Суретті түсірген – Юрий Беккер
Жиын барысында ұзақ жылдар білім және ғылым саласында еңбек етіп, өнегелі із қалдырған айтулы тұлға жөнінде естеліктер айтылды.
2021 жылы 15 шілдеде дүниеден озған академик Ә.Дербісәліге құтты мекен болған Алматы қаласы Әл-Фараби даңғылындағы 47-үй қабырғасына ескерткіш-белгі орнатылуы игілікті іс дер едік. Мұнда ғалымның Отырар даласынан шыққан 33 Әл-Фараби туралы құнды зерттеулері жазылды.
Жиынды ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы ғалымның кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқанын, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып, халқының жадында мәңгілік сақталатынын айтты. «Ғұмырын ғылым мен білімге, діни ағарту саласына арнаған Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған 10 жылдан астам уақыт аралығында мүфтияттың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге көтерді. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибратты шығармалар өз оқырмандарын ізгілік пен ізденіске, имандылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз», деді Бас мүфти.
Осы жиынға қатысқан ғалым Мансұр Зұлхайыров Ә.Дербісәлі қайраткерлігін саралап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де араб бөлімі мен шығыс тілдер кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі әрі деканы болғанын еске түсірді. «Оның басшылығымен республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары бойынша кафедралар ұйымдастырылды. Сөйтіп, республика өте зәру шығыстану саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене атсалысты. Әбсаттар Дербісәлі қаламынан араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың хадис-шәріптері туралы 600-ден аса мән-маңызы жоғары ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер туған. Арабтілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шықты. Ол тек КСРО ғана емес, сол елдің өзінде де жазылған жоқ еді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлпытастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде туындатқан, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың X-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһанад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Тарази, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи тәрізді 100-ге жуық ғалым-ойшылдарын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізді» деді ол.
Салтанатты жиында марқұмның жұбайы, артында қалған мұрасының шырақшысы Рафия Дербісәлі осы іс-шараны ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығын білдіре келіп, «Бүгін отбасымызда қуанышты, тарихи оқиға болып жатыр. Әбекеңе арнап ескерткіш-белгі орнатылды. Әбекеңнің өмірі – елдікі, халықтікі, өлімі ғана өзінікі болды. Жас күнінен бастап өмірін ғылымға арнады. Көзі тірісінде еңбектері арқылы өзіне ескерткіш орнатып кетті. Қазақ арасына исламның халыққа жақын классикалық түрін қалыптастырды, исламды жат ағымдардан арашалап алуға көп еңбек сіңірді. Ойламаған жерден кетіп қалды. Ойға алған жоспарлары көп еді. Ендігісі – шәкірттеріне аманат десе, әріптестері мен шәкірттері ғалымның ерен еңбегі жөнінде естеліктерін жеткізді.
АЛМАТЫ