Еңбек • 24 Қыркүйек, 2023

Басты мақсат – жұмысшы құқығын қорғау

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының құрылтай жиналысы өтті. Жиын қорытындысы бойынша ұйымның бас хатшысы болып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланды.

Басты мақсат – жұмысшы құқығын қорғау

Естеріңізге сала кетейік, биыл 29 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстанның ұлттық кәсіподақтар орталықтары Түркі мемлекет­терінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойған еді.

Екі айдан кейін Самарқандта ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері жаңа интеграциялық бірлестіктің негізгі институттарын бекіту, оның басшылығын сайлау және ұйымға жаңа мүшені қабылдау мақсатында жиналды. Берілген өтінішке сәйкес жаңа халықаралық кәсіподақтар бірлестігінің бесінші мүшесі – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы болды.

Құрылтай отырысына қатысқан Қазақ­стан, Әзербайжан, Түркия, Өзбек­стан, Қыр­ғызстан кәсіподақтары феде­рацияларының басшылары Түркі мем­ле­кеттерінің кәсіподақ­тар ұйымының Жарғы­сын мақұлдап, ұйым кең­е­сін бекітті және басшы­ларды сайлады. Ұйым президенті болып Қуд­р­атилла Рафиков (Өз­бекстан), вице-пре­зи­дент болып Саттар Мех­балиев (Әзер­байжан), Түркі мемлекеттері кәсіп­одақ­тар ұйымының бас хатшысы болып ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ұйым­­ның тексеру комиссиясының төрағасы бо­­лып Омор Арстанбеков (Қырғызстан) сайланды.

Сатыбалды Дәулеталин өзінің құттықтау сөзінде Түркі халықтары тамырларының ортақ­тығын, алты түркітілдес мемлекеттің жал­­пы ауданы 4,73 млн шаршы км және жалпы халқы шамамен 170 млн адамды құрайты­нын атап өтті. Оның айтуынша, түркі елдерінің әлемдегі өкілдігі мен дауыс беру құқығы жоғары.

«Өткен жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің орнына жаңадан құрылған Түркі мемлекеттері ұйымының бірінші саммиті өтті. «Түркі әлемі-2040» тұжырымдамасында осы кеңістіктегі елдер арасында Еркін сауда аймағын құруды, капи­тал­дың, тауарлардың, сервистің, қыз­меттер­дің және адамдардың еркін қозғал­ысы бола­тын Еуропалық одақтың өзіндік үлгісін көрсе­те­тін стратегиялық ұзақмерзімді мақсат­тар белгіленді. Осы тұрғыда Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру ерекше маңызға ие. Біз кәсіподақтарды жаңғырту және дамыту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әділеттілік қағидаттарын, Еңбек адамының игілігі үшін Жаңа әлеу­меттік келісімшарттың ережелерін ілгері­лету жөніндегі күш-жігерімізді біріктіруі­міз қажет. Жаңа құрылымның басты мақ­саты – мемлекеттеріміздің 48 миллион жұ­мыс­шысының әлеуметтік – еңбек, кәсіп­тік, экономикалық құқықтары мен мүдде­лерін қорғау жөніндегі іс-қимылдарды шоғыр­ландыру», деді С.Дәулеталин. Оның айтуынша, Түркі елдері кәсіподақтарының көпжақты ынтымақтастығы туралы біртұтас көзқарас қалыптастыру, бірлікті нығайту өте маңызды.

Отырысқа қатысушылар осы жылдың 29 қарашасында Анкарада орналасқан штаб-пәтерде Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының бірінші съезін өткізу туралы шешім қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024