Пікір • 14 Қыркүйек, 2023

Бүгіннің асыл мұраты

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі заманның ағыны қатты. Біз заман өзгерісіне бейімделіп, көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек.

Бүгіннің асыл мұраты

Жаңалыққа жаны құштар қазақ халқы жаңа технология дәуіріне тозығымен емес, озығымен енуге ниетті. Түптеп келген­де, ешбір шикізат, қазба байлығы ақыл-ой жетістігін алмастыра алмайды. Цифр­ландыру мен инновация­ға, жасанды интел­лектіге көңіл бөлу – міне, біздің ерекше мән беретін дүниеміз! Алпауыт елдер мұны баяғыда түсініп, осы идеяны ұлттық құн­дылық, мемлекет саясатының ажырамас бөлігі деп жариялап та қойды. Бүгінгі таң­да цифрландыру қоғамның барлық құры­лымын қамтыған. Оған құжат айналымы толығымен электронды форматқа көшкен біздің ұлттық университет те нақты мысал бола алады.

Биылғы Жолдауда ерекше назар аударылған мәселенің бірі – білім беру жүйесі. «Әр баланың бақытты балалық шағы болуы керек» деді Мемлекет басшысы. Ол үшін балалардың қауіпсіздігін, сапалы білім алуын қамтамасыз ету қажет. Жоғары білім беру жүйесі нарықтық экономиканы, жұмыс берушілердің мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, қайта құрылуға тиіс. Бұл сөзсіз еңбек нарығына, университет түлектерінің жұмыс­қа орналасуына әсер етеді.

Қазір барлық салада тың мін­деттер мен жаңа талаптар қойылып отыр. За­ман көшіне ілесіп, алға ұмтылу үшін сана­­ның ашықтығын қамтама­сыз ету қажет. Бұл мәселенің шеші­мін Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасынан табамыз. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда то­лық боласың елден бөлек» деп дана ақын­­ның өзі айтқандай, жастарымызды білім­ді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсы­лыққа ұм­тылатын адам ретінде тәрбиелеу – осы күннің асыл мұраты. Сондықтан Абай­дың сөздері – Әді­летті Қазақстан құруға ұм­тылған ел үшін әрқашан жол көр­сетуші темірқазық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап көрсеткен «Адал азамат» ұғы­мы да – Әділетті Қазақстанның ар­қауы. Ал ел дамуына серпін бере­тін құжаттың өзегі ең алдымен адами капитал екенін естен шығармағанымыз абзал.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің ректоры