Әрине, бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының ФИФА мүшелігіне енген 1994 жылдан бергі ең үздік көрсеткіші емес. Ұлттық құраманың ФИФА рейтингіндегі статистикасына көз жүгіртер болсақ, 2001 жылы жерлестеріміз УЕФА құрамына өтпей тұрып рейтингте 97-орынға дейін көтеріліп, өзіндік рекорд орнатқан болса, араға 15 жыл салып 2016 жылы 83-орынға дейін көтерілген еді. Сол жылы отандық маман Талғат Байсуфинов құрама тізгінін ұстаған уақытта отандастарымыз тәуір ойынымен жанкүйерлердің қуанышына бөленіп, өз жерімізде азулы Польша құрамасымен 2:2 есебімен тең ойнағаннан кейін рейтингте бірден 13 саты жоғарылап, 83-орыннан көрінген еді.
Биыл жыл соңына дейін жерлестеріміз ФИФА рейтингіндегі өз рекордын жаңарта алмас. Өйткені жаңа жылға дейін ұлттық құраманың санаулы ойындары қалды. Егер келесі жылы да ұлттық құрама футболшылары дәл осылай өнер көрсететін болса, онда нәтижемізді жақсартуға мол мүмкіндігіміз болады.
Жуырда ғана жарияланған ФИФА рейтингіне назар аударатын болсақ, әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған алғашқы ондықта да аздаған өзгерістер орын алғанын байқаймыз. Мәселен, 2016 жылғы Еуропа чемпиондары Португалия сегізінші орынға көтеріліп, Қарт құрлық біріншілігінің ең кейінгі жеңімпазы Италияны (2021) тоғызыншы орынға ығыстырды. Ал үздік үштік бұл жолы да өзгеріссіз қалды. Рейтингтің көшін былтырғы әлем чемпиондары Аргентина құрамасы бастап тұрған болса, екінші орынға Франция футболшылары, үшінші сатыға Бразилия құрамасы жайғасқан.
Еуропа чемпионатының биылғы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен бір топта өнер көрсетіп жатқан құрамаларға тоқталар болсақ, әзірге біздің топтағы ең үздік нәтиже Дания құрамасына тиесілі. Олар 1606.84 ұпаймен 18-орында тұр. Кейінгі сатыларға Финляндия (54-орын), Словения (59), Солтүстік Ирландия (74) және Сан-Марино (207) футболшылары орналасқан.
Қазақстан құрамасы қыркүйек айында Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында екі ойын өткізіп, алғашқысында Финляндияға есе жіберсе (0:1), екінші ойында Солтүстік Ирландиядан 1:0 есебімен басым түскен еді. Сол нәтижесінің арқасында жерлестеріміз рейтингте қосымша 9 ұпайға ие болып, жалпы 1206.94 ұпаймен 100-орынға көтеріліп алды. Бұған дейінгі рейтингте жерлестеріміз 104-сатыға орналасқан еді.
Айта кетейік, отандастарымыз іріктеу бәсекелерінің алғашқы алты тур ойындарынан кейін ел футболы тарихындағы рекордтық 12 ұпайды жинап, қосымша көрсеткіштер бойынша Финляндиядан (12 ұпай) кейінгі төртінші орынға жайғасты. Словения мен Дания құрамалары көш бастап тұр (әрқайсысында 13 ұпайдан). Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі келесі екі матчын сырт алаңда өткізеді. Магомед Адиев шәкірттері 14 қазанда Даниямен, 17 қазанда Финляндия құрамаларымен кездеседі.