Футбол • 25 Қыркүйек, 2023

Жүздіктің қатарындамыз

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары отандық футболшылардың жасыл алаңдағы ойыны ғана емес, әлемдік рейтингтегі жағдайы да уақыт өте жақсарып келе жатқаны қуантады. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жерлестеріміз Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының (ФИФА) рейтингінде 122-орынды қанағат тұтып жүрген болса, жуырда ғана жарияланған жаңа кестеде 100-орыннан көрінді.

Жүздіктің қатарындамыз

Әрине, бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының ФИФА мүшелігіне енген 1994 жылдан бергі ең үздік көрсеткіші емес. Ұлттық құраманың ФИФА рейтингіндегі статистикасына көз жүгіртер болсақ, 2001 жылы жерлестеріміз УЕФА құрамына өтпей тұрып рейтингте 97-орынға дейін көтеріліп, өзіндік рекорд орнатқан болса, араға 15 жыл салып 2016 жылы 83-орынға дейін көтерілген еді. Сол жылы отандық маман Талғат Байсуфинов құрама тізгінін ұстаған уақытта отандастарымыз тәуір ойынымен жанкүйерлердің қуанышына бөленіп, өз жерімізде азулы Польша құрамасымен 2:2 есебімен тең ойнағаннан кейін рейтингте бірден 13 саты жоғарылап, 83-орыннан көрінген еді.

Биыл жыл соңына дейін жерлес­теріміз ФИФА рейтингіндегі өз рекордын жаңарта алмас. Өйткені жаңа жылға дейін ұлттық құраманың санаулы ойындары қалды. Егер келесі жылы да ұлттық құрама футболшылары дәл осылай өнер көрсететін болса, онда нәтижемізді жақсартуға мол мүмкіндігіміз болады.

Жуырда ғана жарияланған ФИФА рейтингіне назар аударатын болсақ, әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған алғашқы ондықта да аздаған өзгерістер орын алғанын байқаймыз. Мәселен, 2016 жылғы Еуропа чемпиондары Португалия сегізінші орын­ға көтеріліп, Қарт құрлық бірін­шілігінің ең кейінгі жеңімпазы Ита­лияны (2021) тоғызыншы орынға ығыс­тырды. Ал үздік үштік бұл жо­лы да өзгеріссіз қалды. Рейтингтің кө­шін былтырғы әлем чемпиондары Аргентина құрамасы бастап тұрған болса, екінші орынға Франция футболшылары, үшінші сатыға Бразилия құрамасы жайғасқан.

Еуропа чемпионатының биыл­ғы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрама­сымен бір топта өнер көрсетіп жатқан құрамаларға тоқталар болсақ, әзірге біздің топтағы ең үздік нәтиже Дания құрамасына тиесілі. Олар 1606.84 ұпаймен 18-орында тұр. Кейінгі саты­ларға Финляндия (54-орын), Словения (59), Солтүстік Ирландия (74) және Сан-Марино (207) футболшылары орналасқан.

Қазақстан құрамасы қыркү­йек айында Еуро-2024 іріктеу ке­зеңі аясында екі ойын өткізіп, алғашқысында Финляндияға есе жіберсе (0:1), екінші ойында Сол­түстік Ирландиядан 1:0 есебімен ба­сым түскен еді. Сол нәтижесінің арқасында жерлестеріміз рейтингте қосымша 9 ұпайға ие болып, жалпы 1206.94 ұпаймен 100-орынға көтеріліп алды. Бұған дейінгі рейтингте жерлестеріміз 104-сатыға ор­наласқан еді.

Айта кетейік, отандастарымыз іріктеу бәсекелерінің алғашқы алты тур ойындарынан кейін ел футболы тарихындағы рекордтық 12 ұпайды жинап, қосымша көрсеткіштер бойын­ша Финляндиядан (12 ұпай) кейінгі төртінші орынға жайғасты. Словения мен Дания құрамала­ры көш бастап тұр (әрқайсысында 13 ұпайдан). Қазақстан құрамасы Еуро-2024 ірік­теу кезеңіндегі келесі екі матчын сырт алаңда өткізеді. Магомед Адиев шә­кірттері 14 қазан­да Даниямен, 17 қазанда Финлян­дия құрамаларымен кездеседі.