Естеріңізге сала кетейік, биыл 29 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстанның ұлттық кәсіподақтар орталықтары Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойған еді.
Екі айдан кейін Самарқандта ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері жаңа интеграциялық бірлестіктің негізгі институттарын бекіту, оның басшылығын сайлау және ұйымға жаңа мүшені қабылдау мақсатында жиналды. Берілген өтінішке сәйкес жаңа халықаралық кәсіподақтар бірлестігінің бесінші мүшесі – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы болды.
Құрылтай отырысына қатысқан Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан кәсіподақтары федерацияларының басшылары Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Жарғысын мақұлдап, ұйым кеңесін бекітті және басшыларды сайлады. Ұйым президенті болып Қудратилла Рафиков (Өзбекстан), вице-президент болып Саттар Мехбалиев (Әзербайжан), Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының бас хатшысы болып ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ұйымның тексеру комиссиясының төрағасы болып Омор Арстанбеков (Қырғызстан) сайланды.
Сатыбалды Дәулеталин өзінің құттықтау сөзінде Түркі халықтары тамырларының ортақтығын, алты түркітілдес мемлекеттің жалпы ауданы 4,73 млн шаршы км және жалпы халқы шамамен 170 млн адамды құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, түркі елдерінің әлемдегі өкілдігі мен дауыс беру құқығы жоғары.
«Өткен жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің орнына жаңадан құрылған Түркі мемлекеттері ұйымының бірінші саммиті өтті. «Түркі әлемі-2040» тұжырымдамасында осы кеңістіктегі елдер арасында Еркін сауда аймағын құруды, капиталдың, тауарлардың, сервистің, қызметтердің және адамдардың еркін қозғалысы болатын Еуропалық одақтың өзіндік үлгісін көрсететін стратегиялық ұзақмерзімді мақсаттар белгіленді. Осы тұрғыда Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру ерекше маңызға ие. Біз кәсіподақтарды жаңғырту және дамыту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әділеттілік қағидаттарын, Еңбек адамының игілігі үшін Жаңа әлеуметтік келісімшарттың ережелерін ілгерілету жөніндегі күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Жаңа құрылымның басты мақсаты – мемлекеттеріміздің 48 миллион жұмысшысының әлеуметтік – еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-қимылдарды шоғырландыру», деді С.Дәулеталин. Оның айтуынша, Түркі елдері кәсіподақтарының көпжақты ынтымақтастығы туралы біртұтас көзқарас қалыптастыру, бірлікті нығайту өте маңызды.
Отырысқа қатысушылар осы жылдың 29 қарашасында Анкарада орналасқан штаб-пәтерде Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының бірінші съезін өткізу туралы шешім қабылдады.