журналдарда жарияланып жатады. Сондықтан автордың индекс деңгейімен қатар, зерттеу жұмысын жариялаған журналдың беделіне де назар аудару маңызды.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті