Жаңалыққа жаны құштар қазақ халқы жаңа технология дәуіріне тозығымен емес, озығымен енуге ниетті. Түптеп келгенде, ешбір шикізат, қазба байлығы ақыл-ой жетістігін алмастыра алмайды. Цифрландыру мен инновацияға, жасанды интеллектіге көңіл бөлу – міне, біздің ерекше мән беретін дүниеміз! Алпауыт елдер мұны баяғыда түсініп, осы идеяны ұлттық құндылық, мемлекет саясатының ажырамас бөлігі деп жариялап та қойды. Бүгінгі таңда цифрландыру қоғамның барлық құрылымын қамтыған. Оған құжат айналымы толығымен электронды форматқа көшкен біздің ұлттық университет те нақты мысал бола алады.
Биылғы Жолдауда ерекше назар аударылған мәселенің бірі – білім беру жүйесі. «Әр баланың бақытты балалық шағы болуы керек» деді Мемлекет басшысы. Ол үшін балалардың қауіпсіздігін, сапалы білім алуын қамтамасыз ету қажет. Жоғары білім беру жүйесі нарықтық экономиканы, жұмыс берушілердің мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, қайта құрылуға тиіс. Бұл сөзсіз еңбек нарығына, университет түлектерінің жұмысқа орналасуына әсер етеді.
Қазір барлық салада тың міндеттер мен жаңа талаптар қойылып отыр. Заман көшіне ілесіп, алға ұмтылу үшін сананың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасынан табамыз. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, жастарымызды білімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам ретінде тәрбиелеу – осы күннің асыл мұраты. Сондықтан Абайдың сөздері – Әділетті Қазақстан құруға ұмтылған ел үшін әрқашан жол көрсетуші темірқазық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап көрсеткен «Адал азамат» ұғымы да – Әділетті Қазақстанның арқауы. Ал ел дамуына серпін беретін құжаттың өзегі ең алдымен адами капитал екенін естен шығармағанымыз абзал.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің ректоры