
Осыдан 26 жыл бұрын атаулы күнде отбасының қуанышын еселей түскен жанның бірі – Жеңіс Жоламанұлы. Қос мерекені бөліп жармай қатар тойлау оның бала кезгі әдеті. Бүгінде Жеңіс Атырау облысы ТЖД қалалық №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі қызметін атқарады. Өмірдегі жетістіктері, биік мақсаттары атына тікелей байланысты екенін айтады кейіпкеріміз.
– Махамбет ауданы Сарайшық ауылының тумасымын. Атам бұл есімді маған батырлықтың, табандылықтың, жігер мен рухтың белгісі ретінде аманат етті. Есейіп, ер жеткен соң оның мән-маңызын тереңінен түсіне бастадым. Бұл – бір жағынан еркіндік жолында жанын қиған майдангерлерге деген мәңгілік тағзымның көрінісі. Екіншіден, атыма сай жауапкершілік жүгі. Сол себепті қай салада еңбек етсем де, қай істі қолға алсам да алдыма мақсат қойып, табандылықпен жетуге тырысамын, – деді Ж.Жоламанұлы.
22 жастағы Жеңісгүл Қосанның да есімі өмірлік ұстанымын айқындаған. Әулет болып ақылдасып, марқұм атасы Жеңіс күнінің құрметіне «Жеңіс», ал өмірде гүлдей жайнап жүрсін деген ниетте «гүл» тіркесін жалғап, азан шақырып қойған.
– Қазақ ырымшыл келеді. Кешегі өткен ата-бабаларымыз да сәбиге есім беруде жүз ойланып, мың толғанып барып, бір тоқтамға келген. Өйткені баланың аты тағдырына әсер ететін тылсым күш деп бағалаған. Сондықтан дана халық перзентіне қол бастаған батырдың, сөз бастаған шешеннің, ел бастаған бидің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың есімін қоюға тырысады. Ал менің атам рух пен жігердің символы ретінде Жеңісгүл деп қойды. Тарихқа көз жүгіртсек, сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салып, кейінгі ұрпаққа ауыр сабақ қалдырды. Сол сұмдық кезеңде тылда қалған халық, үйдегі әйел, бала-шаға да азапты күндерді бастан кешіп, майдангерлерге қолдау көрсету үшін бар күш-жігерін жұмсады. Міне, сол жылдардың өткеніне 80 жыл толды. Осыған орай, Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Тасшалқар ауылындағы мектепте «Ерлікке тағзым» тақырыбында оқушыларыма сынып сағатын өткіздім. Осылайша ардагерлеріміздің ерен ерлігін өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп, олардың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рух оятуға шынайы ықыласпен атсалыстым, – деді Ж.Қосан.
Ұлттық статистика бюросы берген дерекке сүйенсек, бүгінде елімізде нақты Жеңіс есімімен 3 300 азамат тіркелген. Ал «-нұр», «-хан», «-ғали», «-келді», «-бек» сынды неше түрлі тіркестері бар барлығы 15 116 адам бар. Сондай-ақ Победа деген есіммен 21 адам өмір сүріп жатыр.
Халық қаһарманы, аты аңызға айналған баһадүр Бауыржан Момышұлының құрметіне 43 534 отандасымызға Бауыржан есімі берілген. Ал ерлігімен ел есінде қалған Рақымжан атын 1 078, Қасым атын 3 938 отандасымыз иеленген.
Қазақтың қаһарман қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдері де ұлт жүрегінде. Бүгінде республика аумағында Әлиялардың саны 66 мыңнан асып жығылады. Ал Мәншүк атты 1 173 қыз-келіншек бар. Сол бір отты жылдардан есімі ұрпаққа аңыз боп жеткендердің қатарында Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Хиуаз Доспанова да бар.